Біз газетіміздің биылғы жылғы санында Түркістан облысы, Ордабасы ауданында «Алтынтөбе» өндірістік кооперативінің тізгінін көпке түсініксіз жолмен қолына алып алған Әбдімәлік Сатқанбаев есімді азаматтың бүкіл бір ауылды жайылым жерсіз қалдырып отырғаны жайлы жазған болатынбыз. Төраға «кооперативтен шықты» деген желеумен біраз адамның 700 гектарға жуық жерін өзінің кооперативке мүше емес екі баласына береді. Мысалы, Нұржан Тұрдыниязов деген ұлының атында 494 га, оның ішінде 174 га суармалы жер, Нұрбек Тұрдыниязов деген ұлының атында 59,67 га тәлімі жер берген. Ә.Сатқанбаевтың «кооператив мүшелігінен шықты» деп жүрген адамдар заң тұрғысынан шықпаған болып табылады екен.
Мысалы, №24 жер үлесіне құқық беретін куәлік Ордабасы ауданы әкімінің 10.03.1994 жылғы №67 шешімімен Шымкентбай Ағыбайұлына жалпы 66,20 га жер құқығы үлесі берілген /23,60 егістік жер, 2,54 га суармалы, 40,06 жайылмалы жер/. Бұл құжат Ордабасы аудандық жер қатынастары және жерге орналастыру жөніндегі комитетінде №24 санымен құқық беретін шарттар тіркеу кітабына тіркелген.
Ш.Ағыбайұлы «Алтынтөбе» өндірістік кооперативіне жоғарыда аталған құқық үлесімен мүше болып кіріп, өзіне тиесілі 23,60 егістік жер, 2,54 га суармалы үлес құқықтарын пай үлесіне сай жекеге ұзақ мерзімді пайдалануға жекеге шығарып алған. Ал, 40,06 га /қырық гектар, 06 сотық/ жайылым жерін «Алтынтөбе» ӨК-і төрағасы Ә. Сатқанбай ұзақ мерзімге жалпы пайдалануда деп бүгінгі күнге дейін сендіріп, бермей келген.
Яғни, «Алтынтөбе» ӨК-нің басшысы болып сайлаған Ә.Сатқанбаев мырза осы уақытқа дейін Қазақстан Республикасының «Өндiрiстiк кооператив туралы» заңының 13-бабын және «Алтынтөбе» өндірістік кооперативінің жарғысының талаптарын өрескел бұзып келген.
Қазақстан Республикасы «Өндiрiстiк кооператив туралы» заңының 13-бабында нақты былай көрсетілген: «Кооператив мүшесi өз қалауы бойынша кооперативтен шыққан, сондай-ақ, одан шығарылған жағдайда (осы заңның 11-бабының 1-ші және 2-ші тармақтары), кооператив мүшесiне оның пайы төленуге немесе берiлуге, сондай-ақ жарғыда көзделген басқа да төлемдер жасалуға тиiс.
Кооперативтен шығатын мүшеге пайын немесе басқа мүлiктi беру қаржы жылы аяқталып, кооперативтiң бухгалтерлiк балансы бекiтiлгеннен кейiн жүргiзiледi.
Кооперативтен шыққан мүшенiң кооперативпен келiсiм бойынша пайдың құнын төлеу заттай түрде мүлiктi берумен алмастырылуы мүмкiн.
Кооперативтен шығатын мүшеге, сондай-ақ кооперативтiң осы жылы алған пайдасынан оған тиесiлi бөлiгi оның бұл жылы кооперативте болған кезеңi үшiн төленедi».
Жоғарыда көрсетілген бірде бір заң тармақтарын кәзіргі «Алтынтөбенің» басшы Ә.Сатқанбаев орындамаған.
Сондай-ақ, Тайытбек Тұрлыбайдың 35,34 гектар, Құрманғали Төлендінің 21,4 гектар, Асан Ибрашовтың 20,2 гектар, Әбдіхан Нұрлыбайдың 16,3 гектар, Құралбек Сүлейменнің 2,66 гектар, Әлжаппар Нұрлыбайдың17,6 гектар, Теміртай Жолымбектің 6,10 гектар, Алмас Түктібаевтың 37,0 гектар, Әмір Карабековтің 57,0 гектар, жалпы, кооперативтің он үлескерінің аумағы 250 гектар жайылым жерін ұзақ мерзімге пайдалануда деп алдаумен бермей келген.
«Ал, аталған санаттағы даулы мәселелер Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 5-тарауының, «Өндірістік кооператив» туралы заң талаптарының және «Алтынтөбе» өндірістік кооперативтiң жарғысына сай реттелуге жатады...
Заңның 98-бабының 2-бөлігінде «кооператив таза табысы оның мүшелерi арасында, егер кооператив жарғысында өзгеше тәртiп көзделмесе, олардың еңбекке қатысуына сәйкес бөлiнетiні » бекітілген.
Осы баптың 3-бөлігінде «өндiрiстiк кооператив таратылған немесе кооператив мүшесi одан шыққан жағдайда, кооператив мүшесiнiң өз пайын бөлiп алуға құқығы бар » делінген».
Одан бөлек өзінің ААҮ МКеАҚ-ы Шымкент қаласы бойынша филиалы «Жер кадастры және жылжымайтын мүлікті техникалық тексеру» Департаменті Шымкент қала бөлімшесіне жазған «Алтын-Төбе» өндірістік кооперативінің мүшелерін шығару туралы хаттамалар және шешімдерді заңсыз деп тану, Ордабасы ауданы әкімінің 29.08.2003 жылғы №922 санды қаулысын «жер учаскелерін мемлекет арнайы қорына қайтару туралы» заңсыз деп тану, жер үлесіне құқықтарын қалпына келтіру туралы ТАЛАП-АРЫЗЫНДА «Қазақстан Республикасының «Өндiрiстiк кооператив туралы» заң шеңберінде және «Алтынтөбе» ӨК-нің жарғысында көрсетілгендей, кооператив мүшесi одан шыққан жағдайда кооператив мүшесiнiң өз пайын бөлiп алу туралы көрсетілген», – дейді бұл азаматтардың заңды қорғаушысы Н.Әбілдаев.
«Қолынан келіп тұрғанда, қонышынан басып қал», – деген қағиданы қатты жақсы көретін Ә.Сатқанбаев осындай ойына келгенін істеумен де шектелмейді, кепілдікке кооперативтің жерін қойып, «Валют-Транзит-Банктен» 5,5 млн.теңге несие де алады, бірақ, қайтармайды. Банктың жерді сатуға шығарудан басқа амалы қалмайды. Оны Е.Қалдыбаев есімді азамат электронды аукционда ұтып алып, жерге иелік етейін деп келсе, өндірістік кооперативтің атында ондай жер жоқ болып шығады. Ол жер бөлшектеніп, талай жеке тұлға мен ұйымға сатылып кеткен болып шығады. Діңкесі құрыған Е.Қалдыбаев та сотқа жүгінеді. Бірақ, Е.Қалдыбаевқа дейін ол жерді иеленіп қойған заңды және жеке тұлғалар өздерінің ісінің дұрыстығын сотта дәлелдеп береді.
Бүгінгі таңда істің жағдайы мынадай. Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы А.У.Капарбекова Шымкентбай Ағыбайұлының, Тайытбек Тұрлыбайдың, Құрманғали Төлендінің, Асан Ибрашовтың, Әбдіхан Нұрлыбайдың, Құралбек Сүлейменнің, Әлжаппар Нұрлыбайдың, Теміртай Жолымбектің, Алмас Түктібаевтың, Әмір Қарабековтің жауапкер «Алтынтөбе» өндірістік кооперативінің хаттамалары және шешімдері заңсыз деп тану туралы талап арызымен танысып, «арыз Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының соттылығына және сот өндірісіне қабылдауға жататынын, Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің 14-бабы 2-бөлігіне сәйкес сот ісін жүргізу тілі сотқа талап қою арызы (арыз) берілген тілге байланысты белгіленетінін, арыз қазақ тілінде берілген, сондықтан, іс жүргізу тілі қазақ тілі болып белгіленуге тиісті» екендігін анықтады. Және «Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің 163-165, 268-269 баптарын басшылыққа алып, аталған талап қою арызы сот өндірісіне қабылдансын, азаматтық іс қозғалсын, іс жүргізу тілі қазақ тілі болып белгіленсін.
Істі сотта қарауға дайындап, төмендегі көрсетілген әзірлік амалдары жүргізілсін:
1.Жауапкерге үш жұмыс күні ішінде талап арыздың және оған қоса берілген құжаттардың көшірмелері жіберілсін немесе ұсынылсын, сондай-ақ дәлелдерді негіздейтін дәлелдемелерді қоса тіркеп, талап қоюшы мәлімдеген талаптарға жазбаша пікірді талап арызды алған күннен бастап он жұмыс күннен кешіктірмей ұсынуға міндеттелсін.
2.Алдын ала сот отырысы 2019 жылдың 02 қазан сағат 12.00-ге белгіленсін.
3.Талап қоюшыдан ол мәлімдеген талаптардың мәні бойынша жауап алынсын.
4.Тараптарға Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің 46-бабында көрсетілген құқықтары мен міндеттері түсіндірілсін.
5.Өзге де қажетті іс жүргізу әрекеттері жасалсын, атап айтқанда:
- құжаттардың түпнұсқасы алдырылсын» деп Ұйғарым етті.
Жер дауы – қазақтың ең жанды жері. Билік бір жағынан қазақтың жерін шетелдіктердің сатып алуына және жалға алуына рұқсат етеміз деп қоқаңдауын қоймайды, жерді сатуға және шетелдіктерге жалға беруге біржолата тыйым салатын заң қабылдағысы келмейді, жергілікті жерде түрлі бишікештер де білгенін істегісі келеді... Біз соттың барысымен сіздерді хабардар етіп тұратын боламыз.
Істі өндіріске қабылдап, сотта қарауға әзірлеу туралы
Ұ Й Ғ А Р Ы М
2019 жылғы 12 қыркүйек Шымкент қаласы
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы А.У.Капарбекова талап қоюшы Ағыбайұлы Шымкентбай, Тұрлыбай Тайытбек Сайыпбекұлы, Төленді Құрманғали Сайыпбекұлы, Ибрашов Асан Маматиллаевич, Нұрлыбай Әбдіхан Мүтәліұлы, Сүлеймен Құралбек, Нұрлыбай Әлжаппар Сейтжаппарұлы, Туктибаев Алмас Чимкентбекович, Карабеков Амир Анарбекович жауапкер «Алтынтобе» өндірістік кооперативінің хаттамалар және шешімдерді заңсыз деп тану туралы талап арызымен танысып,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы аталған талап арызбен сотқа жүгінген.
Арыз Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының соттылығына және сот өндірісіне қабылдауға жатады.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің 14-бабы 2-бөлігіне сәйкес сот ісін жүргізу тілі сотқа талап қою арызы (арыз) берілген тілге байланысты белгіленеді.
Арыз қазақ тілінде берілген, сондықтан, іс жүргізу тілі қазақ тілі болып белгіленуге тиісті.
Іс уақытылы және дұрыс шешу үшін істі қарау алдында әзірліктер жүргізу қажет.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің 163-165, 268-269 баптарын басшылыққа алып, судья
ҰЙҒАРЫМ ЕТТІ:
Аталған талап қою арызы сот өндірісіне қабылдансын.
Азаматтық іс қозғалсын.
Іс жүргізу тілі қазақ тілі болып белгіленсін.
Істі сотта қарауға дайындап, төмендегі көрсетілген әзірлік амалдары жүргізілсін:
1.Жауапкерге үш жұмыс күні ішінде талап арыздың және оған қоса берілген құжаттардың көшірмелері жіберілсін немесе ұсынылсын, сондай-ақ дәлелдерді негіздейтін дәлелдемелерді қоса тіркеп, талап қоюшы мәлімдеген талаптарға жазбаша пікірді талап арызды алған күннен бастап он жұмыс күннен кешіктірмей ұсынуға міндеттелсін.
2.Алдын ала сот отырысы 2019 жылдың 02 қазан сағат 12.00-ге белгіленсін.
3.Талап қоюшыдан ол мәлімдеген талаптардың мәні бойынша жауап алынсын.
4.Тараптарға Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің 46-бабында көрсетілген құқықтары мен міндеттері түсіндірілсін.
5.Өзге де қажетті іс жүргізу әрекеттері жасалсын, атап айтқанда:
- құжаттардың түпнұсқасы алдырылсын және т.б.
Судья А.У.Капарбекова
Өмірзақ Ақжігіт
qazaquni.kz