Әділдік пен Адалдықтан адасып қалмайық! Президентке хат
2019 ж. 21 тамыз
5249
21
Қазақстан Республикасының Президенті
Қасым-Жомарт Тоқаевқа!
Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы!
Осыдан ширек ғасырдан астам бұрын Алаш ұранды қазақ телімге түсіп тентіреп кете жаздаған ғазауат кезеңде Елбасының қасынан табылып, ереуіл атқа ер салған, тебінгісі терге шірігенше халыққа мейлінше адал қызмет атқарған жандардың біреуі емес, бірегейі едіңіз. Адалдық пен Әділеттіліктің қадірін бір білсе Сіз білер деген ниетпен, ел тұтқасын ұстаған Өзіңізге бірер ауыз сөз айтайық, адал жанға араша сұрайық деп отырмыз.
Біз білетін, елі мен жұрты білетін Ислам Әлмаханұлы Әбішев – өз ұлтын, өз Отанын жанындай сүйетін, Елбасының ұстанған саясатына мейлінше берілген, мемлекеттің бүгіні мен ертеңі үшін жанын садақалайтын азамат. Ол кісіде мұрат та жалқы еді. Ол - Адалдық болатын. Бүгінгі күні сол өзі жанына артық қастерлеген Адалдығы үшін темір тордың арғы жағында, тергеуде отыр.
Біз, Шығыс Қазақстанның зиялы қауымы, оның ішінде жазушылар, өнер мен мәдениет саласында халыққа қызмет жасап жүрген азаматтары Ислам Әлмаханұлы істі болып, тергеуде отыр дегенді естігенде жағамызды ұстадық. Ислам Әбішев біздің облысымызда 2009 - 2012 жылдары аралығында Өскемен қаласы әкімі болып қызмет істеді. Біз осы жылдар ішінде Ислам Әлмаханұлының іс-әрекеті, имандылығы мен ізгілігіне қарап отырып, Адалдық пен Әділеттіліктің үлгі-өнегесі бола алатын періште жанның Қазақстандағы жанды бейнесін көргендей болғамыз. Басымда бағым, астымда тағым бар деп өзін халықтан биік қою, қолымда тұрғанда қарпып қалайын дейтіндей пасық пиғылдар ол кісіге жат еді. Шығыс Қазақстанның көптеген басшы азаматтары үшін Ислам Әбішев іскерлік пен іс-тәжірибенің, адалдық пен тазалықтың үлкен мектебі болғандығы рас. Ол кісі әкім болған жылдары Өскемен қаласы жаңарды. Жасарды. Көркейді. Рухани жаңғырды...
...Үш ғасырлық бодандық ботқасымен аузы-басын ғана емес, мұқым болмысын, тілі мен дінін мейлінше былғаған, ұлттық әдет-ғұрпынан адасып, мәңгүрт болуға шақ қалған Шығыстың қазағына үлкен Мешіт салып беріп сәждеге жыққан, имандылық пен ізгілік жиделібайсынына бет бұрғызған – Ислам Әбішев еді...
... Поэзия – өнердің пырағы. Басқа жұрттың поэзиясы бір төбе десек, Абайдай абызы бар қазақ поэзиясы – пенделерді Адам болып қалуға үндейтін бірден-бір насихат шырағы. Сондықтан, бүгінгінің поэзия алауы да Абайдың елі мен Абайдың жерінде жарқырай лаулап, күллі алаш жұртына үлгі-өнегенің нұры мен шуағын төгіп тұруы керек екендігін есімізге салған, салып қана қоймай облыс орталығы Өскеменге барша қазақтың арқар мүйіз ақындарын жинап, «Шығыс шынары» атты аса ірі мүшәйра өткізу дәстүрін енгізген де – Ислам Әбішев болатын...
...Елдің шетінде, жат жұрттықтардың бетінде жатқан Өскемен қаласында жергілікті ұлттан орыс ұлтының топаны әлдеқайда басым екендігі рас. Сол қаланың Тәуелсіз Қазақстанның меншігі екендігін паш етерліктей бір белгі қоюдың ретін таба алмай жүргенде, мұқым өңірге жанарын қадап тұрған Абылай шыңының кепештігіне еліміздің мемлекеттік Рәміздерін орнатып, самұрық қанатындай алып жалауымызды желбіретіп, атандай харіптермен ҚАЗАҚСТАН деген жазуды жарқыратқан да – Ислам Әбішев еді...
Ислам Әлмаханұлының басшылығы кезінде Өскемен жұрты алғаш рет тәуелсіз елдің бағы мен базары ерекше көркем, ерекше зайырлы болатындығын өз көздерімен көрді. Ол азаматтың идеялары – жасампаздықтың жарқын көрінісі, ел ертеңінің насихатшысы еді. Бұл жақсылықтардың барлығы бюджет қаржысының бір тиынына қиянат жасамаған әкімнің еңбегі, адалдығы екендігін сезіндік.
Күні кеше Шығыстан кетерінде өңір жұрты қимай қоштасқан Ислам Әбішевтей алаштың аяулы азаматы нахақтан істі болып жатқанын естігенде, Қазақстанның әлем алдындағы абыройын асқақтатып тұрған Адалдық пен Әділет атты ұлы шаңырағымыздың уығын әлдебір қаскөй аяусыз балталап жатқандай сезімде болдық. Күні кеше ғана Елбасы Ислам Әлмаханұлына өз қолымен «Құрмет», "Парасат", «Барыс» ордендерін табыстап, жақсы адамның мерейін тасытқан еді. «Мемлекет наградалары, Елбасы марапаты нағыз иесін жаңа ғана тапты» деп қуанған шығыс жұрты.
Құрметті Президент мырза!
Сіздің мұратыңыз Әділдік екендігін әлмисақтан білеміз. Сондықтан, Сіз Ислам Әбішевтей азаматтың ісіне сол адалдық тұрғысынан баға береді, оны қиянат пен жаланың қанды қылышынан арашалап қалады деп сенеміз! Әділдік пен Адалдықтан адасып қалмайық!
Ізгі ниетпен: Қазақстан Жазушылар одағы
ШҚО филиалы атынан, оның директоры
Ә.Қ.Қаңтарбаев
«Алтай асу» қоғамдық бірлестігі атынан,
оның тең төрағасы
Т.Түсіпбеков