Тіл басқармаларын қазіргі мәртебесінде қалдыру керек - Тіл жанашырларының хаты
2019 ж. 26 қыркүйек
2639
1
Павлодар облысының әкімі Б. Бақауов мырзаға «Қазақ тілі» қоғамы облыстық ұйымының Басқармасы мүшелерінен
Құрметті Болат Жұмабекұлы!
Соңғы кезде облыс тілдерді дамыту жөніндегі басқармасын тарқатып, мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының құрамына қосады екен деген сыбыс естілуде. Біздің ойымызша, аталған басқарманы қазіргі мәртебесінде қалдыру дұрыс немесе оның құрамына мәдениет басқармасындағы архивтер бөлімін қосып, тілдерді дамыту және архивтер басқармасын құру тиімді. Өйткені, біздің облыс мемлекеттік тіл басымдыққа ие оңтүстік өңірлердегідей емес, өзіндік ерекшелігі болғандықтан тіл проблемасы толық шешілген жоқ. Оның үстіне Елбасының латын әліпбиіне көшу жөніндегі Жарлығына сәйкес іс-шаралар бағдарламасын жүзеге асыру міндеті туындады. Тілдерді дамыту және латын әліпбиіне көшу мәселелерімен осындай басқарма айналысса ғана көзделген мақсатқа қол жеткізе аламыз деген ойдамыз.
Алайда, кейінгі жылдары тіл мәселесіне байланысты біздің облыстың беделіне нұсқан келтіретін сыни материалдардың үсті-үстіне жарияланғаны және өзге де олқылықтардың орын алғаны жасырын емес. Мұндай келеңсіз жайттардың туындауына тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының басшысы Сәуле Османованың кәсіби біліктілігінің тиісті деңгейде емес екендігі, «Қазақ тілі» қоғамы мүшелерімен, жалпы тіл жанашырларымен ынтымақтаса жұмыс істей алмауы себеп болды деген пікірдеміз. Бұл проблеманы басқарма басшысын ауыстыру арқылы шешуге болады деген ойдамыз. Егер С. Османованың орнына жұртшылықпен тіл табыса отырып, мемлекеттік тіл саясатын нәтижелі жүргізе алатын жоғары білікті, іскер маман келсе іс оңға басып, жұмыс жүретіні анық.
Біздің осы пікіріміз бен өтінішімізді ескеруіңізді сұраймыз.
(Өтініш хатқа «Қазақ тілі» қоғамы Павлодар облыстық ұйымының төрағасы және Басқарма мүшелері қол қойған).
№10. 19.03. 2018
PS: Павлодар облысы тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы таратылып, жаңа басқарманың құрамына қосылды. Сәуле Османова болса сол жаңадан құрылған мәдениет, тілдерді дамыту және мұрағат ісі басқармасы басшысының тіл саласына жауапты орынбасары қызметіне тағайындалды...
Арман ҚАНИ,
Қазақ үні