ИСЛАМ ӘБІШЕВТІ ТРИЛЛИОН ҮНЕМДЕГЕНІ ҮШІН ТҮРМЕГЕ ТҮСІРГЕН КІМ? (видео)
2019 ж. 12 қыркүйек
12692
41
ОЛ БҰЛ ТУРАЛЫ СОТТА АШЫҚ АЙТАДЫ
Бүгін сағат 10-00-де Нұр-Сұлтан қаласында Хилтон Астанан қонақүйінде ҚР АШМ Су ресурстары комитетінің бұрынғы төрағасы, бүгінде тергеу изоляторында отырған Ислам Әбішевтің ісіне байланысты баспасөз мәслихаты өтті. Ислам Әлмаханұлы Әбішевтің адвокаттары Абзал Құспан, Ерлан Мәкенов және көрнекті жазушы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Дулат Исабеков жиылған журналистер мен блогерлералдында барлық сұрақтарға жауап берді. Ол қандай сұрақтар: - Сыбайлас жемқорларды триллиондық сыбағасынан айырған Әбішевті - Сыбайлас жемқорлыққа карсы іс-қимыл бюросы тұтқындағаны нені білдіреді?!. -Ислам Әбішев 1 трлн 300 млрд теңгені қалай үнемдеді? -Неге осындай мемлекетшіл азаматтар тұтылып, нағыз жемқорлар құтылып кетеді? -Елбасы Н.Назарбаевтың Әбішевті сол қызметке екінші рет қайта шақыруының сыры неде? -Әбішев пара алуға оқталды дейтіндей қандай дәлел бар? -5 айда 4 рет инфаркт алса да, Әбішевті үйқамаққа неге шығармады? -Әбішевтің тұтқындалуы кланаралық шайқастың басталғанын білдіре ме? -Халық қазынасынан 1 триллион 300 миллиард теңгені үнемдегені үшін түрмеге түскен парадоксты парық-пайымы бар ел қалай қабылдауда? Сонымен қатар Ислам Әбішевтің не үшін тұтқындалғанын анық түсінуге және оған қандай қатер төнііп тұрғанын сезуге болатын бейнебаян көрсетілді. Журналистердің барлық сұрағына нақты дәлелдермен жауап берген белгілі заңгер Абзал Құспан Ислам Әбішевке қатысты тергеу ісімен танысқандарын, бірақ бір де бір нақты айғақ табылмағанын, жазықсыз жала жабылып отырғанын жеткізді. Ол сонымен қатар "Қазақ үні" ұлттық порталына берген сұхбатындағыдай, Ислам Әбішевке Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бюросының тергеушілері жоғары лауазымды шенеуніктер - Өмірзақ Шүкеев, Асылжан Мамытбеков, Бердібек Сапарбаевтардың үстінен арыз айтса, тұтқыннан босатылатынын айтқанын мәлімдеді. Ислам Әбішевпен бірге тұтқындалған Дүниежүзі қазақша күрес федерациясының вице-президенті Серік Төкеевтің қорғаушысы адвокат Ерлан Мәкенов те дәл осындай ұсыныс Серік Төкеевке де жасалғанын, егер ол Ислам Әбішевтің үстінен шағымданса, тұтқыннан босатылатынын айтқанын жеткізді. Осы екі адвокат келтірген екі арандатушылық «ұсынысқа» байланысты "Қазақ үні" газеті президенті, ақын Қазыбек Иса: "Біз жаңа видеодан көргеніміздей және адвокаттардың дәлелді сөздерінен білгеніміздей, Ислам Әбішевтің ешқандай да пара алмағаны дәлелденіп отыр. Бұл тергеушілердің ісі 37-ші жылдардағы "Адам болса болды, айыптайтын жаза табылады" деген сөзін еске түсіреді. Ислам Әбішевтің жазықсыз екенін оған тергеушілердің жоғарыдағы аттары аталған шенеуніктерге жала жапсаңыз, түрмеден босатамыз деген ұсыныстары да айқындап отыр. Бұл "Ислам Әбішев ісі" кешегі Қазақстан Президенті Қ.Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында айтқандай: "Заңсыз және арандатушылық әрекеттерге барғаны үшін сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл органдарының қызметкерлерін қатаң жазалау керек. Ондай қызметкерлерге тергеу саласында орын жоқ!" – деген ауыр айыптауына нақты дәлел болып тұрған жоқ па?- деп сұрақ қойды. Бұған Абзал Құспан: "Иә, өте жақсы сұрақ, дұрыс айтасыз! Бұл Ислам Әбішев ісі Президент Жолдауында айыптағандай, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бюросының заңсыз арандатушылық іс-әрекеттеріне нақты дәлел бола алады. Себебі, Президент бұл жерде басқа құқық қорғау органдарын айтқан жоқ, дәл осы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бюросын нақты атады" деп жауап берді. Зиялы қауымның атынан Алматыдан келіп отырған әлемге әйгілі жазушы-драматург Дулат Исабеков Ислам Әбішевті алдында 300 миллиард теңге үнемдегені үшін негізсіз қудалаумен жұмыстан шығарылған кезінде Елбасымыздың өзі араласып, қайта жұмысқа шақырып алғанын және Нұрсұлтан Назарбевтың "Су мәселесінде мен тек Ислам Әбішевке ғана сенемін" деген сөзін мысалға келтірді. "Халықтың триллиондарын үнемдегені үшін Кеңес одағы кезі болса, "Социалистік Еңбек Ері" атағын беретін еді. Ал біз түрмеге қамаймыз. Баяғы 37-жылдар келгендей, кеше түн жарымда Ислам Әбішевтің бүкіл туыстарының үйіне тінту жүргізді. Төрт рет инфаркт алса да, қауіпті террорист секілді үйқамаққа да шығарған жоқ. Талай рет миллион долар алып жатып ұсталғандарды түрмеге де түсірмей ақтап жіберіп жатыр. Мен осы Ислам Әбішевтің ісі үшін Тұңғыш Президентке де, қазіргі Президентке де кірейін деп отырмын. Ертең 29 қарашада Швецияға, Стокгольмге кітабым шығуына байланысты бара жатырмын. Ол жерде де халықаралық құқықтық қауымдастықтар алдында бұл мәселені көтереміз. Не үшін олай қорлап отыр абзал азаматты? Бұлардың бар мақсаты «Он жыл тұрмақ, жиырма жыл берем десе де істемеген нәрсемді мойындамаймын» деген Ислам Әбішевтің рухын сындырып, істемеген ісін мойындату, егер оған көнбесе, абақтыда өлтіріп, Сталин айтқандай, «адам жоқ па – проблема да жоқ» дегізбек пе? ?"-деп, жазушы ашық наразылығын білдірді. Баспасөз мәслихатын қорытқан Абзал Құспан сөзінің аяғында Ислам Әбішев өзін не үшін және кімдер түрмеге түсіргенін сот үстінде ашық айтатынын ресми мәлімдеді. Баспасөз мәслихатын "Ислам Әбішевті қорғау комитеті" ұйымдастырды. Қазыбек ИСА, qazaquni.kz