Ислам Әбішевті ел мемлекет мүддесін қорғаушы азамат ретінде жақсы біледі - түркістандықтар
2019 ж. 09 тамыз
3943
6
Қазақстан Республикасының
Президенті
Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа
Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы!
Сіздің назарыңызға, бір топ ел зиялылары атынан мемлекет игілігі үшін тер төгіп келе жатқан Су ресурстары комитетінің төрағасы Ислам Әбішевтің ісіне қатысты жазбамызды жолдап отырмыз.
Саналы ғұмырын мемлекетті өркендетуге арнап, осы жолда ерен еңбек етіп келе жатқан, мемлекет мүддесін қорғауда жан аямайтын адал да іскер басшы, руханиятқа қамқор, рухы биік қайраткер, игілікті істерімен исі қазаққа танымал Ислам Әбішевтің күтпеген жерден тұтқындалуы қалың елге ауыр әсер етті.
Оңтүстікті ордалы өлке етуде оңды істерімен танылған, Өскеменді өскелең қала еткен, су саласын ел мүддесіне жаратып келе жатқан, сол үшін Елбасының талай алғысы мен марапатын иеленген Су ресурстары комитетінің төрағасы Ислам Әбішевті ел мемлекет мүддесін қорғаушы, дарынды ұйымдастырушы, алғыр да адал азамат ретінде жақсы біледі. Ол осы қызметке кірісе салысымен, мемлекет қазынасынан алдымен 300 миллиард теңгені үнемдегенде билік тарапынан қолдауға ие болып, қарапайым халық та шынайы ризашылық білдірген еді. Кейін мемлекеттік бағдарламаға бөлінгелі тұрған 1 триллион 500 миллиард теңгенің 1 триллиондайын үнемдеген тұста бұл азаматтың істің көзін тауып, мемлекет мүддесін жоғары қоя білетін қызметкер екендігі үлгі ретінде баспасөзде кеңінен жария болды.
Осылайша елдегі әлеуметтік жағдайды дамытуға бағытталған кешенді жобаларды іске асыру барысында мемлекет қазынасынан жұмсалатын қыржы көлемін бірнеше есе азайтып, қомақты қаражат яғни, 1 триллион 300 миллиардтай теңге үнемдеп, халықтың игілігін арттыруға күш жұмсап жүрген Ислам Әбішевтің тұтқынға түсу себебін сыбайлас жемқорлықпен байланыстыруына сенгіміз келмейді.
Әдетте параға құмар адам қазына шығынын үнемдеуге емес, қайта көбейтуге тырыспай ма?
Бүгінде абақтыда жатқан Ислам Әбішев мемлекетіміздің жарқын болашағын қалыптастыруға деген ниетінен танған жоқ және осы бағытта аянбай қызмет етуде. Оның дәлелі ретінде дәл қазір түрмеде жатса да мойымай, ел қазынасын үнемдеудің жобасын жасап, ұсыныстар жасауда. Олардың мәтініне зер салсақ, әлеуметтік осал топтарды таяу арада баспанамен қамту, ауыз сумен қамту, автомобиль жолдарын жөндеу және салынып жатқан тұрғын алаптарға инженерлік коммуникациялық инфрақұрылымды жүргізуге бағытталып, 7 жыл мерзімге жобаланып жасалған, құны 4 триллион 365,0 млрд. теңгені құрайтын кешенді жобаны 5 жыл ішінде 1 триллион 745 млрд. теңге үнемдей отырып іске асыруды ұсынған. Мұндай қадам өз кезегінде қарыштап даму жолындағы зайырлы мемлекетіміздің берекесін арттыра түсетіні сөзсіз.
Біз білетін Ислам Әлмаханұлы әр сөзін іспен дәлелдей алатын азамат. Сондықтан оның ұсынысы жай дақпырт емес, нақты есеппен жасалған іске асатын ұсыныс екендігіне сеніміміз мол.
Осылайша бүгінгі күнге дейін бел шешпей еңбек етіп келе жатқан, ісі көпке үлгі боларлықтай белгілі азаматтарды дәріптеп, болашақ ел тұтқасын ұстайтын жандарға үлгі ету парызымыз десек. Осы жолда Ислам Әбішевтің қудалануы әділетсіздік деп ойлаймыз. «Халық айтса, қалт айтпайды» деген даналық сөзді ту етіп, төменде қол қоюшы мына біздер мемлекет басшысы, ел жанашыры ретінде Өзіңізге сенім артып, Ислам Әлмаханұлының бостандыққа шығуына қолдау көрсетеді деп үміттенеміз. «Тура биде, туған жоқ» деген даналық сөз бар. Осы ретте мемлекет болашағын баянды ету жолында жан аямай қызмет еткен жанға араша болуыңызды сұранамыз.
Аса құрметпен,
Түркістан облысындағы бір топ қоғамдық ұйым өкілдері.
Шалатай Мырзахметов, Қоғам қайраткері
Жарылқасын Әзіретбергенов, Түркістан облыстық «Ақсақалдар алқасы»
Әскербек Әбдіқадыров, Түркістан қалалық «Қоғамдық келісім кеңесі»
Жарқынбек Құлбайымбетов, Түркістан қалалық «Ардагерлер кеңесі»
Әзімбай Қожабаев, Түркістан облыстық «Ауған соғысы ардагерлерінің кеңесі»
Александра Пудовкина, Түркістан қалалық Славян этно-мәдени орталығы
Үсен Медетов, Түркістан қалалық Ахска түрік этно-мәдени орталығы
Бахадыр Ирисметов, Түркістан қалалық Өзбек этно-мәдени орталығы