Асхат Аймағамбетов алматылық оқушының хатына жауап берді
2019 ж. 07 қараша
2262
0
ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов алматылық оқушы Нұрбақыт Ғалымжанның хатына жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Нұрбақыт, сенің Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа жазған хатыңды оқыдым. Мемлекет басшысы халық үніне құлақ асатын мемлекет тұжырымдамасын ұсынды және бізге – мемлекеттік қызметшілерге өзекті сұрақтарға дер кезінде жауап беруді тапсырды. Сенің пікіріңді бағалаймын, бірақ менің мойныма еліміздің барлық оқушылары үшін жауапкершілік артылған. Білім министрлігінің жұмысы сенің және достарыңның білімді азамат болып өсуіне, Қазақстанның дамуына үлес қосуға бағытталған», - деп жазды министр Facebook желісіндегі ресми парақшасына. Министр мектеп бағдарламасындағы барлық пәннің маңызды екенін атап өтті. «Бір пәнді оқу үшін екінші пәнді білу қажет. «Жаратылыстану» - өте қызықты пән, ол сені қоршаған ортамен таныстырады. Ал «Өлкетану» өзің туып-өскен аймақтың тарихын баяндайды. Сәл тырыссаң, оқу жылының соңына дейін осы пәндерден жақсы нәтиже көрсетеріңе сенімдімін. Каникулға келсек, сен оқитын мектеп бағдарламасы каникул күндері жеткілікті болатындай, келесі тоқсанға дейін демала алатындай етіп құрылған», - деді А. Аймағамбетов.
Сонымен бірге, оқушылар баратын спорттық үйірмелер мен орталықтардың саны артады.
«Сенің спортқа деген талпынысыңды қолдаймын. Қазір сенің қалаңда спорттық үйірмелер жұмыс істейді, біз олардың санын көбейтіп жатырмыз. Одан бөлек, Алматыда Оқушылар сарайы, Оқушылар үйі бар, мұндай сарайларды да көптеп тұрғызамыз. Сен секілді балалар спортқа қызығушылығын жоғалтпауы үшін, спорттық, шығармашылық, көркем үйірмелермен қамтылуы үшін олардың жұмысын жетілдіреміз. Нұрбақыт, бәлкім сен чемпион немесе танымал ғалым боларсың. Бірақ, ең бастысы – жақсы адам және еліміздің лайықты азаматы болып ер жетуіңе тілектеспін», - деп лебіз білдірді министр.
Айта кетейік, Алматы қаласы №138 гимназияның 4-сынып оқушысы Нұрбақыт Ғалымжан Президентке хат жазған болатын. Онда Нұрбақыт каникулдың аздығын және кейбір пәндердің қызық еместігін сынаған.