ИМАНҒАЛИ - ПАЙҒАМБАР ЖАСТАҒЫ ПАРАСАТКЕР
2019 ж. 10 желтоқсан
10956
53
АДАЛ ДОС
Жақында, осыдан тура он күн бұрын қазақтың белгілі кино және театр тарланы, Қазақстанның Халық әртісі Талғат Теменнің 65 жасқа толу тойына досы Иманғали Тасмағамбетов Мәскеуден арнайы ат арытып жетті. Әрине, әдеттегідей Тәкеңнің тойында қазақтың игі жақсылары аз болған жоқ. Екі президенттің құттықтауы оқылды. Мәдениет министрі Ақтоты Райымқұлова мен Астана мэрі Алтай Көлгінов бастаған бірқатар шенеуніктер қатысты. Елдің бәрінің ең алдымен күткені - қазақтың саңлақ саясаткері, руханиятқа қамқор рухы биік қайраткері, бүгінде орман орыстың елінде, Мәскеуде Қазақтың сөзін ұстап отырған мәртебелі Елшіміз Иманғали Тасмағамбетов еді!..
"Едігеден бастасам, Ертегіге кетермін"- дегендей, Имекеңе келгенде іркілмейтіндердің қатарындамыз біз де... Әсем мейрамханаға асықпай кіріп келе жатсам, құрметті қонақтардың бәрін құшақ жая қарсы алып тұрған Талғат Темен: "Ой, сені Иманғали ағаң сұрап жатыр, "келді ме?"-деп іздеуде, барғын" -деді. Салтанаты келіскен сарайдың атшаптырым айшықты залына кірсем, Имекең бір топ адамның ортасында тұр екен. Ел де Имекеңді ерекше ықыласпен іздесе, ағамыз да бауырларын сағынып қалыпты. Кең құшағын жайып, арқамыздан қағып, жағдайымызды сұрап, жанымызды жадыратып, жалымызды биіктетіп жіберді демде. Тойдағы елдің күткені де Имекеңнің сөзі болды. Дикторларыңның өзі қызығатын саңқылдаған қазақы бояуы қанық қоңыр дауыс, қиядан шапқан, қисынын тапқан толғауы тоқсан шешендік, тереңнен тартқан көсемдік пен кенен ойлы кеңқұлаш кемелдік қатар қанат қаққанда тыңдаушыны да тыңға тарта жөнеледі.
Мерейтой иесі Талғат Теменге тілек арнағандардың барлығы да Имекеңе соқпай кеткен жоқ. Біз де той иесін құттықтап, "Ақ жол" партиясының "Қазақ хандығына 550 жыл" күміс медалын тапсырып, арнаған жырымызды оқып бердік. Әрине, "қолымызға түсіп қалған" Имекең туралы да ізгі лебізімізді білдіріп өттік...
Той арасындағы үзілісте де Имекеңмен біраз әңгіменің басын қайырдық. Жалпы, Имекеңді әр тыңдаған сайын әлденіп, тың ойларға нәрленіп, ойға шуақ, бойға қуат алып шыға келесің.
Имекеңнің әншілігінің өзі өз алдына бір төбе. Анау жылы интернеттен Имекеңнің әйгілі "Дос керек" деген әнін іздегенде "Сіз миллионыншы тыңдаушысыз" деген жауап келді. Мен қуанып кетіп: "Саңлақ саясаткердің сазды әні немесе Миллионыншы тыңдаушы болғаныма қуандым" деген әсерлі жазба жазып едім, бүгінде оны 125 мыңдай адам оқып, жүздеген пікір жазылыпты. Имекеңнің бұл әнді орындауы да тегін емес. Имекеңнің әдебиет пен өнер тарландары Талғат Темен, Ұлықбек Есдәулет, Төлеген Мұхамеджан, Досхан Жолжақсын, Есенғали Раушан және т.б. азаматтармен адал достықтары елге үлгі боларлықтай.
ҰЛТТЫҚ ҚАЙРАТКЕР
Премьер-министр, Мемлекеттік хатшы, Президент Әкімшілігі басшысы, бірнеше рет вице-премьер, Білім министрі, Қорғаныс министрі, екі астана мен Атырау облысының әкімі болған Имекең қайда істесе де, жарқын қолтаңба, айқын із қалдырып отырды. Тек Ұлттық мүдде тұрғысынан идеологиялық қазық болар қадау-қадау бастамаларының бірнешеуін ғана айтсақ та жеткілікті.
2000 жылы Иманғали Тасмағамбетовтың басқаруымен тарихшылар Моңғолияға сапар шегіп, әйгілі баға жетпес тарихи ескерткішіміз -Күлтегін тасын елге әкелуі ұлт рухын көтеріп кеткен Рухани серпіліс болды.
Бұйда бiлмес бурадайын, Бұрқыраған жыр кенiн, Селдей аққан сезiмiмдi Ендi қалай iркемiн… Салыстырса менiменен кiм тегiн – Күллi әлемге куә болар Күлтегiн!
Ерлiк жырын жерге жазса Желден жүйрiк тұлпарының тұяғы, Одан да ұшқыр ұлы түркi қиялы. Тасқа тарих тастап кеткен Қаныменен алмастырып сияны…
Көк астында көлбеп жатқан Ұлы дала жазығы. Өр намыспен суарылса Көкбeрiнiң азуы, Қара тасқа қаққан сына жазуы – Ең алғашқы Өркениет қазығы!..-
деп, шабытымыз шалқып, "Күлтегін күмбірі" атты жыр жазғанбыз сол кезде. Кейін бұл өлеңіміз мектептегі "Қазақ әдебиеті" хрестоматиясы оқулығына енгенін айтып жатты ел.
"Алматы қазақшаланбай - Қазақстан қазақшаланбайды" , "Қазақ тілі -халықтың жаны! Тіл бар жерде Қазақ бар! Тіл жоқ жерде -Қазақ жоқ! Бітті! Бұдан басқа формула жоқ!", "Балабақшаның барлығы қазақ тілінде болуы тиіс!" Осындай маңызы зор қордалы мәселелердің шешімін табатын ордалы ойлар мен баянды бастамалардан-ақ Имекеңнің ұлттық қайраткерлік келбет-кескіні ерекше дараланып шыға келеді. Осы бастамалардың бәрінде оған қарсы шыққандар өзге ұлт өкілдері емес, өзіміздің "өгей" саналылар болды. Олар туралы кезінде жеріне жеткізіп жазғандықтан ("Орыстар Олжасты неге Алжас дейтінін енді түсіндім" 2005 жыл), қазір оған тоқталмай-ақ қояйық.
Ана бір жылы біздің биліктің қаһарына ілінген Виктор Храпунов та шетелдік баспасөзде қарымта қайтарып, Қазақстан билігі басындағылар туралы біраз әңгіменің шетін шығарды. Сонда Иманғали Тасмағамбетовтың да атын атап, сынап кетеді. Әңгіменің ауаны мынау: Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев, Иманғали Тасмағамбетов және Виктор Храпунов үшеуі отырғанда әңгіме арасында Иманғали Тасмағамбетов еліміздегі жер асты байлығынан Ел мен Жердің иесі - мемлекет құраушы ұлт - қазақтарға үлес беру туралы ойын айтып қалады. Сол кезде Храпунов: "Біз ше, өзге ұлт өкілдері не істейді?"-деп сұрайды. Сонда Имекең еш іркілместен: "Сендер елдеріңе кетесіңдер" деп салыпты. Осы оқиғаны жазған Храпунов "Назарбаев Тасмағамбетовтың бұл сөзіне үндемеді, тыйып тастамады"-деп сынайды. Бұл жерде Храпунов Тасмағамбетовты сынап отыр, ал оның бұл сөзі маған ұнап отыр... Өйткені "Қазаққа болсын" деген қайраткер қазаққа қалай ұнамасын... Өмір шындығы бұл. Бұдан шығар қорытындыны әркім өзі жасай берер, біз баспасөзден оқығанымызды айттық.
ИМАНҒАЛИ - РЕСЕЙДЕ ДЕ ИМАНҒАЛИ
Иманғали Тасмағамбетов кейінгі кездегІ ҚР Үкіметінің вице-премері кезінде "Балабақшаның барлығы қазақ тілінде болуы тиіс!"-деген ұсынысы айтыла салысымен-ақ ұзамай Ресейге елші боп кетті... Біздің жоғарыда отырған орысқұл шенеуніктеріміз өзінің Тәуелсіздік алғанына 30 жылдай болған Қазақ елінде отырып, Қазақ тілінде сөйлемек түгілі, сөйлеу ойына да кірмей, "Қазақ" деген қасиетті ұлт атын айтуға бұрынғы қожайын елінен қорқып, құбыласын Кремльге қарап түзеп, Ресей тілінде сөйлеп жүргені бәрімізге белгілі. Ал Имекеңнің Ресейде Елші болып жүріп-ақ, кез келген жиында Қазақ тілінде сөйлеп жүргені біздің жоғарыда атап өткен орыстілді құлсаналылар үшін бойы түгіл ойы жетпес Биіктік! Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның: "Ұлтқа қызмет ету білімнен емес - мінезден"-дегені осы шығар... Сол кезде біз: «Қазақ үні» ұлттық порталында 9 мамырда жарияланған «Тасмағамбетов РЕСЕЙДЕ де ҚАЗАҚША СӨЙЛЕДІ» атты мақаланы бір тәулікте 50 мыңға жуық оқырман оқыды. Яғни, бір мақаланы бір тәулікте 48 123 оқырманның оқуы – бұл тек қазақ сайттары бойынша ғана емес, бүкіл қазақстандық сайттардың ішінде рекордтық көрсеткіш! Ол үшін әрине, өз елімізде биліктегілер өзге тілде – Ресейдің мемлекеттік тілінде сөйлеп жүргенде, Ресейде елші болып, қызмет атқарып жүріп, Қазақстанның мемлекеттік тілінде сөйлеген, мемлекетшілдігін жарқын істерімен жарқыратып көрсетіп келе жатқан ұлтшыл қайраткеріміз Иманғали Нұрғалиұлына алғыс айтамыз. Ал фейсбуктағы парақшаларымыз бен топтардағы бөлісулер мен комменттерде, лайктарда есеп жоқ. Бұл – елдің елші болып сыртта жұрген сұлтанымыз Иманғали Тасмағамбетов тұлғасына деген зор назары мен ыстық ықыласын білдірсе керек"-деп жаздық. "Иманғали - Ресейде де Иманғали"-деп, шын риза болып, шынайы пікірімізді айттық.
РУХАНИЯТ ҚОЛДАУШЫСЫ - РУХ САРДАРЫ
Атақты Ататүрік, бүгінгі Түркия Республикасының негізін салған Мұстафа Кемалдың өнер адамдары туралы керемет тағылымды сөзі бар. "Біз бәріміз парламент депутаты бола аламыз, министр бола аламыз, тіпті республика президенті де бола аламыз. Бірақ ешқайсысымыз өнер адамы бола алмаймыз. Осылай болғандықтан да өнер адамы біздің емес, біз өнер адамының қолын сүйеміз" дейді дана тұлға. Біздің Имекең Ататүріктің осы сөзін іс жүзінде көрсетіп келеді. Руханияттың Алтын ордасы Алматының тізгінін ұстағанда ең алдымен қолға алғаны әдебиет пен мәдениет және өнер өкілдерінің жағдайын жасау болды. Алматының Жетісу ауданындағы "Құлагер" ықшам ауданынан ақын-жазушылар мен әншілер, суретшілер, жалпы өнер өкілдеріне баспана әперіп, шын мәнінде ықшамаудан өнер Құлагерлерінің мекеніне айналды.
Баяғыдан Алматыда ақындардың баспана зарын тартқаны айықпас мұңға, таусылмас жырға айналып келеді. Дауылпаз ақын Қасымның:
"Берсең бер, бермесең қой баспанаңды, Сонда да тастамаймын астанамды. Өлеңнің уытымен асыраймын, Үйдегі жалғыз шеше, жас баламды" - дегенінен бастап, Қазақ әдебиетінде Баспана тақырыбы бүгінге дейін өз алдына бүтін бір әлем болып келеді.
Ал Имекеңнің игі бастамасымен баспана зарын тартқан қаншама дарындардың басты мәселесі шешіліп, руханият әлеміне қаншама рухты шығармалар қосылды. Бір ғана мысал, дәл сол кезде биыл 50 жылдығы аталып өткен, құйрықты жұлдыздай жарқ етіп өмірден өте шыққан жарқын талант, ақын, сыншы, мәдениеттанушы, ойшыл Әмірхан Балқыбек "Пәтерден пәтерге көшумен шаршадым, елге кетпесем болмайды" деп мұңын шағып отырғанын талай естіген едім. Кейін Имекеңнің игілігінің арқасында баспаналы болған бақытты қаламгерлердің алдыңғы қатарында болды да, Алматыда қалып, өзінің теңіздей терең білімі мен дара дарынының арқасында көпшіліктің жазбақ түгілі оқуға да тісі бата бермейтін туындыларын жазып кетті... Осы Әмірханға биыл қыркүйек айында "Құлагер" ықшамауданындағы үйіне ескерткіш тақта ілінгенде (ықшамаудандағы бірінші ескерткіш тақта болуы керек) Иманғали ағамыздың иманды ісі туралы біз де, өзгелер де зор ризашылықпен айтып жатты...
Негізі Имекеңнің Атырау облысы әкімі кезінде басталған бұл қамал бұзар қайраты Астана қаласының әкімі кезінде де жақсы жалғасын тапты.
Сөйтіп, "Әкемнің ойына келгенмен, қолынан келмейді, әкімнің қолынан келгенмен ойына келмейді" деп жүрген талай дарынның ең басты мәселесі - баспана мәселесі ойына да келетін, қолынан да келетін дара тұлғалы Иманғали Тасмағамбетовтың арқасында шешіліп қалған болатын.
Әрине, Имекеңнің бұл Өнер адамдарына жасаған жақсылығы Алладан қайтар, ал жоғарыдағы кейбіреулерден өзіне кедергі келіп, зияны тиген кезі де аз емес...
Ал Тәуелсіздік алған еліміздің енді ес жиып, етегін жауып жатқан қиын кезеңінде қаламгерлердің жүз кітабын шығарып, "Отырар кітапханасын" тірілткені өз алдына бір әңгіме.
Руханият қолдаушысы - Рух сардары Иманғали Нұрғалиұлының әдебиет пен мәдениетке көрсеткен қамқорлығын айта берсеңіз таусылмас жыр. Біз тек білетінімізді айтып отырмыз.
Имекеңнің табан астында тауып сөйлейтін тапқырлығы да жетеді. Иманғали Тасмағамбетов Алматы қаласы әкімі кезінде Республика сарайында есеп беру жиынында бір орыс кемпір тұрып алып: «Орталық мешіттің қасында тұрамыз, күніне бес рет азан шақырып, мазамызды алады» – деп шағымданады. Сол кезде Имекең бірден: «Егер алтыншы рет азан шақыратын болса, тіке маған айтыңыз, дереу шара қолданамыз» -деп сарт еткізеді. Ел ду-у ете қалады. Азанның 5 рет шақырылатынынан хабары жоқ әлгі кемпір әкімге қайта-қайта рахмет айтып, риза болып кетті. Иә, Имекеңнің осылай қынаптан қылыш суырғандай тіліп түсетін тапқыр да, өткір жауаптары ел аузында жүр.
ИМАНҒАЛИ САЛҒАН ИГІ ЖОЛИманғали Тасмағамбетов Алматыға әкім болғанда "Алматы қазақшаланбай - Қазақстан қазақшаланбайды" деген тарихи сөзін айтты. Сол кезде кімдер қарсы болғанын жоғарыда айттық, талай жаздық та. Кезекті бір журналистермен кездесуінде мен осы сөзіне байланысты сұрақ қойдым, "Алматыны қазақшалау ісі қалай жүруде?"-деп. Имекең сонда біраз жоспарларын айтты да бір мысал келтірді. Алматы қалалық Білім басқармасына басшы тағайындарда, таңдалған үміткер, мамандығы қазақ тіл мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Рахат Шимашева: "Мен орыс тілін білмеймін ғой" деп, басшы болудан бас тартқысы келеді. Сонда Имекең: "Бізге, Алматы қаласы Білім басқармасына, бұл саланы қазақшалау үшін орыс тілін білмейтін сен секілді қазақ тілінің маманы керек"-деп, тағайындайды. "Орыс тілін білмеймін" деп, басшылықтан бас тартқысы келген Рахат Шимашева содан Білім басқармасында тапжылмай он жыл істеді. Білім басқармасына қарасты іс құжаттарының бәрін қазақшалады.
Имекең тек идеолог емес, мықты шаруагер екенін де ел жақсы біледі. Бұлай биікке самғау үшін ең қажетті қос қанатты болу кез келген саясаткердің маңдайына бітпеген қасиет. Бұндай қабілет пен іскерлікті Имекеңнен кейін ел Ислам Әбішевтен көрді.... Қаладағы қаптаған кептелістерден құтылу үшін салынған Алматының айналма жолдары - Иманғали салған салған игі жол болғаны анық! Иманғали салған игі жолға, әрине, ұлттық мүддені қорғаудағы ұлағатты істерінің бәрі кіретіні анық. Иманғали Тасмағамбетов Астана қаласының әкімі болып кеткенде Алматы халқы қимай қоштасты. Әрине, босаңсуға жол бермейтін қатал мінезді, талабы тастай Тасмағамбетовтен құтылғанына қуанған қала шенеуніктері де аз болған жоқ...
ИМАНҒАЛИДЫҢ КЕЗІНДЕ АСТАНАҒА ЖАҢБЫР мен ҚАР ЖАУМАҒАН БА?
Астана қаласының әкімі бола салысымен Иманғали Нұрғалиұлы елорданы қазақыландыруды бастап кетті. Мыңнан аса көше қазақыланып, тарихи тұлғалар мен тарихи жер аттары қойылды. Қазір Астана көшелерін аралай қалсаңыз, Алашқа ардақты атаулардың шеруіне тап боласыз. Бұнда сол кездегі Астана қаласы әкімі Иманғали Тасмағамбетовтің, Астана қаласы Тіл басқармасы басшысы, кейін Мәжіліс депутаты болған қазақтың ұлтшыл қызы Оразгүл Асанғазықының еңбегі зор. Сол кезде Оразгүл апай көптеген қаламгерлерге, соның ішінде маған да телефон соғып, қала көшелері аттарын жаңарту үшін тарихи жер аттарын сұрады. Сонда мен, Түркістан, Сауран, Сарайшық, Сығанақ, Созақ, Қазығұрт, Отырар, Ордабасы, Ақмешіт, Оқжетпес, Сырымбет, Алтай, Шардара, Жаркент, Нарын, Қызылқұм, Мойынқұм, Байырқұм және т.б. атауларды ұсынған болатынмын. Кейін Астанаға ауысқан кезде сол атаулардың көбісін елорда көшелерінен көріп, қатты разы болған едім. Балабақшаларды қазақ тіліне аудару да осы кезде елордадан басталды.
Имекеңнің кезінде елорданың тазалығына ерекше назар аударылды. Түнімен жауған Арқаның қалың қары таң атқанша тазаланып, астананың жолдары айнадай жарқырап жататын. Аспан тесіліп кеткендей үздіксіз жауған жаңбырдан соң да жолдарды су бөгемейтін. Бәрі Иманғали Тасмағамбетов кеткесін басталды. Қалың қар жауған күні ертеңіне тазаланбаған жолдардың кесірінен бүкіл қала кептеліс алаңына айналады. Қатты жаңбыр жауған күндері қала көшелерінің қиылыстары көлшіктерге де айнала бастады. Елбасының өзі де бұған қатты ашуланып, ел "Венецияда жүрміз" деп, қала көшесіндегі "көлге" қайық салып жүзіп жүрген суреттерін интернетке салып, шу болды. Сот Астана көшесіндегі "көлшікке" қайық салғандарға айып салды...
Бұл келеңсіздік барлық жерде ашық айтыла бастады. 2014 жылы Имекең Қорғаныс министрі болып кеткеннен кейін екі айдан кейін 9 желтоқсанда Астанада "Алтын домбыра" айтысы болды. Айтысқа ел қалың қар жауып, жол тазаланбағандықтан кешігіп келді. Тіпті, зорға жеткен ақындардың көбісі де қар басқан жолды жырға қосты бұл жағдайды. Бұл туралы айтыстың қазылар алқасы төрағасы, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков: «Елді, мына қазақты ешқашан алдай алмайсың. Ел біледі, кімнің не істеп, Ұлтқа қандай қайрат көрсетіп жүргенін. Жаңа ақындардың барлығы неге Иманғалиды аузынан тастамай айтуда. «Имекең болғанда «Конгресс-холға" тез жетер едім, жол таза болар еді, табаным таймайтын еді, Тасмағамбетовке сенген Елбасы оны ең қиын жерге жібереді, ол барған жер мықты болады – Қорғаныс министрлігі күшейетін болды»-деп жырлап жатыр. Ел разы болуда"-деп атап кетті.
Сол кезде мен осындай келеңсіз оқиғалардан соң, парақшамда пікір жазып едім: "Сонда бұрын Тасмағамбетов әкім болған кезде Астанаға қар да, жаңбыр да жаумаған ба? Ол кісінің тілегі Аллаға да жеткен бе?!. Бәрі Имекең кеткен соң басталды ғой,"-деп.
Иә, кімнің кім екенін оның ісі мен сөзі арқылы Ел біледі!
ИГІ ТІЛЕКТІ ИМАНҒАЛИЛАР
Имекең 2017 жылы Ресейге елші боп кеткеннен кейін бір аптадан соң біздің шаңырақта қуаныш болып, тұңғыш немереміз дүниеге келді. Немеремізге ат қойған атасы, әдебиет пен өнерге қамқор белгілі қайраткер, ерекше іскер Ислам Әбішев пен біздің ойымыз бір жерден шығып, ел ардағы, рух сардары Иманғали Тасмағамбетов ағамыздың Алты Алашқа қадірлі есімін ырым етіп, ИМАНҒАЛИ деп қойдық.
Бұрын ел «Иманғалидың інісі» деп қалса, марқайып қалып жүретін едік. Енді осы уақытқа дейін азды-көпті біраз атағымызға ең сыйлы ат қосылып – «Иманғалидың атасы» боп шыға келдік, бір Алланың рақымымен. Бұл үлкен қуанышымыздың хабары Мәскеудегі Имекеңе де жетіп, әр қазаққа болсын деп жүрген дара Иманғалидан бала Иманғалиға "Кішкентай аттасыма бақыт, береке тілеймін" деген Ақ бата келіп жетті. Біздің немереміз нешінші Иманғали екенін бір құдай біледі! Әр адам перзентіне ат қойғанда жақсылар мен жайсаңдардың, атақты ардақтылардың атын қоюға тырысады. Жалпы, балаға азан шақырып, ат қойғанда құлағына періште сыбырлап тұрады дейді. Игі тілекпен қойылған Иманғали есімділердің көп болуы да осыны аңғартса керек... Алладан Иманғалилар игілікті бола берсін деп тілейміз.
Иманғали Тасмағамбетов 2016 жылы Үкіметте вице-премьер болып жүргенде Алпыстың асқар беліне шықты. Туған күніне бір-екі апта қалғанда, кеңесшісі, Имекеңнің сенімді серігі болып өмірден биыл өткен марқұм Жүнісбек Сұлтанмұратов, иманы саламат болсын, барлық редакция басшыларына жеке-жеке телефон соғып, Имекеңнің 60 жасқа толған мерейтойына ешқандай мақала бермеуді сұрады. Әрине, біз біраз тулап алдық та ақыры, түбі Имекеңнен шыққан өтінішті орындадық. Енді міне, пайғамбар жасына толып отырған арда мінез ардақты ағамызға ақ тілегімізді ақтарудың сәті түскенде, қолға қалам алып отырған жайымыз бар.
Бүгін - бір сөзбен айтқанда Ұлт мүддесін қорғаушы біртуар ұлттық қайраткер Иманғали Нұрғалиұлының асқаралы 63-тің асуына шыққан күні.
Имандылықты ұстап жүретін Иманғали ағамыздың игі істері де аз емес. Атырауда "Иман" мешітін салғызғаны елге мәлім. Енді міне, 63 жасқа толып жатқанда көп шенеунік секілді әйгілі демалыс орындарын аралап кетпей, мұсылмандық парызын орындап, Меккеге қасиетті қажылық сапарға аттануы да ерекше тұлғаның тағы бір қырын жарқыратып кеткені анық. Қасиетті сапар Қабыл болсын, Имеке!
Пайғамбар жасындағы Парасаткер, нартұлға ағамызға Алаш бағына аман болыңыз, Алла жар болып, Жұлдызыңыз жарқырай берсін дейміз!
Қазыбек ИСА, 09.12.2019
qazaquni.kz