Шардара - шаттық мекені
2019 ж. 16 қараша
7039
0
Биыл Түркістан облысы Шардара ауданының ресми түрде құрылғанына 55 жыл, аудан орталығының Абай селосынан Шардара қаласына көшірілгеніне 50 жыл толады. Қазіргі таңда осынау айтулы даталарды лайықты атап өту үшін тиісті жұмыстар қолға алынып жатыр. Аудан әкімі Қайрат Жолдыбайдың бекітуімен ауданның 55 жылдығына орай 55 игілікті іс-шара жоспары жасалынып, ол шаралар жүзеге асуда.
Алдымен кейінге сәл шегініс жасап, аудан тарихынан қысқаша сыр шертіп өтсек. Сылаң қаққан Сырдың бойы мен Қызыр аралаған Қызылдың құмында орналасқан Шардара өңірі тарихы мен мәдениеті, өркениеті мен дамуы қатар ұштасқан киелі де шежірелі мекен саналады. Аудан орталығы – Шардара қаласының атауының өзі ғалымдардың пайымдауынша парсы тілінен аударғанда «төрт қақпа» деген ұғымды білдіреді екен. Яғни, ертеде бұл жер тоғыз жолдың торабы, керуен жолдарының түйіскен жері болған.
Шағалалы Шардараның жаңа тарихы Қызылқұм алқабын игеруден басталады. Өткен ғасырдың орта шенінде СОКП Орталық Комитеті мен КСРО Министрлер Кеңесі арнайы қаулы қабылдап, соның негізінде Шардара су қоймасының іргесі қалана бастады. Алып құрылысты «Главриссовхозстрой» бас басқармасының құрамынан құрылған «Шардара құрылыс» басқармасы жүргізді. Жаушықұм алқабына 1958 жылы алғашқы қада қаққан құрылысшылар тұрағы әуелі Сырдария поселкесі атанса, арада 10 жыл өткенде ауқымы ұлғайған елді мекенге қала мәртебесі беріліп, Шардара қаласы болып аталды. Қазақстанның оңтүстігінде мақта мен күріш өндірісін ұлғайтуға байланысты жасалған қадам құтты болып, кеше ғана бұйығып жатқан маң дала үйрек ұшып, шағала қонған айдын шалқарға айналды. Кешегі топырағына түрен түспеген Қызылқұм мен Жаушықұм арасындағы жазық дала құрыш білекті құрылысшылар мен алтын қолды диқандардың, таяғы құтты малшы қауымның ерен еңбектерінің арқасында көз тартатын ғажайып мекенге айналып шыға келді. Еліміздің түкпір-түкпірінен Бүкілодақтық екпінді құрылысқа келген, тілі басқа – тілегі бір, жүзі басқа жүрегі бір алуан түрлі ұлттар мен ұлыстардың өкілдері өздерінің қасиетті парыздарын абыроймен орындап шықты. Гүлденіп-көркейген Шардараның әрбір нысанында жанкешті еңбектерінің жарқын қолтаңбаларын қалдырды. Осылайша Қызылқұм алқабын игерудің арқасында сыйымдылығы 5,2 млрд. текше метр су қоймасы, қуаттылығы 100 мегаватт су электр стансасы, 60 мың гектардан астам суармалы, 1 млн. гектар жайылым жері бар Шардара ауданы өмірге келді.
«Еңбек ер атандырады» демекші, жарты ғасырлық тарихында Шардараның мақтанышына айналған тұлғалы азаматтардың қатары көптеп табылады. Атап айтар болсақ, Кеңес Одағының батырлары Сейітқасым Әшіров пен Абылай Әлімбетов, Социалистік Еңбек Ері Қадырбек Маханов, Оңтүстіктен шыққан жалғыз Халық Қаһарманы Мәулен Қалмырзаев, күріш өсірудің майталмандары болған Сырбек Кәтттабеков, Нартай Сапаров, «Даңқ» орденінің толық иегері Перуза Өтемісова есімді аға буын өкілдері ауданның ғана емес республиканың мақтаныштары болды. Ауданның тұңғыш басшысы – аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болған Тілеуберген Тумышевтен бастап, әр жылдары ауданға басшылық жасаған Қауысбек Тұрысбеков, Әштар Жолдасов, Лесбек Бекжанов, Орынбай Рахманбердиев, Құлбек Қадырбаев, Өтеғұл Түгелбаев, Өстемір Тілегенов, Зәуірбек Салықбаев, Кенжехан Төлебаев, Байділдә Жылқышиев, Әуелхан Тұрғымбеков, Әлішер Есіркепов, Абдулла Ахметов, Серік Ибадуллаев, Марғұлан Марайым, Қамытбек Айтөреев, Арман Абдуллаев, Болатбек Қыстауов сынды Шардараның әлеуметтік-экономикалық өсіп-өркендеуіне өзіндік үлестерін қосқан азаматтарды жұртшылық әр уақытта да құрмет тұтады.
Аға буын ардагерлердің салып кеткен сара жолын бүгінгі ұрпақ лайықты жалғастырып келеді. Қазіргі таңда Шардара қаласы мен 10 ауылдық округтерінде 23 ұлттан құралған 80 мыңға жуық халық тату-тәтті тіршілік құруда.
Шардара туралы сөз қозғағанда аймақтың рухани-мәдени өміріне ерекше тоқталамыз. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында атап өткендей, туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі. Бұл ретте шағалалы өңірдің атын облыс пен республика көлеміне танытып жүрген мәдениет және спорт саласының майталмандары аз емес. «Қара бауыр қасқалдақ» әнімен айдай әлемге танылған, марқұм Лесбек Аманов, кезінде мұхиттың арғы жағындағы Куба еліне гастрольдік сапармен барып, Шардараның атын асқақтатып қайтқан күміс көмей, жезтаңдай әнші Бейсембек Бибосыновтай өнерпаз ұлдарын аудан халқы мәңгі ұмытпайды. 2006 жылы өткен Шәмші әндерінің Халықаралық байқауының гран-при иегері Айнұр Керімбекова, Американың Голливуд қаласында өткен байқауда бес бірдей алтын медальді жеңіп алған бұлбұл дауысты Мөлдір Бақытжанқызы секілді ән әлемінің жарық жұлдыздарын шардаралықтар орынды мақтаныш санайды.
Шардарадан шығып, шартарапқа танылған таланттарымыз аз емес. Дарынды ақын, «Парасат» және «Құрмет» ордендерінің иегері, Халықаралық Алаш сыйлығының лауреаты, Халықаралық С.Есенин атындағы сыйлық – «Алтын Күз» орденінің Қазақстандағы тұңғыш иегері Қазыбек Иса таяуда ҚР Президенті жанындағы Ұлттық Кеңес мүшесі болып, ұлттық мүдделерді батыл көтеріп жүр.
Биыл өмірден ерте кеткен дарынды ақын, мәдениеттанушы, ойшыл Әмірхан Балқыбектің 50 жылдығы елімізбен бірге Шардарада да кеңінен аталып өтті.
Шардараның әдеби-мәдени өміріне өзіндік үлестерін қосып келе жатқан белгілі ақындар Бауыржан Қарабеков, Әлібек Шегебай, Нұрғали Ыбырайым, Сәбит Лаханов, Ұлмекен Лесбек, жыршы-термешілер Тәшман Шекеров, Әбдіғаппар Айдаров, Абылай Төлепов, Аманғали Ниязов, әнші-сазгерлер Нұрлан Адамбеков, Тұрлан Әшімов, Құрманғазы Ибрагимов, Мұрат Қоңырбаев, Асқар Мәуленов, Болдығыз Мырзағұлова, Фарида Батырқұлова, Эльмира Шонаева, Бақберген Омаров есімді өнер иелерін жерлестері құрмет тұтады.
Шардара су қоймасы мен Қызылдың құмы туризмді дамытуға өте қолайлы аймақ екені талас тудырмайтын ақиқат. Осынау бағытта қазіргі таңда біршама жұмыстар қолға алынып, жоспарлы түрде әрекеттер жасалынып жатқанын айтқымыз келеді. Шардара ауданында туризмді дамыту мақсатында, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 25 мамырдағы №292 қаулысымен Шардара су қоймасы жағалауындағы орман қоры санатындағы жалпы көлемі 255,3 гектар жер учаскесі елді мекен санатына ауыстырылды. Ендігі мақсат – осынау
аумаққа инфрақұрылым жұмыстарын жүргізе отырып, инвестиция тарту болмақ. 2018 жылдың 26 қазанында Шардара ауданында «Сафари Шардара» халықаралық деңгейдегі фестиваль өтті.
Өңіріміздің туристік әлеуетін арттыру мақсатындағы «Сафари Шардара» халықаралық фестивалі Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылды. Қолына бүркіт қондырған саятшылар, түйешілер жарысы, автокөліктер мен теңіз бетіндегі желкенді қайықтар, академиялық есу түрі, жағажай волейболы мен футбол жарыстары, балық аулау сайыстары Шардара су қоймасының жағалауы мен Қызылқұм алқабында туризмді дамытуға мол мүмкіндік бар екенін дәлелдеп берді. Тұңғыш рет ұйымдастырылған бұл іс-шара қонақтарға өте жақсы көңіл-күй сыйлады деп айта аламыз. Моңғолиядан келген қандасымыз, бүгінде есімін әлем танып отырған бүркітші қыз Айшолпан Нұрғайыпқызы Шардараның керемет табиғатына тамсанумен болды.
Шардарада бұқара халықтың спортпен шұғылдануына барлық жағдай жасалынып отыр. Қазіргі уақытта Шардара ауданында 4 аудандық спорт мектебі, 1 облыстық спорт мектептері жұмыс істейді.
Аудан спортшылары биылғы жылы 150 облыстық, республикалық және халықаралық деңгейдегі сыртқы жарыстарға қатысып келді. Нәтижесінде 147 спортшы Түркістан облысының чемпиондары, 53 спортшы Қазақстан Республикасының чемпионы, 36 спортшы Азия чемпионы, 14 әлем чемпионы, 19 спортшы Халықаралық турнирлердің жеңімпазы атанды. Осы жарыстардың қорытындысымен 2019 жылы аудан спортшылары арасынан 10 «Спорт шебері», 59 спортшы «Спорт шеберлігіне үміткер» атағының иегерлері атанды. Осы орайда, даңқты спортшы Арман Қарсыбаев негізін қалаған армрестлинг спорты әлемдік аренада жоғары орынды иеленіп келе жатқанын мақтанышпен айтуға тиіспіз. Шардаралық қол күресшілердің арасынан бүгінгі таңға дейін 34 әлем чемпионы шыққан болса, кеше ғана Румыния мемлекетінде өткен әлем чемпионатынан тағы да 14 алтын медальды иеленіп, жалпы әлем чемпиондарының саны 48-ге жетіп отыр. Қазіргі таңда Шардара спорты тек қол күресімен ғана емес, қазақ күресі, таэквондо, волейбол, желкенді қайық спорты арқылы да танылып жатқанын айтуымыз керек. Былтырғы жылдан бастап найза лақтыру, ядро лақтыру секілді олимпиадалық спорт түрлері де ашылып, алғашқы ел чемпиондары шығып үлгерді. Алдағы уақытта шағалалы өңірдің спорты Қазақстан бойынша алдыңғы орындардың біріне айналатын болады деп деп нық сеніммен айтуға болады.
Енді шағалалы өңірдің бүгінгі тыныс-тіршілігімен таныстырып өтсек. Аудан тізгінін биылғы жылдың 9 шілдесінде Қайрат Жолдыбай қолға алып, жұмыс жүргізіп келеді. Шардараның төл перзенті Қайрат Жолдыбайұлын әкімдік қызметке тағайындай отырып, Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев:
– Қайрат Жолдыбайұлын өздеріңіз жақсы білесіздер, іс-тәжірибесі жетерлік, еңбекқор азамат. Аудан экономикасын көтеруге бар күш-жігерін, блімін жұмсайды деп сенемін. Басты мақсат – Шардара қаласын аудан тұрғындары мен қонақтарына жайлы, қауіпсіз, таза, көрікті де әсем қалаға айналдыру үшін жұмыс істеу керек, – деген болатын.
Әкімдік қызметке тағайындалған Қайрат Жолдыбайұлы өзіне жүктелген сенім үдесінен шығу үшін бар күш-жігерін жұмсайтынын жеткізген.
– Қадірлі жерлестер! Өзімнің туып-өскен жеріме қызмет жасауға мүмкіндік беріп отырған облыс басшысы Өмірзақ Естайұлына алғысымды білдіремін. Ауданның әлеуметтік-экономикалық даму потенциалы өте мол. Ауылшаруашылығы саласы болсын, туризм, кәсіпкерлік, өнеркәсіп саласы болсын әлеуеті үлкен. Міне, осы жұмыстарды атқаруда, тұрғындардың әл-ауқатын арттыруда аянбай еңбек ететін боламын, – деген еді сонда ауданның жаңа әкімі.
Содан бергі өткен 4 айдан астам уақыт ішінде Қайрат Жолдыбайдың бастамасымен өңірде біршама жұмыстар жүзеге асып келеді. Алдымен барлық ауылдық округтер мен мекемелерді бірме-бір аралап, халықпен кездесу өткізген аудан басшысы өзекті мәселелердің бәрімен танысып шықты. Тұрғындар тарапынан айтылған сан алуан проблемалардың барлығы хаттамаға түсіріліп, кезең-кезеңімен шешу жолдары жоспарланды. Бүгінгі таңда қала мен ауылдық округтерде абаттандыру, көркейту жұмыстары жоспарлы түрде жүргізіліп келеді. Өңірдің басты проблемаларының бірі – көгілдір отынмен қамту жұмысы айтарлықтай жүзеге асуда. Шалғайдағы 5 елді мекенге, атап айтар болсақ, Ақалтын, Егізқұм, Сүткент, Қызылқұм, Достық ауылдарының ішкі газ жүйелерінің құрылыс жұмыстары аяқталу үстінде. Ертеңгі 55 жылдық мереке қарсаңында осынау ауылдарда газ жүйелерін іске қосу салтанатты жағдайда аталып өтпек. Сонымен бірге, Көксу ауылдық округіндегі Айдаркөл, Баспанды, Жоласар елді мекендеріндегі құрылыс жұмыстары аяқталған ауызсу құбырлары пайдалануға берілмек. 23 қараша күні «Шардара – шаттық мекені» атты өнер жұлдыздарының қатысуымен гала-концерт өткізіледі.
Ауданның мерейтойы қарсаңындағы тағы бір айтулы іс-шара – «Туған жерге тағзым» тақырыбымен өткен кәсіпкерлердің басқосуы еді. «Туған жер тұғырым» акциясы аясында ұйымдастырылған осынау іс-шара қаладағы «Тұңғыш Президент» саябағынан бастау алды. Аудан әкімінің орынбасары Бауыржан Шомпиевтің жетекшілік етуімен алыс-жақыннан келген кәсіпкерлер, кезінде ауданның дамуына үлестерін қосқан ел ағалары ең алдымен саябақ ішіндегі Кеңес Одағының Батырлары Сейітқасым Әшіров пен Абылай Әлімбетовтің, Халық Қаһарманы Мәулен Қалмырзаның ескерткіш-мүсіндеріне, Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай тұрғызылған «Даңқ» ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Саябақ ішін аралап көріп, аудандық ардагерлер Кеңесінің ғимаратында болды. Мұнан кейін аудандық тарихи-өлкетану мұражайына ат басын бұрып, Шардара ауданының тарихымен танысты. Музей директоры Нұрлан Сымайылов қонақтарды ауданның құрылуына 55 жыл толуына орай деректі хикаяттардан мағлұматтар келтіріп, құнды жәдігерлермен таныстырды. Акцияға келген азаматтар «Шардара Армспорт» спорт клубында және бірнеше спорт үйірмелерінде болды. Спорттың армрестлинг, жеңіл атлетика, таэквон-до, найза және ядро лақтыру түрлері бойынша шұғылданып жатқан өрендермен кездесіп, «ел абыройын асқақтататын чемпион бола беріңдер» деп баталарын берісті. Қонақтар Бекзат Саттарханов атындағы саябақ ішіндегі «Отбасылар аллеясына» барып, шырша көшеттерін отырғызды.
Салтанатты шара қаладағы «Мәлика» дәмханасында одан әрмен жалғасты. Шара үстінде сөз сөйлеген аудан әкімі Қайрат Жолдыбай Шардара ауданының құрылғанына 55 жыл толып отырған айтулы датаның мән-маңызына кеңінен тоқталды. Өңір халқының еңбекқорлығының, ауызбірлігі жарасқан ынтымақты ел болуының арқасында талай асуларды бағындырып, қазіргі таңда дамып келе жатқан аудандардың қатарында екенін атап көрсеткен Қайрат Жолдыбайұлы мұндай жетістікке жетуге аға буын өкілдерімен қатар кәсіпкерлердің де зор үлес қосып келе жатқанын жеткізді. Сонымен бірге, мереке үстінде Қайрат Жолдыбайұлы бір топ азаматтарға, атап айтар болсақ, еңбек ардагері Рахымжан Кенбаев, «Төбелді» қаракөл қой шаруашылығының төрағасы Жаппар Кәрімов, «Тұрар» шаруа қожалығының төрағасы Юрий Ан, кәсіпкер Төлбасы Бектасов сынды азаматтарды аудан әкімінің «Алғыс хаттарымен» марапаттады. Мұндай мазмұндағы марапаттауды аудандық мәслихаттың хатшысы Бұлтбай Мүтәлиев, аудан әкімінің орынбасары Бауыржан Шомпиев те жасады. Өз кезегінде сөз алған Рахымжан Кенбаев Шардара қаласында оң өзгерістердің көп болып жатқанын тілге тиек етіп, жерлестерін ауданның 55 жылдық мерекесімен құттықтады. «Көп тілегі көл» деген мақалды орынды келтірген ел ағасы ауданның мерейтойына өз отбасының атынан қаржылай үлесін қосып, Шардараның шарықтай беруіне тілектестігін білдірді. Игі істен өзгелер де шет қалған жоқ. Жаппар Кәрімов, Төлбасы Бектасов, Асылбай Тілегенов, Дүйсенкүл Серкебаева, Үсен Құралбаев, Қыстау Ілесов, Амангелді Сәдірұлы, Сапар Баратов, Сейсен Қуан, Юрий Ан, Дәулет Бектасов, Нүридин Сыздықов, Құрманғазы Әкпаров, Ерлан Сүттібаев, Нұрмахан Қары және басқа да азаматтар ауданның тойына қаржылай демеушілік жасады. Салтанатты шараның шырайын Әбдіғаппар Айдаров, Бақберген Омаров, Эльмира Шонаева, Ербол Таңжаров, Нұржан Жығалиев есімді өнерпаздар келтіріп, көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Руханият саласында да айтарлықтай шаруалар ұйымдастырылып, көрермендердің көз қуаныштарына айналған іс-шаралар қатары молайып тұр. «Жеңгесі жақсы қандай-ды?», «Қазыналы қария – қабырғалы бимен тең» атты аудандық байқаулар өткізілуде. «Өнермен өрілген өмір» тақырыбымен ақын, сазгер, асаба Әкім Мұсақұловтың кездесу кеші ұйымдастырылса, Шардара туралы және сазгер Лесбек Амановтың әндерінен облыстық байқау, ҚР Мәдениет қайраткері, сазгер Жалғас Кеңесовтің «Туған жерге тағзым» концертін өткізу жоспарлануда.
Бір сөзбен қайырғанда, 55 жылдық мереке ас ішіп, аяқ босату емес, бірнеше игілікті істердің, әлеуметтік нысандардың іске қосылатын, өткен тарихымызды тағы бір түгендеп, зерделейтін ауқымды шара болмақ.
К.ҚҰЛЫМБЕТТЕГІ
Шардара қаласы,
Түркістан облысы.
Қазыбек ИСА,
Халықаралық Алаш сыйлығының лауреаты, Халықаралық Сергей Есенин атындағы сыйлық –
«Алтын Күз» орденінің иегері
ШАРДАРА
Аңызақ пен аңызды атырабы,
Терең ойға теңiздей батырады.
Шардараның толқыны шабыт берiп,
Шағалалар алысқа шақырады.
Ән мен дәндi жерден мiн таппағасын,
Мақтанасың, болған соң мақта басым,
Алтыннан да асырса ат бағасын...
Шабандоз боп кетуге шақ қаласың...
Көк аспанның астында шағыл кешсең,
Көк теңiзге айнадай тап боласың...
Су қуатын аймаққа тартып әйгi,
Бағаналар сап түзеп, сән құрайды.
Көне кенттен көктеген көркем қала –
Шардараның шамдары жарқырайды...
Табанымның iзi бар әр тасыңда,
Табындырып қоясың, тартасың да...
Құмстаннан айналдың гүлстанға,
Құрыш бiлек ерлердің арқасында.
Жаушықұмда жау күткен ыза небiр,
Ұмыт болып, еңбекпен қызады өңiр...
Қоссейiттен аттансаң құран оқып,
Ұзын Ата тiлейдi ұзақ өмiр...
Балық өрсе байлық боп көл түбiнен,
Қызыл жыңғыл – қырдың бұл көркi бiлем...
Шөл далаға секiлдi күретамыр,
Сырдария сыр айтар толқынымен...
Маң даланың мыңғырған маңайы мал,
Табысқанның дәл мұнда әр айы бал...
Жиде гүлдеп кеткенде жиi келсең,
Тораңғылы тұтасқан тоғайы бар...
Сана оятар сарғайған сағанасы,
Көктеп кетер көк тiрер бағанасы.
Шыбығынан шыр жиған шырын сорып,
Шыбықтасаң – кетпейдi бал арасы...
Қызылқұмда сезiнiп жер ыстығын,
Барады ысып көңiлiм тегiс бүгiн.
Шама келмей шабытқа шалқимын мен
Бас айналар бақыттан кеңiстiгiм!
Тек Туған жер жазады жүрек емiн,
Тектi ақынның қадiрiн бiледi елiм.
Төрт бұрышын дүниенiң шарлап келiп,
Төрт қақпаңа* мен сенiң тiрелемiн!..
1999 жыл
* Шардара – көне парсы тiлiнде «төрт қақпа» дегендi бiлдi
qazaquni.kz- Юрий Ан
- Ербол Таңжаров
- Дәулет Бектасов
- Нұржан Жығалиев
- Жаппар Кәрімов
- Нүридин Сыздықов
- Төлбасы Бектасов
- Құрманғазы Әкпаров
- Қазыбек Иса
- Асылбай Тілегенов
- Ерлан Сүттібаев
- Дүйсенкүл Серкебаева
- Нұрмахан Қары
- Үсен Құралбаев
- Қыстау Ілесов
- Әбдіғаппар Айдаров
- Бақберген Омаров
- Амангелді Сәдірұлы
- Сапар Баратов
- Шардара
- Эльмира Шонаева
- Сейсен Қуан