Әкімдерді халық сайламай, халықтың жағдайы жақсармайды...
2012 ж. 10 қаңтар
1963
14
*Басқа басылымнан
«АҚ ЖОЛ» партиясынан ҚР Парламентi Мәжілісi депутаттығына кандидат, «Жас қазақ үні» газетінің Бас директоры, ақын, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Қазыбек Исамен сұхбат.
Жас қазақ: Сізді журналист, әріптес ретінде жақсы танимыз. Әңгімемізді кәсібіңізден емес, шығармашылығыңыздан бастасақ, қарсы болмайсыз ба? Қазыбек Иса: Мені көбіне жұрт танымал журналист деп атайды. Ең алдымен өзімді ақынмын деп есептеймін. Алматыға суретші болам деп келіп, ақын болып қайттым. 1984 жылы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының көркемсурет-графика факультетін бітірдім. Студент кезімде «Аудитория», «Тоғыз перне» деген жинақтарға жыр топтамаларым шықты. Оқуды бітіргеннен кейін елге кеттім. Оңтүстік Қазақстан облысы Шардара ауданындағы «Қызылқұм» орта мектебінде алты жыл мұғалім болдым. Алматыға Тәуелсіздіктің қарсаңында, 1991 жылы келдім. Бұл ең қиын жылдар еді. 1995 жылы «Керімсал» деген тұңғыш кітабым шықты. 2002 жылы «Қызыл жыңғыл» деген кітабым жарық көрді. 2008 жылы шыққан «Тәтті шөл» деген кітабым үшін халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты атандым. 2009 жылы «Мәдениет қайраткері» атағын алдым. Өткен қоян жылы да мен үшін жемісті жыл болды. Халықаралық «Шығыс шынары» мүшәйрасында бірінші орынды жеңіп алдым. Одан кейін «Тіл жанашыры» Құрмет белгісін алдым. 9 желтоқсанда «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығы» мерекелік медаліне ие болдым. 15 желтоқсанда «Құрмет» орденімен марапатталдым. «АҚ ЖОЛ» партиясының президиум мүшесімін. Жас қазақ: Сіз ақындық пен журналистиканы қатар ұштастырып жүрсіз. Сонда да қайсысын жүрегіңізге жақын тұтасыз? Қазыбек Иса: Ақындық – Алланың бізге берген нәсібі. Бойымыздағы қасиет. Журналистика – кәсібім. Қалам ұстағандардың бәрі журналистикаға жат емес. 90-жылдары әртүрлі кәсіппен айналыстық. Саудамен де, баспа ісімен де шұғылдандым. 2000 жылы «Неге газет ашпасқа?» деген ойға келіп, «Жас қазақ үні» газетін аштық. Қазір «Қазақ үні» деп атасақ деген ойымыз бар. Қаламгерлер де, қайраткерлер де: «Сендер бүкіл қазақтың сөзін сөйлеп жатырсыңдар, «жас» деген сөзді алып тастасаңдар қайтеді?» деп жиі ұсыныс айтады. Сайтымыздың аты да www.qazaquni.kz Жас қазақ: Сіз ақын, журналист қана емес, саясатта да белсендісіз. Жалпы, саясатқа, «АҚ ЖОЛ» партиясына қалай келдіңіз? Қазыбек Иса: 2002 жылы «АҚ ЖОЛ» партиясы құрылған соң, бір жылдан кейін бүкіл ақын-жазушылар осы партияға өте бастады. Өйткені, «АҚ ЖОЛ» партиясын біз бұрынғы қатып-семген партияларға ұқсамайтын бөлекше демократиялық қозғалыс, демократиялық жаңалық ретінде қабылдадық. «АҚ ЖОЛ» партиясының басындағы Әлихан Бәйменов бастаған атпал азаматтарға қарап, «қазақтың сөзін сөйлейтін бір партия болса, ол осы партия болар» деген оймен кірдік. «АҚ ЖОЛ» партиясы талай қиындықтарды бастан өткерді. Іштен жік шығып, «Нағыз Ақ жол» деген партия пайда болды. Кеше Талдықорғандағы ЖСДП «Азаттан» шығып, бізге қайтып қосылып жатқандар – кезінде «АҚ ЖОЛДА» болғандар. Партия бөлінген кезде кеткен адамдар. Олар өз мәлімдемесінде «Бізге «АҚ ЖОЛДЫҢ» жаңа мүшесі ретінде емес, қайта қабылданғандар ретінде қарауға да болады» делінген. Жас қазақ: Ол адамдарды қайта қабылдайсыздар ма? Қазыбек Иса: Қабылдаймыз. Бүгін астанада Президиум мәжілісі болды. Сонда қабылдады. «АҚ ЖОЛ» партиясының есігі әркімге де, қашан да ашық. Еліміздің саясатын іске асырғысы келетін, партияның жарғысын мойындайтын кез келген адамды қабылдаймыз. Жас қазақ: «АҚ ЖОЛ» бөлінгенде неліктен Бәйменовті қолдадыңыз? Қазыбек Иса: Болат Әбілев, Ораз Жандосовтар халықпен жоғарыдан сөйлесті. Бәрінен гөрі Әлихан Бәйменов ұлтқа жақын болды. Ұдайы ұлт мәселесін көтеріп жүрді. Халықтың көбі Әлиханды қолдағаны содан. Бұл – бір. Екіншіден, өзге басшылар «партия деген – партия басшылары және ақша» деп айта бастады. Бойларында шенеуніктерге тән қасиет көп болды. Кейбір партия басшыларының «ұлтшылдар менің алдыма келмей-ақ қойсын» деген сөзін де естідік. Сол кезде Әлихан Бәйменов маған: «Қазеке, байлар және кедейлер болып бөлініп жатырмыз», – деп хабарласты. Жас қазақ: «АҚ ЖОЛҒА» Азат Перуашевтың келуін өз басыңыз қалай қабылдадыңыз? Қазыбек Иса: Бір жыл бұрын Астанада Бәйменов президиум шақырды. Төрт жыл бойы бір теңге алмай жұмыс істеп жатқанымызға рахмет айтты. Төрт жылдан бері партияны қаржыландырып отырған кәсіпкерлердің жолына тосқауыл қойылған еді. «Бірақ бұлай болмайды. Партияның бойына қан жүгіруі керек. Жаңа адамдар келуі керек», – деп мәлімдеді. Әрқайсымызға жеке-жеке хат жазып, мән-жайды түсіндірді. Партияны сақтап қалу үшін бар амалды қарастыратынын айтты. Екінші шілдеге дейін құрылтай өткізбесек, 5 жылдық мерзіміміз бітіп, партия заңсыз болып саналатын еді. «Атамекен» ұлттық экономикалық палатасының, яғни кәсіпкерлердің партия құрмақ ойы болды. Партия құру өте қиын. Ақшамен шешіле салатын жұмыс емес. Партия құру оңай болса, біздегі қалталылар бір-бір партия құрып алар емес пе еді?! «АҚ ЖОЛ» он жылдан бері халық арасында беделді де, белгілі партия. Демократиялық партия болған соң, бұл өзгеріске оп-оңай келісе салынған жоқ. Тартыс болды. Соңында партияның бойына қан жүгіртетін жаңа адамдарға, жастарға жол берген жөн деп ұйғардық. Жас қазақ: Әлихан Бәйменовті ұлтқа жақындығы үшін қолдадық дедіңіз. Ал Азат Перуашевтың ұлтшылдығы қаншалықты? Қазыбек Иса: Алғашқыда менде де осындай күдік болды. Съезден бір күн бұрын президиум мәжілісінде Азат Перуашев: «АҚ ЖОЛ» партиясы «АЛАШ» партиясының ізбасары болуы тиіс» деп мәлімдеді. Бұл сөз күмәнімізді сейілтіп, жүрегімізді жібітті. «Бұл айта салған сөзі болар, кейін басқаша әрекет етер» деп те ойлап жүргендер болды. Олай емес екен. Көшеге шығып айқайлап жүрген партиялардың істемеген ісін істеп жатыр. Мысалы, Қызылордаға барғанда: «4 миллион қазақты қырғынға ұшыратқан Кеңес империясының мұрагері коммунистер кешірім сұрасын!» деп мәлімдеме жасады. Бұл сөз 20 жылдан бері бірде-бір партия, бірде-бір саясаткердің аузынан шыққан жоқ. Украина баяғыда, тәуелсіздік ала сала осылай мәлімдеген. Ұлттық экономиканы дамыту үшін шағын және орта кәсіпкерлерден үш жылға дейін қосымша құн салығын алып тастау мәселесін көтерді. Бұл да – ұлттық мәселе. Желтоқсан десе, әлі күнге дейін жасқанатындар көп. «АҚ ЖОЛ» партиясы болса, бәйгеге темір тұлпар тігіп, халықаралық мүшәйра өткізді. Жас қазақ: Сөзіңіз аузыңызда, елді дүбірлетіп жіберген 138-дің хаты мәтінінің авторы сіз екенін айтып, көптеген орыс басылымдары сынап та жатыр... Қазыбек Иса: Иә, осы өздеріңіз жақсы білетін, 138-дің хатын алайықшы. Ол хаттың мәтінінің авторы екенім айтылмас па еді, кейбіреулер мұны «биліктің тапсырмасы» деп бүйректен сирақ шығарып жатқан соң, айтуға тура келді. Хатты Мұхаңдар (Мұхтар Шаханов – ред.) ары қарай толықтырды, дамытты. Азат Перуашевтан мемлекеттік тілді қолдау туралы хат жазып жатқанымызды, оған қол қоюын өтіндім. «Мемлекеттік тілді қолдау керек болса, тартынбаймын. Менің атымнан қол қоя бер», – деп келісім берді. Жас қазақ: Кейін бас тартты емес пе? Қазыбек Иса: Жоқ, бас тартқан жоқ. Мәтінді көрмегенін, бірақ қол қоюға келісім бергенін айтты. Кейбір басылымдар «мәтінді көрмедім» деген сөзін «бас тартты» дегізіп, тонын теріс айналдырып көрсетті. Мысалы, қазаққа қарсы «Время» газеті Мұхтар Шахановтың да сөзінің өңін айналдыруға тырысты ғой... Азат Перуашевтың бастамасымен «АҚ ЖОЛ» партиясы «қазақ тілі жеке дара мемлекеттік статусқа ие болу керек» деп президуим мәлімдемесін жасады. Басқа бірде-бір партия 138-дің хатын қолдап, мәлімдеме жасаған жоқ. «АҚ ЖОЛ» партиясы Әлихан Бәйменовтің кезінде «Ұлттық тұжырымдама» қабылдады. «АҚ ЖОЛ» осы уақытқа дейін ұлттық тұжырымдаманы жасаған жалғыз партия болып отыр. Жас қазақ: Әлихан Бәйменовтің кезіндегі «АҚ ЖОЛ» мен Перуашевтің кезіндегі «АҚ ЖОЛДЫҢ» өзгешелігі бар ма? Қазыбек Иса: Қазір бізге кәсіпкерлер толқыны келіп қосылды. Кәсіпкерлер – істің адамдары. «АҚ ЖОЛДЫҢ» қос қанаты бар. Бірі – кәсіпкерлер, бірі – зиялы қауым. Ұлт үшін еңбек етіп жатқан Амангелді Айталы, Исраил Сапарбай, Ибрагим Исаев, Серік Тұрғынбеков, Ханбибі Есенқараева, Cмағұл Елубай, Кенжеғали Мыржықбаев, белгілі актер Асылболат Смағұлов, бұдан өзге де азаматтар бар қатарымызда. Осыдан бір жыл бұрын «Біздің әншілер мен спортшылар неге жағымпаз?» деген тақырыппен мақала жаздым. Біздің спортшыларымыз бен әншілеріміз халықаралық жарыстар, байқауларға қатысып, әуежайдан түсе салысымен «Нұр Отанға» кіреді. Олардың арасында кәсіпкерлер де бар. Бұл түсінікті алғаш бұзған кәсіпкерлер болды. Көбісі «АҚ ЖОЛҒА» кіріп жатыр. Бокстан Бейжің олимпиадасының чемпионы Бақыт Сәрсекбаев та қазір «АҚ ЖОЛДЫҢ» мүшесі. Бір өкініштісі, Қазақстанда он жыл тұрмағаны үшін үміткерлер тізімінен түсіп қалды. Бірақ біздің сайлау штабымыздың белсенді мүшесі. Жас қазақ: Жаңа адамдар, кәсіпкерлер «АҚ ЖОЛ» партиясының бағдарламасын өзгертуге ықпалы болды ма? Қазыбек Иса: Бұрынғы бағдарламамен салыстырсақ, заңды жетілдіру, салық жүйесі, кәсіпкерлікті дамыту, жұмысшылардың жағдайын жақсарту жағынан біршама оңды өзгерістер енді. Ұлттық мүддені ұстану жағынан шегініс жоқ. Керісінше, алға басу бар. «Қазақстанның азаматы болуы үшін қазақ тілі, тарихы және Конституциясынан емтихан тапсыруы керек» деген талап біздің тұғырнамамызда бар. Мұны Азат Перуашевтың өзі енгізді. Бұл сөзді басқа бірде-бір партия айтқан жоқ. Жас қазақ: Еліміздегі партиялардың ішінде «АҚ ЖОЛДЫҢ» алар орнын қалай бағалар едіңіз? Қазыбек Иса: Біздің партия о бастан: «Кемшілікті көрмеуге, жетістікті айтпауға болмайды» деген ұстанымда. Біз кемшілікті айтып қана қоймай, оны шешудің жолдарын көрсетіп келеміз. Ақты ақ, қараны қара деп айтамыз. Бізде тек қана ақты немесе тек қана қараны көретін біржақты партиялар бар. Біз өмірдің өз түсін көре аламыз. Жас қазақ: Сайлауға қандай ұранмен барасыздар? Қазыбек Иса: Біз «Алға өрлететін айшықты өзгерістер» деген бағытты алып отырмыз. Тәуелсіздігімізге 20 жыл толды. Елімізді әлем жұртшылығы таныды. Әйтсе де, еліміздің әрмен қарай дамуы үшін қоғамға өзгерістердің керек екені айқын сезіліп отыр. Заңдарды жетілдіруіміз қажет. Саяси өзгерістер де керек. Біздің парламент қазір нотариалдық кеңсенің о жақ, бұ жағында тұр. Үкіметте де, парламентте де бір партияның адамдары отыр. Үкіметтен келген заңды парламент қайтармайды. Басқа партиялар болса, пікірталас болар еді. Пікірталастан шындық туатыны мәлім. Өміршең заңдар қабылданар еді. Сондықтан, біз парламент пен мәслихаттың өкілеттілігін ұлғайту мәселесін көтеріп отырмыз. Еліміздегі саясатты жасап отырған – әкімдер. Шешуші тұлғалар аудан, қала әкімдері. «АҚ ЖОЛ» аудан, қала әкімдерін сайлауды ұсынады. Талдықорғанда бізден «Нұр Отаннан» айырмашылықтарыңыз не?» деп сұрағандар болды. Бұл сұраққа жауабымыз мынау: Біріншіден, «Нұр Отан» «Алаш» деген сөзді айтудан қорқады. Екіншіден, мемлекеттік тіл туралы заң қабылдамақ түгілі, оған қарсы. Парламенттің өкілеттілігін кеңейту, әкімдерді сайлау туралы айта алмайды. Салық жүйесін жетілдіру, кәсіпкерлікті қолдау мәселерінде біз батыл өзгерістерді талап етіп отырмыз және тағысын тағылар. Жас қазақ: Сіздер әкімдерді сайлау мәселесін көтердіңіздер. Бұл мәселенің толғағы жетті деп есептейсіз бе? Қазыбек Иса: Аудан, қала әкімдерін халық сайлайтын болса, көп жетістікке жетеміз деп ойлаймын. Әкімді халық сайламай, халықтың жағдайы жақсармайды. Бұл – аксиома. «Әкімдерді сайлауға халық дайын емес» деген қасаң түсінік бар. Президентті, депутаттарды сайлайтын халық әкімдерді сайлай алмай ма? Хан сайлаған, би сайлаған қазақ емес пе едік? Әкім халыққа есеп беретін болса ғана, оның жұмысы жанданады. Аудан әкімі халыққа есеп бермейді. Өзінен жоғары тұрған облыс әкіміне ғана есеп береді. Соған жақсы көрінсе болғаны. Халықтың мұң-мұқтажы еленбей жатқаны содан. Әкімдер қытай қорғанын жасап алған. Қабылдауында болу қиын. Өзенге түспей, ешқашан жүзуді үйрене алмайсың! Сайлауды бастамаса, қалай дайын болуға болады? Елу жылдан кейін де дайын болмайды. Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдау керек деп отырмыз. Парламентке барып жатсақ, осы заңды ең бірінші болып қабылдауға тиіспіз. 138-дің хатына байланысты митинг өткіздік. Орыс тіліне қатысты ережені Ата-заңнан алып тастаудан ең алдымен орыстілді қазақтар қатты үрейленді. Мемлекеттік тіл біреу ғана. 7-баптың 2-тармағын алып тастамай, мемлекеттік тіл еш уақытта дамымайды. «Өзенге түспей, ешқашан жүзуді үйрене алмайсың» – дегенді мемлекеттік тілге байланысты да айту керек. «Мемлекеттік тіл дами берсін, бірақ орыс тілінің мәртебесі сақталсын» деу – жаудың сөзі. Оны басқаша қарауға болмайды. Қазақ тілі мен орыс тілін қатар сақтау – бір қораға қасқыр мен қойды қамау деген сөз. Мемлекеттік тілді қолдауды ел бірлігін қолдау деп білемін. Толеранттылық деген сөзді Президент тек қана қазақтарға ғана қатысты емес, бүкіл қазақстандықтарға қарата айтты. 20 жыл бойы өзгелердің жағдайына қарап келген біздің Елбасыға алғыс айтуы керек олар. Мемлекеттік тілді үйретуге мәжбүрлемеу – олардың құқығын аяққа таптау. Мемлекеттік тілді білуге өзге ұлттардың хақысы бар. Бұған Конституцияның 7-бабының 2-тармағы кедергі болып тұр. Мемлекеттік тілге қарсылар – өзге ұлт өкілдері емес, ана тілін білмейтін билік басындағы қазақтар. Қызылордадағы Шервинин деген орыс азаматы: «Мемлекеттік тілді білмей біз қалай дамимыз? Қалай ел басқарамыз? Орыстар өкпелемесін!» – деп жазды. Клара Хан: «Қазақ тіліне қарсылық – қазаққа қарсылық!» – деді. Бұлай ойлайтындар көп. Жас қазақ: Тіл мәселесін жақсы айттыңыз. Одан кейінгі қоғамдағы ең өзекті мәселелерді атасаңыз? Қазыбек Иса: Тіл мәселесімен қатар дін мәселесі де ушығып тұр. Дін мәселесіндегі жарылыстар егер дұрыс шешілмесе, тіл мәселесіне де ауысуы мүмкін. 20 жыл ішінде әлеуметтік мәселелердің қордалануы да заңдылық. Оны қалай шешеміз? Ең бастысы – бізге әлеуметтік әділеттілік керек. Бай мен кедейдің арасы жақындатуға күш салу қажет. Бюджет қызметкерлерінің жалақысын коммерциялық қызметтегілердің жалақысына жеткізуге тиіспіз. Шетелден келетін жұмысшылардың санын барынша азайтылғаны ләзім. Мемлекеттік ЖОО-ларда 80 пайызы тегін оқу керек. Ал жеке ЖОО-ларда 40 пайызы мемлекеттік грант болуы тиіс. Ал медицинада жалақысы ортадан төмен отбасыларға мемлекет субсидия төлеуі қажет. Халықтың басындағы ең қиын мәселе – баспана мәселесі. Үлескерлер, өзін-өзі өртеп жатқандар бар. Банктердің бассыздығынан өлген адамның қарызы буыны бекімеген балаға артылып жатыр. Осы түйткілдерді жою үшін заңды жетілдіру мәселесін тұғырнамамызға енгіздік. Ипотекалық несие беру мәселесінде мынадай ұсынысымыз бар. Ипотекалық несие алғанда, алғашқы бала өмірге келгенде – 30 пайызын, екінші бала туылса – 50 пайызын, үшінші бала туылса – 80 пайызын қысқарту қажет. Төрт баласы бар отбасының несиесін мемлекет өз мойнына алуға тиіс. Бұл – ең үлкен жетістік болар еді! Мұндай жеңілдіктер болмаса, ана мен баланың жағдайын жақсартпасақ, халық санын 20 миллионға қалай жеткіземіз? Жас қазақ: Әңгімеңізге рахмет!Сұхбаттасқан Шадияр ӨСТЕМІРҰЛЫ
(Материалдың ақысы «Ақ жол» партиясының сайлау қорынан төленген)
«Жас қазақ» газеті