Депутаттар баспана мәселесін қайта көтерді
2019 ж. 12 қазан
1882
0
Депутаттар үй-күйсіз жүрген жарты миллион отбасыны баспаналы ету мәселесін көтерді. Жыл сайын миллиондаған шаршы метр баспана берілсе де, құрылыс қарқыны өте баяу. Сондықтан, пәтер кезегіне тұрғандар 50 жылға дейін жеке үйіне қол жеткізе алмауы мүмкін.
Депутаттар мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасына реформа жасаймын деп Мәжіліске келген Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрін сынға алды. «Нұрлы жермен» бой көтеріп жатқан үйлердің сапасы нашар. Шенеуніктер тарапынан бақылау аз. Құрылысшылардың лицензияларының мерзіміне өзгеріс керек деп есептейді депутаттар. Баспана салудағы тағы бір кемшін тұс – екпіннің баяулығы. Екі жарым жылдың ішінде үй кезегіндегілердің 6 пайызы ғана өз баспанасына қол жеткізген. «Алматы облысында 48 мыңнан астам азамат кезекте тұр. Бұл ретте соңғы үш жылда оған бар болғаны 18,7 млрд. теңге ғана бөлінген. Егер біз осындай қарқынмен тұрғын үй салатын болсақ, тіпті, енді 50 жылдың өзінде кезекте тұрғандарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мүмкін болмайды», – деді депутат Нұртай Сабильянов. «Нұрлы жердің» шапағатын көруге асыққан жұрт жан-жаққа сабылып жүр. Өйткені, мемлекеттік бағдарламаны іске асырумен «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі», «Баспана», «Қазақстан ипотекалық компаниясы» мен «Бәйтерек» холдингі айналысады. Атаулары басқаша болғанымен атқаратын қызметі бірдей. Осы жерде халық қалаулылары бір-бірін қайталайтын операторлар санын қысқартуды талап етіп, «қойшы көп болса, қой арам өледіге» келтірді.
Соңғы екі жылда «Нұрлы жер» бағдарламасына 414 млрд. теңге бөлінген. Биыл 13 млн. шаршы метр үй қолданысқа берілуі тиіс. Жыл аяғына дейін құрылысқа деп бөлінген бюждет қаржысы толықтай игерілмеуі мүмкін. Өйткені, салынып жатқан баспаналар саны аз. Депутаттар министр Атамқұловқа осы жағын қатаң қадағалауды талап етті.
qazaquni.kz