Жамбыл облысында әскери бөлім басшысы майор шенінен айырылды
2019 ж. 23 желтоқсан
2523
0
Жамбыл облысының Рысқұлов ауданында алаяқтық жасағаны үшін қорғаныс істері жөніндегі бөлім басшысы сотталды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне сілтеме жасап.
"Жамбыл облысының сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі Рысқұлов ауданының қорғаныс істері жөніндегі бөлім басшысы, майор К.Д. Мингбаевқа қатысты тергеу жұмыстарын аяқтады. Ол белгіленген жасқа жеткен жігітке әскери есепке тұрғаны туралы анықтама мен әскери билет беруге жәрдем көрсеткені үшін күдікті болған", - делінген хабарламада.
20 желтоқсанда Шымкент гарнизоны әскери сотының үкімімен Қ.Д. Мыңғбаев алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған 350 мың теңге көлемінде айыппұл салынды. Ол сондай-ақ, өмір бойына мемлекеттік қызмет атқару құқығынан және майор әскери шенінен айырылды.