Президент: Кез-келген елдің табысы өз азаматтарының жекелеген жетістіктерінен құралады
2019 ж. 11 желтоқсан
1950
1
Мемлекет басшысы өз сөзінде Тәуелсіздік күні қарсаңында жастармен кездесуінің маңызды екенін атап өтті.
– Біз үшін бұдан асқан қастерлі әрі маңызды мереке жоқ. Тәуелсіздігімізді нығайтып, елімізді одан әрі өркендету – қазіргі ұрпақтың қасиетті борышы. Сондықтан біз сіздерге зор үміт артамыз. Мемлекетіміздің келешегі – өздеріңіз! Бүгінгі жастар – еліміздің ертеңі, ұлтымыздың болашағы, мемлекетіміздің мәртебесі. Ұрпағын аялай білген халық іргелі жұртқа айналатыны белгілі. Біз халқымызды әлемге танытқан ең асыл қасиеттерді сіздердің бойларыңыздан көргіміз келеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің айтуынша, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен өткен Жастар жылында мемлекеттік органдар өскелең ұрпақты қолдау мақсатында көптеген жұмыс атқарған, бірнеше бағыттар бойынша жобалар іске асқан, оның ішінде, баспанамен және жұмыспен қамту, сапалы әрі қолжетімді білім беру ісі қолға алынған.
– Еліміздің ірі қалаларында жұмысшы жастарға 9 мың пәтер беру туралы шешім қабылданды. Оны жалға алу құны айына 15 мың теңге ғана болады. Биыл 5 мың азамат мемлекеттен грант алып, жас кәсіпкер атанды. Алдағы үш жыл ішінде олардың саны 30 мыңға дейін көбейеді. Бұдан бөлек 10 мың жас бизнесмен шағын несиенің арқасында өз өндірісін кеңейтті. Соның басым көпшілігі аудан және ауыл тұрғындарына арналды, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев жастардың назарын олар үшін ашылып жатқан жаңа перспективаларға, жас буынның әлемдегі алдыңғы қатарлы университеттерде білім алу мүмкіндіктеріне аударды. Сондай-ақ жастарды жетекші технологиялық компанияларда жұмыс істеуге, өз жобаларын озық ғылыми орталықтарда жүзеге асыруға шақырды.
– Кез келген елдің табысы өз азаматтарының жекелеген жетістіктерінен құралады. Егер әрқайсысыңыз алдарыңызға қойған мақсатқа қол жеткізіп, өз қабілеттеріңізді арттырсаңыздар, мемлекет те табысты болады. Бүгінгідей жоғары бәсекеге қабілетті әлемде ешкім туғаннан табысты бола алмайды және оған кепілдік те берілмейді. Ол үшін үнемі еңбектену керек, ең алдымен, өз-өзіңді дамытуың қажет, – деді Мемлекет басшысы.
Президент жастарды қолдау жөнінде бірыңғай кешенді бағдарлама жасау қажеттігін айтты.
– Бірыңғай бағдарлама өскелең ұрпақтың өзекті проблемаларын шешуге бағытталады. Ең бастысы, оның механизмі жастарымыз үшін қарапайым әрі түсінікті болуы тиіс. Жеке және кәсіби тұрғыдан өсу, жұмысқа орналасу немесе тұрғын үй алу үшін Қазақстанның қай жерінде, қандай мүмкіндіктер бар екенін әркім білуге тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазақстан Президенті білім беру сапасы мен қол жетімділігін арттыру ісін негізгі міндеттердің бірі ретінде көрсетті. Мемлекет басшысы диплом басып шығаратын және тарататын мекемеге айналған жоғары оқу орындарына қатысты шара қабылдау қажеттігін талап етті. Сонымен қатар Президент Үкіметке жоғары оқу орындары мен колледж студенттерінің стипендиясын көтеруді тапсырды.
– Жоғары оқу орындары студенттерінің стипендиясын арттыру өзекті мәселелердің бірі екенін білемін. Бұл мәселеге көңіл бөлінбей қалды. 2016 жылдан бері стипендия көбейген жоқ. Сондықтан студенттерді қолдау үшін 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап бакалавриат, магистратура мен докторантурада оқитын студенттердің стипендиясын 25 пайызға өсіру жөнінде шешім қабылдадым. Бұл жалпы 130 мыңға жуық адамды қамтиды. Мұндай қолдау колледж студенттеріне де көрсетілетін болады, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы Волонтер жылының міндеттері туралы айта келіп, бірнеше негізгі бағыттарға назар аударуды ұсынды.
«Сабақтастық» жобасы аясында еріктілер балалар үйінің тәрбиеленушілерін өз қамқорлықтарына ала алады. «Саулық» бағыты бойынша медициналық волонтерлік дамиды, олар ауырған адамдарға жәрдем көрсетеді. «Таза әлем» жобасы қоршаған ортаны қорғауға бағытталған. «Асыл Мұра» бағыты еріктілерді материалдық және рухани, мәдени-тарихи мұраларды сақтау жұмыстарына тартады. «Қамқор» бастамасы қарттар үйіндегі еріктілер жұмысын қамтамасыз етеді. «Білім» жобасы ауыл мектептеріндегі жоғары сынып оқушыларын ҰБТ-ға дайындау жұмыстарына, ағылшын тілін үйретіп, компьютерлік сауаттылықты жетілдіруге көмектеседі. «Үміт» жобасы бойынша еріктілер Екінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңістің 75 жылдығы аясында отандастарымыздың ерлігін баяндайтын құжаттарды іздестірумен айналысады.
Президент волонтерлікті ұлттық масштабта ғана емес, әрбір қала мен ауылда дамыту керек деп санайды. Сонымен қатар ұжымдық волонтерлікті өркендетуге мемлекеттік аппаратты да, ұлттық және ірі компанияларды да атсалысуға шақырды.
– Дана халқымыз «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген. Қайырымдылық пен мейірімділік – қанымызға сіңген қасиет. Қазақта асар жасап, бір-біріне көмектесіп, қолдау көрсету дәстүрі бар. Оның волонтерлікпен үндесетіні сөзсіз. Сондықтан алдағы жылы сол дәстүрді заманға сай қайта жаңғыртуымыз қажет, – деді Мемлекет басшысы.
Шара соңында Қасым-Жомарт Тоқаев жастардың белсенді өкілдерін мемлекеттік наградалармен және алғыс хаттарымен марапаттады. Сондай-ақ ЭКСПО аумағында ашылған «ArtHUB» шығармашылық бастамалар орталығының жобаларымен танысты.