Ноғаев нәрестенің өліміне қатысты пікір білдірді
2019 ж. 14 қазан
2000
0
Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев Үкімет кулуарында облыстық перинаталдық орталықта болған нәрестенің өліміне қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды baq.kz.
«Ресми органдар ресми пікір білдірді. Қазір тергеу іс-шаралары жүргізіліп жатыр. Аяқталуын күту қажет. Министр пікірін айтты, вице-премьер де келді. Тергеу жұмыстарының нәтижесінсіз бұл мәселеге баға бере алмаймыз. Осы мәселенің барлық жай-жапсарын зерттеу қажет. Біріншіден, бұған тергеу толық жауап береді. Шамамен жансақтау бөліміндегі жаңа туған нәрестелердің 80%-ын шала туған және салмағы аз балалар құрайды. Біздің қызметімізде босандыру мен бала өлімі мәселесі алдыңғы қатарда тұрады. Бұл тұрғыда үлкен жұмыс атқарылып жатыр. Былтырмен салыстырғанда көрсеткіш биыл төмендеген. Бірақ тамызда қандай да бір себеппен көрсеткіш өскен. Тамызда – 26, қыркүйекте – 17», - деді Атырау облысының әкімі.
Ол бұл мәселеге қатысты шаралар қабылданатынын айтты.
«75 босанған әйел қалалық перзентхана мен басқа да ауруханаларға ауысты. Тергеу кезінде комиссия осындай ұсыныс берді. Денсаулық сақтау министрлігі мен басқа да органдардың комиссиясы жүйелі жұмыс жүргізіп жатыр. Әрбір ана мен бала өмірі бағалы, сол себепті бұл біз үшін үлкен қайғы», - деді Ноғаев.
Өңір басшысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы жұмыстан шығуға арыз бергенін, қазір оның арызы қаралып жатқанын айта кетті.
Үкімет кулуарында «тексеріс нәтижесінде дәрігерлердің кінәсі дәлелденсе, жауапкершілікті өзіңізге ала аласыз ба?» деген журналист сауалына Ноғаев «ала аламын» деп жауап берді.
Атыраулық дәрігерлер қорқып отырғаны туралы және Атыраулық дәрігерлердің сұмдық әрекеті әшкереленіп жатқаны туралы жазған болатынбыз. Прокуратура сәби өлімі фактілеріне ауқымды тексерулер жүргізуде. Атырау облыстық перзентханасының дәрігерлері президентке хат жазды. Атырау перзентханасындағы дәрігерлердің де айтары бар екенін хабарлағанбыз. Біртанов Атыраудағы дәрігерлер ісіне қатысты баланың өлімі туралы жазбаны өзгертуге болатынын айтты. Сондай-ақ, Атырау облыстық перинаталдық орталықтың босану бөлімі уақытша жабылуы мүмкін екендігін де жазған болатынбыз.