Қазыбек Иса. МОҢҒОЛИЯ ТҮГІЛІ РЕСЕЙМЕН ДЕ ҚАЗАҚША СӨЙЛЕСУІМІЗ КЕРЕК!
2019 ж. 09 қазан
5420
8
Алдағы аптадағы Қазақстан мен Моңғолия үкіметтерінің елордамызда өтетін кездесуі орыс тілінде өтпекші болып, үкімет жанталасып орыс-моңғол тілін білетін тілмаш іздеп жатқан көрінеді. Белгілі журналист-жазушы Қуандық Шамақайұлы Фейсбук парақшасында жазуы бойынша оған да осындай өтінішпен хабарласыпты. Бірақ бүкіл Үкіметтен табылмаған ұлттық намыс - Шамақайұлының шамына тиіп, бас тартыпты. Пұл үшін емес, Тіл үшін қаржылық пайдалы ұсыныстан бас тартқан Қуандық мырзаның қазақтық намысына бек ризамыз! Бұл туралы Абай.кз сайты да сынап жазды.
Егер Моңғол премьер-министрі Хүрэлсүхпен Қазақ премьер-министрі Асқар Мамин бұл екі елге де еш қатысы жоқ айдаладағы Ресей тілінде сөйлесетін болса, Маминнің отставкаға кетуін талап етуіміз керек! Бұл - Қазақ тілін- Мемлекеттік тілді - Мемлекетті қорлау!
Елдік қасиет, Ұлттық намыс бар болса, Тәуелсіз Қазақ Елі Моңғолия түгілі Ресейдің өзімен Қазақстанда ғана емес, Мәскеуде де Қазақ тілінде сөйлесуі керек аудармашы арқылы. Сонда ғана олар біздің осыдан отыз жылдай бұрын Тәуелсіздік алғанымызды естеріне түсіруге тырысады.... Сонда ғана "қазақтардың өз елі болмаған, өз тілдері жоқ" деп жүрген Жириновский сияқтылар ойлана бастайды... Азаттық алғанымызға аттай отыз жылдай уақыт өтсе де бұндай ой бастары түгіл үш ұйықтаса да түстеріне де кірмейтін, бұндай талап естісе талып қалатын біздің үкіметтен не үміт, не қайыр?!. Ал туысымыз, халқы бізден екі есе аз Әзірбайжан елінің демократ президенті Әбүлфейз Елшибей 1992 жылы-ақ Мәскеуде аудармашы арқылы әзірбайжан тілінде сөйлескені белгілі... Әй, бірақ бұны білетін біздің Үкімет бар ма?
Осы біздің билікте қазақтілділерге қарсы, орыстілділердің ұйымдасқан ұйымы бар-ау деймін... Әйтпесе, Қуандық Шамахайұлының "қазақ-моңғол тілінде аудармашы болып берейін" дегеніне неге қарсы болады?
Бұдан кейін Үкімет отырысын, еліміздегі де, шетелдердегі де халықаралық кездесулерді қатаң қадағалап отыруымыз керек!
Қазыбек ИСА
Qazaquni.kz