Тоқаев: Мен Сталиннің жақтаушысы емеспін
2019 ж. 07 қазан
2494
0
Біз, еуразиялықтар, бірге болуымыз керек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жуырда ғана Сочиде өткен Валдай форумына қатысты осындай пікір білдірді. Бұл туралы Президент өзінің Instagram парақшасында жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Жуырда Сочиде өткен Валдай форумында әлемдік саясаттағы Шығыс пен Еуразияның рөлі туралы қызу пікірталас өрбіді. Сонда Қазақстанның да, Ресейдің де Азия мен Еуропаның ортасында жатқан еуразиялық мемлекеттер екенін мәртебелі сарапшылардың естеріне салуыма тура келді.
Біз географиялық жағынан да, тарихи тұрғыдан да, менталдық ерекшелігімізбен де байланғанбыз. Осының бәрі саясатқа, өмір салтымызға, халықтарымыз бен мемлекеттеріміздің тағдырына ықпал етеді. Иосиф Сталиннің өмірбаянынан мына бір дерек орынды мысал болса керек.
1940 жылы Жапонияның Сыртқы істер министрін қабылдайды. Сонда Сталин Жапонияның Совет Одағына шабуыл жасауы ықтимал екенін біле тұра, «Біз, азиаттар, бірге болуымыз керек» деген екен. Әрине, мен Сталиннің жақтаушысы емеспін, дегенмен, оның пікірімен келісем: біз, еуразиялықтар, бірге болуымыз керек»,-деп жазды Мемлекет басшысы.
Айта кетейік, Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Президенті Владимир Путиннің шақыртуымен жыл сайын өтетін «Валдай» халықаралық пікірталас клубының XVI пленарлық сессиясына қатысты. Әлемнің ондаған елінен келген беделді саясаткерлер мен белгілі сарапшылардың, қоғам қайраткерлерінің басын қосқан биылғы форум ғаламдық геосаясаттағы Шығыстың рөлі тақырыбына арналды.