Шекара маңындағы жерлер шетелдіктерге берілмейді - вице-министр
2019 ж. 06 қараша
2226
0
Шекаралық аумақтардағы жер шетелдіктерге және шетелдік үлесі бар компанияларға берілмейді. Бұл туралы ҚР ауыл шаруашылығы вице-министрі Рүстем Құрманбаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді, - деп хабарлайды baq.kz.
Мемлекет басшысы агроөнеркәсіптік кешені саласындағы заңнаманы жетілдіруге бағытталған "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне агроөнеркәсіптік кешенді реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңға қол қойды.
Жер заңнамасына қатысты өзгерістер бойынша мемлекеттік шекараның шекаралық аумақтарында ауыл шаруашылығы маңызы бар жерлерді шетелдіктерге, азаматтығы жоқ тұлғаларға, шетелдік заңды тұлғаларға, сондай-ақ шетелдіктер қатысатын қазақстандық заңды тұлғаларға пайдалану құқығын беруге тыйым салынады. Сондай-ақ, шекара маңында орналасқан жерлерді және шекаралық жолақтарды қайта рәсімдеу мен меншік құқығынан айыру талаптары бекітілді. Бұл норма бұрындары тек жеке тұлғаларға қолданылса, бүгінде заңды тұлғаларға да қолданылады.
Қазақстанмен шекараласатын бес мемлекет бар: Қытай, Ресей, Түрікменстан, Қырғызстан және Өзбекстан. Біз жерді пайдалану талаптарын екі санат бойынша бекітеміз. Бірі – шекаралық жолақтар шегінде. Қытаймен шекаралық жолақ – 2 шақырым, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан елдерімен 100 метр болуы тиіс. Шекаралық аумақтардың да шегі бар. Қытаймен шекаралас аумақтарда Шығыс Қазақстан обылсының Зайсан, Күршім, Тарбағатай, Үржар аудандарының, Алматы облысының Ақсу, Алакөл, Панфилов, Ұйғыр аудандарының аумағынан жер берілмейді. Басқа елдер Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстанмен шекаралық аумақтар шегінде 25 шақырым шекте жер сатылмайды, - деді вице-министр.
Жер ресурстарын басқару комитетінің төрағасы Гүлжахан Бимендина шекаралық жолақтар шегінде жатқан жер ешкімнің меншігіне берілмейтінін айтты. Қазақстандықтар да мұндай аумақтағы жерлерді жеке меншігіне рәсімдей алмайды. Шекаралық аумақ шегіндегі жер осыған дейін шетелдіктің қатысуымен рәсімделген болса, қайтадан рәсімделеді де бұрынғы құжат күшін жояды. Бұл Қазақстан Республикасының қауіпсіздігі үшін іске асырылады. Шекаралық аумақтағы жер шетелдік үлесі бар заңды тұлғаларға берілмейді. Жергілікті атқарушы органдар мұндай фактіні анықтаса, істі сотқа жолдап, 3 айдың ішінде меншікті иелену құқығынан айырып, мемлекет меншігіне өтеді.