МІНДЕТ – ХАЛЫҚТЫҢ ӨМІР СҮРУ ДЕҢГЕЙІН ЖАҚСАРТУ
2019 ж. 21 қазан
2845
0
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен экономикалық мәселелер жөнінде кеңес өтті. Жиын барысында елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары мен жоспарланған меженің орындалуы, қаржы-несиелік саясатты жүзеге асыру, атаулы әлеуметтік көмек реформасы, әлеуметтік даму және жұмыспен қамту мәселелері қаралды.
Премьер-министр Асқар Мамин, Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетовтер баяндама жасады.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, жалпы елдегі макроэкономикалық жағдай тұрақты, Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінің динамикасы оң нәтиже көрсетіп тұр. Алайда, отандық экономиканы әртараптандыру, өнімді жұмыспен қамту, халықтың табысын арттыру, әлеуметтік көмектердің қол жетімдігі секілді мәселелер әлі күнге толық шешімін тапқан жоқ. Мемлекет басшысының пікірінше, стратегиялық бағдарламаларды сапалы жүзеге асырудың негізгі міндеті – халықтың өмір сүру деңгейін арттырғанда ғана орындалады. Президент мемлекеттік шешімдер қабылдағанда сараптамалық жұмыстарды түбегейлі күшейту керек екенін атап өтті. Мемлекет басшысы индустриаландыру бағдарламасы өнеркәсіп өндірісі мен өңдеу секторындағы құлдырауды тоқтатып, жаңа өнімдерді шығаруға мүмкіндік ашқанымен, экономика саласында түпкілікті серпіліс болған жоқ деп есептейді.
«Еңбек өнімділігін кемінде 1,7 есеге арттыруға және өңделген қазақстандық өнімнің экспортын едәуір өсіруге басымдық берілуі тиіс. Үкімет дайын өнімнің экспортын 2022 жылы – 1,5 есеге, 2025 жылы – 2 есеге арттыруы қажет», – деп тапсырды Президент. Сонымен бірге коммерциялық банктердің пайда табу мақсатында қаржыны тұтынушылық несиеге қарай бұрып, бизнесті несиелеу көлемін төмендетіп жібергенін сынға алды.
qazaquni.kz