Ұлттық кеңес қоғамның сенімін ақтай алатынын дәлелдеді - Қасым-Жомарт Тоқаев
2019 ж. 20 желтоқсан
2091
0
Ұлттық кеңес қоғамның сенімін ақтай алатынын дәлелдеді. Бұл туралы бүгін Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің екінші отырысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Ұлттық кеңестің хатшылығы маған есеп беріп отыр. Бұл ретте биліктің диалог орнатуға және реформа жасауға мүдделі екеніне ешкімнің күмәні жоқ деп ойлаймын. Сіздердің көпшілігіңізбен жеке кездестім. Ұсыныстарыңызды, бастамаларыңызды мұқият қарастырып, бірқатар өзекті мәселелер жөнінде пікір алмастық», - деп атап өтті Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті Ұлттық кеңес мүшелері жұмыс барысында қызу пікірталасқа түсіп, маңызды жағдайларды талқылағанын атап өтті.
«Соның барысында атап өтуі керек, бірқатар түйткілді мәселе бойынша ортақ ұстанымға келдік. Бұл демократияны нығайтуға және қоғамның биілкке деген сенімін арттыруға үлкен серпін беретін жұмыс деп санаймын. Біздің тәжірибеміз халықаралық ұйымдар тарапынан жоғары бағаланып отыр. Көпшілік оны жауапты әрі сындарлы диалогтың үлгісі ретінде қабылдады. Ең бастысы ұлттық кеңес қоғамның сенімін ақтай алатынын дәлелді. Мұның тағы бір маңызды қыры бар. Біз сындарлы диалог арқылы жаңа саяси мәдениеттің негізін қалыптастырып жатырмыз. Соның арқасында саналуан пікірлер мен балама көзқарастар, сындарлы ұстаным, жауапкершілік сияқты құндылықтар алдыңғы қатарға шығады», - деді Мемлекет басшысы.