Балаларды жемқор болмауға шақырамыз
2019 ж. 18 қараша
1792
0
Алматы қаласында сыбайлас жемқорлыққа қарсы республикалық форум өтті. Ауқымды жиынға қала әкімі, аудан басшылары, қоғамдық ұйымдар мен саяси партиялардың өкілдері қатысты.
Форумға қатысушылар жемқорлықтың тамырына балта шабудың жолдарын ортаға салды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев жиында айтылған пікірлерді ескере отырып, тиісті шара қолданатынын жеткізді. Жиын барысында ол «Балаға үйден дұрыс тәрбие берілсе, елімізде жемқорлық болмайды», – деп қоғамды жайлаған жегі құрттың себеп-салдарымен күресуге шақырды.
Дұрыс, қазақ атамыз да «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деген екен. Отбасындағы тәрбиенің маңызы өте зор. Бала атаулы ата-аналарының айтқанымен жүріп, үлкендерге еліктеп өседі. Олай болса бұл алдымен мемлекеттік қызметтегі лауазымдылардың құлағына «алтын сырға» болса керек.«Кредиттің қамытын» киген қарапайым адамдардың ұрлық жасай алмасы белгілі. Біздегі аса ірі көлемдегі қаржыны жымқырып түрмеге қамалып жатқандар лауазымдылар емес пе? Оның ішінде жұртқа ақыл айтатын биліктегілер мен заң бұзушыларды тәртіпке шақыратын құқық қорғаушылар да толып жатыр. Бірақ, бір нәрсе түсініксіз, өздері жемқор болса олар балаларына не деп ақыл айтуы керек екен? Қазіргі оқыған-тоқығаны мол, тез дамып келе жатқан жеткіншектер «Алдымен өзіңді жөндеп ал!» деуден тайынбайды ғой...
qazaquni.kz