Сыртқы істер министрлігі қазақстандықтарға ескерту жасады
2019 ж. 15 тамыз
3007
0
Сыртқы істер министрлігі шетелге заңсыз жұмысқа шығатын қазақстандықтарға ескерту жасады, деп хабарлады Sputnik Қазақстан тілшісі.
Министрліктің ресми өкілі Айбек Смадияровтың айтуынша, бүгінде Норвегияда заңсыз мауысымдық жұмыс істейтін қазақстандықтар бар. Олар Еуропаның басқа мемлекеттері арқылы шенген визасын алып, сол елге баруға асығады.
"Қазақстан азаматтарының Норвегияға заңсыз маусымдық еңбек көші-қон жағдайларына байланысты қоғам назарына келесі мәліметті жеткіземіз. Маусымдық жұмысқа рұқсатты рәсімдеу жөніндегі норвегиялық ережелер өте қатаң. Сондықтан Норвегияға Қазақстандағы басқа Еуропа мемлекеттерінің елшіліктері арқылы рәсімделген шенген визасымен баруға және осы елдің аумағында құжаттарды маусымдық жұмысшы ретінде беруге рұқсат етілмейді", - деді Смадияров бүгінгі баспасөз мәслихатында.
Оның сөзіне қарағанда, тиісті рұқсаттар мен визаларды Норвегияның Мәскедеугі елшілігі ғана береді. Барлық талап осы дипломатиялық миссияның ресми сайтында көрсетілген.
"Маусымдық келісімшарт Норвегияда алты айдан аспайтын уақыт істеуге мүмкіндік береді. Ал оның мерзімі аяқталғаннан кейін елден кетуді талап етеді. Интернетте өздерін шетелде жұмысқа орналастыратын агент ретінде жарнамалайтын "делдалдар" бар, азаматттарды осы алаяқтардан сақ болуға шақырамыз", - деп атап көрсетті Смадияров.
Министрліктің ресми өкілі шетелде жұмысқа тұрғызуды ұсынатын компаниялардың көбейіп кеткенін де жеткізді. Интернетте олардың жарнамалары өріп жүр. Аталған компаниялар жұмысқа тұрғызуға кепілдік бермейді. Бірақ ақшаны алып қалады. Ал Қазақстан азаматтары шетелге барғаннан кейін алданып қалғандарын түсінеді.
"Делдалдар жарнама жасап, шетелде жұмысқа тұрғызамыз дейді. Алайда адамдар сол жаққа барғаннан кейін алданып қалғандарын түсінеді. Елшілікке барып, көмек сұрайды. Сондықтан алдымен баратын елдің заңдары мен ережелерін оқып алған дұрыс. Сөйтіп, бәрін заңды түрде жасаған жөн", - дейді Смадияров.
Оның сөзіне қарағанда, қазақстандықтар көп жағдайда Еуропа елдеріне, сондай-ақ, Оңтүстік Кореяға жұмыс іздеп барады. Бірақ көбісі алданып қалғандарын айтқысы келмейді.
"Қазақстандықтардың Чехия мен Ұлыбританияға заңсыз барып, жұмыс істеу фактілері де бар. Олар туристік визамен кіреді де, сол жерде заңсыз жұмыс істеп кетеді. Ал оларды жіберген компаниялар қажетті құжаттарды әне істеп береміз, міне істеп береміз деп, алдап отырады. Иә, көп адам алданып қалғанын айтқысы келмейді. Содан арыз беріп шағымданбайды. Елшілікке барып, жағдайларын айтады. Болды. Бірақ ары қарай ішкі істер органдарына бармайды. Сондықтан барынша сақ болу керек", - деп ескертті Смадияров.
"Әсіресе, интернетте Оңтүстік Кореяда жұмысқа тұрғызамыз дейтін делдал компаниялар көп. Олар өз қызметі үшін 2000-4000 доллар алады. Бірақ ешқандай кепілдік бермейді. Ал Кореяға заңсыз барған адам не істейді? Әрине, берген ақшасын қайтарып алуға тырысады. Сондықтан заңсыз жұмыс іздеп кетеді", - деп түйіндеді Смадияров.