Серікбай Трұмов: Жаңаөзендіктердің бәрі мұнай саласында жұмыс істегісі келеді
2019 ж. 27 қараша
2870
0
Аймақ басшысы Серікбай Трұмов жаңаөзендіктер неге митингке шыға беретінін түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Оның айтуынша, Жаңаөзен қаласының тұрғындары жұмыс және Қытай мәселесіне қатысты минингке шыққан. Тұрғындар арасында Қытайға қатысты түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Ал жұмыспен қамту мәселесі біртіндеп шешіліп жатыр.
"Жаңаөзен қаласында жалпы жағдай қалыпты. Жыл басында жұмысқа орналасуға қатысты көшеге шыққан азаматтар болды. Облыс әкімдігі мен үкімет байланыс жасап отыр. Қазір "Өзен-Инвест" мемлекеттік коммуналдық кәсіпорын жанынан 350 орындық жұмыс орны ашылды. Одан бөлек, "Таза су" кәсіпорны құрылып, 90 адамды жұмыспен қамтамсыз еттік", - деді Серікбай Трұмов орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Әкім 2019 жылдың басынан бері Жаңаөзенде 450 жаңа жұмыс орны ашылғанын атап өтті. Бірақ халықты жұмыспен қамтуға байланысты мәселелер әлі де бар екенін ашық айтты.
"Жаңаөзен қаласында жұмыспен қамтуға байланысты мәселелер бар. Мұндағы азаматтар мұнай саласында жұмыс істегісі келеді. Бірақ Жаңаөзенде 155 мың халық тұрады. Оның ішінде жұмысқа қабілетті адам саны – 77 мың. "Өзенмұнайгаз" компаниясында 15 мың адам жұмыс істейді. Бұл компанияның халықты толық жұмыспен қамтуға мүмкіндігі жоқ", - деді облыс әкімі.
Осы орайда өңір басшысы облыста шағын және орта бизнесті дамытуға байланысты "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, біраз жұмыс қолға алынғанын айтты.