Арыс халқының тегіс баспаналы болуын қамтамасыз етсеңіз - Президентке хат
2019 ж. 23 тамыз
4625
6
Құрметті Қазақстан Республикасының Президенті
Қасымжомарт Тоқаев мырза!
Арыс қаласының бір топ еңбек ардагерлері, зиялы қауым өкілдері, қарапайым тұрғындардың атынан Сізге өтініш!
Биылғы маусым айының 24 ші жұлдызы мен 28 ші жұлдызы аралығындағы Арыс оқиғасы тек өз елімізге ғана емес алыс, жақын шетел ақпараттарына арқау болды. Бұл Қорғаныс Министрі айтқандай ешқандай «табиғат апаты» емес еді. Осымен кезекті төртінші рет жарылып, бірталай адам өмірін алып кеткен бұл жойқын жарылыс Арыс халқын осы күнге дейін әбіржітуде. Жарылыс салдары арыстықтардың көзін ашты, көңілдерін оятты. Биліктің саясаты өздері өмір сүріп отырған қоғамнан алшақ жүргендерін сезінді. Біз де іргелі елміз. Осындай тажалмен арпалысқан уақыттан кейін біздердің де айтар уәжіміз бар!
Біріншіден. Енді ары кетсе бір ай көлемінде бізде жауын шашын болады деп күтілуде. Себебі жаз айларында күннің ыстықтығы 50 градусқа жетті. Бірақ үйлері жермен жексен етіліп сүрілген жанұялар әйтеуір өлместің күнін кешіп келеді. Осы кезге дейін көптеген үйлерінің қабырғалары жарылған, алайда сүріліп тасталуға «даулы» үйлер сол күйі өз кезегін күтіп тұр. Дәл қазір сол адамдар қандай да бір акциялардан алшақ болмай тұр! Міне осы алдағы бір ай уақыт аралығында Арыс халқының тегіс баспаналы болуын қамтамасыз етсеңіз.
Екіншіден. Қазір жастар онсыз да сейсмикалық аймақта орналасқан Арыс қаласында «мұнан ары тұру қауіпті» деген оймен сырт жаққа кетпек ойда жүр. Себебі осыған дейін снаряд жарылысында «Снарядтарды алып кетеміз» деген сөздері қып қызыл өтірік болып шыққандарына халық бұл жолы да сенбей отыр. Міне осыған өзіңіз бас болып қоймадағы снарядтардың алып кетілуіне толықтай кепіл болуыңызды қалайды Арыс халқы. Осыған дейінгі айтылып келген өтірік, көпірме сөздерге сенуін сіз ғана тоқтата аласыз
Үшіншіден. Қалаға инфрақұрылымдар орнату. Жастарды сол жұмыс орындарына тарту. Инвесторлар тарту арқылы осы жарылысқа дейін де әлеуметтік жағдайы төмен, жұмыс орыны жоқ болып келген қала халқына жұмыс орындарын ашу. Ондай мүмкіншілікті сол келер инвесторларға салық төлемін ең төменгі деңгейге түсірсе табылары сөзссіз. (тек Қытайдан келер ескі құсқы зауыттарын кіргізбеу) Онсыз да 2015 жылдан бері тынымсыз жарылған снарядтардан экологиялық жағдай жақсы емес болатын бізде.
Төртіншіден. Жергілікті кәсіпкерлерге қашан өз аяқтарынан тұрып кеткенше ең төменгі пайызбен кредит беруді қолға алсаңыз. Өткендегі кәсіпкерлерге деп бөлінген 200 миллион теңге ешқандай тірлікке аспайтынын, ол тек халықты алдау екендігіне көңіл бөлсеңіз.
Бесіншіден қаламыздағы ауруханаға соңғы үлгідегі, заманауи медициналық құрылғыларды орнату. Себебі жоғарғыдағы айтылып өткендей экологиялық аймақта тұрып келуімізге байланысты және де соңғы жарылыстан соң қаламызда ауру сырқаулар күннен күн белең алуда. Бір ауру тарихын білуге бола дәрігерлер сонау Шымкент қаласына жібереді. Жұмыссыз, жұмысы бардың өзінің айлығы төмен болғандықтан халықтың көбі қалта жұқалығынан қаражат жинап МРТ, Узи т.б түсемін деп жүргенде уақыт өткізіп, ауруын асқындырып алып жатады.
Алтыншыдан. Міне енді бірер апта көлемінде мектептерде жаңа оқу жылы басталмақ. Сол жиылған бүлдіршіндер осы күнге дейін жүйкелеріне түскен ауыр салмақтан әлі күнге дейін айыға қойған жоқ. (сәл қатты шыққан дыбыстарға селт етіп қарау, түнде ұйқыларынан шошынып ояну т. с. с.) Міне осы жағдайдағы балаларды (психоэмоциональный стресс) тексеру, емдеу шараларын қолға алсаңыздар екен.
Жетіншіден. Арыстықтар осы күнге дейін Үкіметтің «Арыс қаласының әрбір тұрғынына 100 мың теңгеден өтемақы төленеді» деген қаулысына түсіне алмауда (мейлі, өз есептеріне келіп түсті, алып да жатыр) Сонда жерінен, үйінен 4 күн бойы безіп кеткен арыстықтарға берілер бұл қандай «өтемақы?» «Материалдық па, әлде «моральдық» па?
Арыс қаласы-теміржолшылар қаласы аталады, яғни тоғыз жолдың торабы. Орта Азия, Сібір, Ресей аймақтарын байланыстырып отырған жалғыз темір жол станциясы бізде орналасқан. Міне осы теміржолдан түсер пайда салықтарын тегістей ҚТЖ иеленіп кетеді. Дәл осыған ұқсас тірліктер бензин, газ саласында да орын алған. Жер, экология салықтары-тиын тебенді Арыс салық орынына төлейді да, басқа бар табыс салығын өздері алып кетіп отырады. Сонда Арыс қаласы сол монополистердің «ойын» алаңы болып қала бермек пе? Арыс қаласында тірлік етіп отыр ма, төлесін табыс-пайда салығынан. Міне, осылар арқылы қаламыздың экономикалық қаржысы да алға басып, әлеуметтік мәселелері көтерілер еді.
Мұның барлығы да қаламызда адам потенциалы-қала халқының даму индексі тұрақтап қалуына бірден бір себепкер болар еді.
Және де жаз кездерінде ауаның өте ыстық болуына байланысты осындағы халықтың денсаулығы біздегі белгіленген зейнет жасына жетпей сыр беріп қалып жатады. Осы жағын да зерттеп белгілі бір норма қарастырылса екен.
Мұны біздер Қазақстан Ресубликасының Президенті Сіздің «Әр адам құқығын қорғау-менің мақсатым» деген антыңызға берік болуыңызды тілей отырып, жарылыс салдарынан жанталасып, өз қаласынан, өз үйлерінен қашып, психикалық кезеңдерді басынан өткізген 56 мыңдай жергілікті халықтың талап тілегін ескереді деп санаймыз.
Арыс қаласы тұрғындарынан
20.08. 2019