"Араша түсуіңізді сұраймыз": Халық қалаулылары Президентке ашық хат жазды
2019 ж. 09 қазан
4104
16
Қазақстан Республикасының Президенті
Қасым-Жомарт Тоқаевқа
Аса құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы!
Жамбыл облысының бір топ мәслихат депутаттары мен ардагерлері, Сізге хат жазудағы мақсатымыз – ҚР Су ресурстары комитетінің төрағасы Ислам Әлмаханұлы Әбішевтің біздің өңірде су шаруашылығы нысандарының басым бөлігі кеңестік кезеңде салынып, ұзақ жылдар бойы жөндеу көрмегендіктен, нақты қолданыстағы жүйелер іс жүзінде өз міндетін толыққанды атқара алмай, ел егін шаруашылығында үлкен нәтижеге қол жеткізе алмағанын сараптамадан өткізіп, 2017-2021 жылдарға арналған ҚР Агроөнеркәсіп кешенін дамыту мемлекеттік бағдарламасын жасақтауда үлкен үлес қосқанын жеткізгеніміз жөн.
Осы аталған бағдарлама Ислам Әлмаханұлының Су ресурстары комитеті төрағасы қызметін атқарып тұрған тұста ол кісінің орасан зор еңбегінің, байқампаздығының, жаңашылдығының және өз жұмысын облыс көлеміндегі барша су жүйесі нысандарын аралап көру іскерлігінің арқасында жасақталды.
Бүгінгі күнде, бағдарлама аясында 436 нысанды қайта қалпына келтіру, 86,2 мың игерлмеген суармалы жерді іске қосу жоспарланды. Одан басқа облысымызда жаңа 3 су қоймасын – «Ырғайты», «Қалғұтты» және «Ақмола» су қоймаларын салу енді.
Апатты жағдайдағы 3 су қоймасын қалпына келтіру, (ирригация және дренаж жүйелерін жетілдірудің екінші фазасы, үстіміздегі жылы Қапал каналдарын қалпына келтіру жұмыстары құрлысы басталды.
Қорыта келе, Ислам Әбішевтің бастамасымен бастау тапқан мемлекеттік бағдарлама толығымен іске асқан жағдайда Жамбыл облысына 70 млрд.теңге инвестиция кіреді, жылдық ішкі өнім 90 млрд.теңгеге өседі, су шығыны 2-2,5 есеге азаяды, ауыл шаруашылық дақылдарының өнімділігі 70 пайыздан жоғары артады.
Аса құрметті Президент мырза!
Кезінде Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы ақиқатқа көз жеткізіп, Әбішевті арашалап қалғаны белгілі. Ислам Әбішевтің қызмет барысында жіберген кемшіліктеріне кеңшілік жасап, осы аталған еңбектерін ескере отырып, Сіздің де араша түсуіңізді сұранған болар едік.
Жамбыл облысы мәслихатының депутаттары:
Б.Алдашов, Г.Тілеубердиева, Б.Қарашолақов, Г.Умаров, Д.Айтуленов, А.Нұржанов, Ж.Айтишев, А.Райқұлов, М.Ескендіров, А.Еділбаев, Г.Нұрымова.
Редакциядан: Өздеріңіз көріп отырғандай, бұрын Түркістан облысынан сайланған ҚР Парламентінің депутаттары мен облыстық мәслихат депутаттары ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың атына И.Әбішевтің әділетсіздіктің құрбаны болып кетпеуіне көмектесуін өтінген хат жолдаған болса, енді сондай хатты Жамбыл және Қызылорда облысының мәслихат депутаттары жолдап отыр. Сондай-ақ осы тектес үндеу Түркістан облысының Жетісай, Мақтаарал, Түркістан, Ордабасы, Арыс және Шардара аудандық депутаттары атынан да жөнелтіліпті.
Бұл нені білдіреді? Бұл – елге сіңірген адал еңбектің ешқашан далаға кетпейтінін білдіреді. Әйтпесе сол парламент, әсіресе, облыстық мәслихаттардың депутатының барлығы бірдей Ислам Әбішевті жете тани да бермейді, онымен тонның ішкі бауындай жақын араласқан ағайын-жекжат немесе жолдас-жора да емес. Бар болғаны олар азаматтың халыққа деген шынайы жанашырлығын, мойнына жауапкершілікті ала білетін іскерлік қабылет-қарымын лайықты бағалап отыр. «Сырт көз – сыншы» қашан да. «Сөзіне қарап кісіні ал, кісіге қарап сөз алма!» деген жоқ па Абай да? И.Әбішевтің сөзі мен ісі бір жерден шығатын болғандықтан бүгін ел ағалары араша сұрап отыр. «Ерді кебенек үшінде танып», адамдық қасиет көрсетіп отыр. Аталарына рахмет ол азаматтардың! «Халық» – Алланың екінші аты. Көптің тілегі ертелі-кеш орындалары, елі үшін көзсіз ерлікке барған адал жанның тар қапастан құтылып, ортамызға оралары хақ!
Өмірзақ Ақжігіт,
Қазақ үні