Әділ судьяны емес, ең болмаса қазақ тілін жетік білетін судьяны сұрап отырмыз - Абзал Құспан
2019 ж. 19 қараша
15877
146
Сотта айыптау жағынан келген 20-ға жуық куәгердің барлығы Ислам Әбішевтің пайдасына жауап беріп, тергеушілердің қитұрқылықтарын әшкере еткен
Бүгін Су комитетінің экс-төрағасы Ислам Әбішев пен "Дүниежүзі қазақ күресі федерациясының" вице-президенті қызметін атқарған Серік Түкеевтің адвокаттары, журналистер мен зиялы қауым өкілдері, қоғам белсенділері ҚР Жоғары сотының алдына жиналып, өз наразылықтарын білдірді, - деп хабарлайды "Қазақ үні" ақпарат агенттігінің тілшісі.
Адвокаттардың айтуынша, қоғамның назарын аударған бұл істі жүргізіп жатқан судья Мекемтастың қазақ тілін жетік білмеуі мен судья Шаяхметованың ҚР қылмыстық-процестік кодексін өрескел бұзуына байланысты бір топ белсенділер Жоғарғы сотқа шағым түсіруге арнайы келген.
- Бара-бара адвокаттар әділдікті сот залында емес, Ақорданың алдына шығып, митингіге шығып көшеде қорғауға мәжбүр болса, таң қалмаңыздар. Өйткені, жағдай осыған келе жатыр. Орыстың бір сөзі бар - "Докажи, что ты не верблюд" деген. Біз осы жерге өзіміздің түйе емес екенімізді дәлелдеуге келіп тұрмыз, басқа жол жоқ енді, - деді адвокат Абзал Құспан.
Оның сөзінше, Сотта айыптау жағынан келген 20-ға жуық куәгердің барлығы Ислам Әбішевтің пайдасына жауап беріп, тергеушілердің қитұрқылықтарын әшкере еткен. Сонымен қатар, ол өз сөзінде сот барысындағы процесстік құқық бұзушылықтар туралы айтып өтті.
- Сот өндірісінің тілі деген бар. Істі қарап жатқан судья қазақша білмейді. Біз оның (судья Қ. Мекемтас - ред) қазақ тілін білмейтінін дәлелдейік деп қарсылық берсек, қазақша екі сөздің басын құрай алмайтын Шаяхметова деген тағы бір судья келеді де "Жоқ, ол қазақша жеткілікті біледі" деп қайтадан тағайындап кетеді. Тілден басқа процесстік заң нормаларын білмейді деп шағым берсек, оны судья Мекемтастың өзі қарап, "Сендердің өтініштерің қанағаттандырылмайды" деп өзі шешім шығарады, - деді Абзал Құспан.
Адвокаттың айтуынша, әу баста Ұлттық бюрода тергеу орыс тілінде жүргізіле бастаған. ҚР Қылмыстық-процесстік кодексінің 30-бабының талаптарына сәйкес, тергеу алдымен Мемлекеттік тілде - қазақ тілінде жүргізілуі керек екен.
- Біз Ислам Әбішевтің атынан тергеуді қазақ тілінде жүргізуді сұрап өтініш бергенімізде, тергеу тобының жетекшісі одан бас тартты. Одан кейін Бас прокуратураға шағым түсірдік. ҚР Бас прокуратурасындағы Бірінші қызметтің бастығы, ол Қазақстан бойынша бүкіл тергеу-анықтама қызметіне қадағалау жүргізетін адам, Серік Рысқалиұлы Шалабаев "Тергеудің орыс тілінде жүргізілуі заңды" деп, бізге "отказ" береді. Біз ондай сорақылықты тіпті күтпеген де едік. Тергеу сотына беру арқылы ғана біз істі қазақ тіліне ауыстыра алдық. Сөйтіп, істі әрең дегенде қазақшаға аудартып келсек, соттағы жағдай мынау, - деді адвокат Абзал Құспан.
Атап өту керек, Ислам Әбішев ісіне қатысты өткен алғашқы сот отырысында судья Қ. Мекемтастың шығарған қазақ тіліндегі алғашқы қаулысынан адвокаттар 72 қате тауып, А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтына арнайы сараптама жасатқаны туралы "Қазақ үні" ақпарат агенттігі бұған дейін хабарлаған болатын.
- Біз қып-қызыл ғып бояп көрсеттік судьяға өз қаулысын, ол беті бүлк етпестен "Компьютеріме вирус кіріп кетті" деп жауап берді... Біз соттың қандай үкім шығаратынын сөзсіз біліп отырмыз. Бірақ, процесстік негіздер бұзылатын болса, ол адам қамауда отыра беретін болса, сонда ол адамның Конституциялық құқығын біз қайда қоямыз? Біз әділ сот үкімін шығаратын судьяны сұрап отырған жоқпыз, біз ең болмаса біздің қазақша айтып жатқан өтініштерімізді түсінетін, аздап құқықтық сауаты бар судьяны сұрап отырмыз", - деді Абзал Құспан өз сөзінде.
Адвокаттар мен қоғам белсенділері өз шағымдарын жазып Жоғары сот ғимаратына кіргесін, Берік Уалиев есімді Жоғарғы сот өкілі белсенді топты ешкім қабылдамайтынын жеткізіп, Жоғарғы соттың төрағасынан бастап, барлық жауапты қызметкерлердің бір жаққа кетіп қалғанын айтып ақталды.
Жоғарғы сотқа әділдік іздеп келгендердің ішінде танымал әнші Ералхан Әбішев те бар. Соттың тек айыптау бағытында ғана жүргізіліп жатқанын тілге тиек еткен ол, мына сотты не тоқтату керек, не судьяларды ауыстыру керектігін айтты.
- Бұлардың ештеңеге қарамай адамды соттай салуы әбден мүмкін. Заңға түкіргендері бар. Соттың түрі мынау, прокурорың айқайлайды бізге. Біз Жоғарғы сотқа әділдік іздеп келіп отырмыз. Судья Мекемтас сот залында бейне жазба жүргізуге тыйым салды. Ал, Жоғарғы соттың төрағасы Жақып Асанов өз сөзінде сот ісінде жариялылық болуы керектігін әрдайым айтады. Сонда, мына Мекемтас Асановқа емес, кімге бағынады?!. Сотқа сот жоқ боп тұр, - деді Ералхан Әбішев.
Ескерту: Видео жазбалар журналист Сәуле Әбілдаханқызының фейсбук парақшасынан алынды. qazaquni.kz