«Тек қазақша сөйлейміз» акциясын ұйымдастыру ұсынылды
2019 ж. 27 тамыз
2781
3
Тілдер онкүндігі С.Торайғыров атындағы облыстық кітапханада «Тіл – рухани жаңғырудың бастауы» атты ақпараттық сағатпен басталды, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
Павлодар облысы мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Сәуле Османова онкүндік шеңберінде облыстың қалалары мен аудандарында елімізде тұратын этнос өкілдерінің мәдениетін, тарихын және тұрмысын насихаттайтын 150-ден астам іс-шара ұйымдастырылатынын атап өтті. "Басқармамыздың бастамасымен Қазақстан халқы тілдерінің ХХІ республикалық фестивалі және «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру шеңберінде 26 тамыз бен 5 қыркүйек аралығы облысымызда «Тілдер онкүндігі» болып жарияланды. Онкүндіктің мақсаты тілдерді дамыту, әсіресе, жастар арасында насихат жүргізу. Өңірімізде мемлекеттік тіл бойынша мәселе бар екені бәрімізге белгілі" - деді Сәуле Османова. Сондай-ақ қазіргі кезде латын қарпіне көшу үрдісі де жүріп жатыр. Осы бағыттарда жұмыс жасалады. Бүгінгі ақпараттық сағатымызға өңіріміздегі тіл жанашырлары келіп, тілді дамыту бойынша ойларын ортаға салуда. "Қазақ тілі" қоғамы облыстық филиалының төрағасы Социал Әйтенов тіл мәселесіне қатысты пікірін білдіріп, латын қарпіне үйрететін тегін сабақтар бар екенін айтты. "Бүгінде қазақ тілін балабақшада үйрету керек деген бастама көтерілуде. Баласын әкелген ата-ананың өздері қазақ тілін білмейді. Тәрбие отбасында басталады. Сондықтан ата-аналар өздері де ойлануы қажет. Оған қоса, мемлекеттік тілді білмейтін мемлекеттік қызметкерлер де бар. Оларға заң жүзінде талап қойылу керек. Ал, «Қазақ тілі» қоғамының қала, аудандардағы бөлімдерінде латын қарпі бойынша тегін сабақ беретін еріктілер бар. Тұрғындар келіп үйренулеріне болады", - деді Социал Әйтенов. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын, журналист Шолпан Байғалының айтуынша, тілді дамытуды алдымен мемлекеттік органдардан бастау қажет. "Қазір заман басқа болғандықтан, тілді дамыту үшін басқаша жұмыс жасау керек. Балабақша, мектептерде тиісті жұмыстар жүріп жатыр. Жауапты басқарма әкімдік пен органдарды мемлекеттік тілде сөйлетуі қажет. Тіпті, тіл басқармасының өзінде қызметкерлер өзге тілде сөйлеп жатса, халық қайда бармақ. Сондықтан қызметкерлердің алдында күнтізбе сияқты ақпараттық дүниелер қою немесе байқау өткізуге де болады. Осы онкүндік аясында 10 күн «тек қазақша сөйлейміз» деген акция ұйымдастырған да жөн. Бұл ақпараттың заманы болғандықтан, ақпараттық дүниелер көп жасалуы тиіс", - деді Шолпан Байғалы. Айта кетейік, «Тілдер онкүндігі» 6 қыркүйекте тілді кеңінен насихаттап, халық санасын серпілтуді және әр ұлттың ерекшелігі мен құндылығын көрсетуді мақсат ететін «Тіл – рухани жаңғыру тетігі» концерттік бағдарламасымен қорытындыланатын болады.