Нұрғали Ибрайым. Қарағандыда қайта серпілген намыс
2019 ж. 28 шілде
2782
0
Сарыарқа сапарынан
Армысың, Арқа! Бармысың,Қарағанды!
Менің жастық шағым, жалынды шағым Сарыарыарқа төрінде өтті. Шардара аулында онжылдық мектепті бітірген соң, Қарағанды мемлекеттік университетіне қабылдандым. Алғаш рет әділдіктің бағасын білдім, балын таттым.Мәңгіліс құрдас, айнымас достар таптым. Сынақтар мен емтихандар кезінде,студент үшін қомақты нәпақа стипендиядан қағылмау үшін, мақсат- жігеріміз мұқалмау үшін, қолынан келеген жәрдемін беруден аянбайтын ардақты әрі аяулы группаластарымды қалай ұмытамын?! Түні бойы өлең талдап,таңды атыратын ақын қыз-жігіттер ше?! Жастықтың отымен аңғармай жат қылық жасап қойсақ, шыр-пыр болып бесіктен бергі баурымыздай араша түсетін ұстаздар мен достарды айтсаңыз-шы! Студенттік құрылыс жасағында еңбек еткен думанды дәурен әлі есімде. Әсіресе, Қарқаралы тауының суретін айлы түнде қызықтап, жыр теретін кездерім көңіл сандығымда сақтаулы! Ағадыр ауданына қарасты, қазір «Жұмыскер» деп аталатын сол кезде Октябрьдың қырық жылдығы атындағы ауыл тұрғындарының мейірімді жүздері мен қонақжай қасиеттері ұрпақтар сабақтастығына лайықты өлмес өнеге тәрізді. Үстіміздегі жасақтың киімінен студент екенімізді байқап: - Айналайындар, келіңдер,төрге шығыңдар, сендер қонақсыңдар, ұялмаңдар. Таңертеңнен кешке дейін тыным таппайсыңдар, шаршап жүрсіңдер ғой! - деп көшеден шақырып алып, қымызға қандыратын қайран апалар қазір қайда екен?! Табаға қуырған баданадай қоңыр бидайы мен қарында сақтаған сары майының дәмі қазір де таңдайым да тұрғандай! Хош, студенттік жылдардың аяқталып,қимас достармен, саялы Сарыарқа, қазыналы Қарағандымен қоштасқанымызға да зымырап қырық жылдан аса уақыт өтіпті. Кешегі бозбала бүгін- ақ шашты қартқа, бойжеткен кең етек кейуанаға айналды. Түгеліміз зейнеттеміз. Жұмыстан қол босады.Сымсыз жылдам хабар алғызған ақпараттық заманның қызметін пайдаланып,құдайға шүкір, бір-бірімізден қол үзбей жиі хабарласып тұрамыз. Арамыздағы Серғазы, Шора, Рахметолла тәрізді жігіттер мен бірге Рауза қызымыз өмірмен ерте қоштасыпты. Аяулы жандардың жатқан жері жайлы,иманы серік болсын! Алыс-жақын жердегі достардың қалауымен жуырда сүйікті Қарағанды қаласында кездесу ұйымдастырдық. Әрине, алыста қалған қайталанбас шақтарды сағынамыз. Өткен күндерді іздейміз. Табанымыз тиген, қол ұстасып жүрген, адал дауыспен ән салған көшелер мен гүлзарларды қайта көргіміз келеді. Кітапхана мен театрлар да елестейді. Алаңдар алыстан қол бұлғайды. Асығып-аптығып, екі ай бұрын пойызға билет алып,аңсап Арқаға жеткенде, не көріп,не білдім, Қарағанды өзгеріп пе, бір кездерде мақсаты мен арманы егіздей ұқсас, құлындай қуысып, тайдай тебісіп қатар өсіп,бүгін сағынысып табысқан достарым ше? Қадірлі оқырман,сіздерді құрметтеп, сыйлай отырып, көрген-білгенімді, ой-пікірлерімді жасырмай бөліскім келді. Уақытыңыз болса, көңіліңіз қаласа, оқи отырарсыз.
Рахмет, қазақ қыздары! Жасай бер, Ана тілі!
Көз үйренгенше, таксимен жүрдім де, келесі күндері автобусқа міндім. Қаланың ішін асықпай көзбен көргім келді.Көптің арасында отырмын.Қос көзім сыртта. Көрінгеннің бәрі таныс, бәрі ыстық. Мынау- Кеншілер сарайы. Болат Бүркітов деген қуақылау студенттің әдемі әзілі есіме түсті. -Қарағанды қаласында шарап ішпейтін жеті адам бар,- дейтін ол күлімсіреп, Әлиге қарап: - Олар- Кеншілер сарайының үстіндегі алты ескерткіш. Содан соң Әли. Әли Тойжігітов - қазір «Қазақстан-Қарағанды» телеарнасының Бас редакторы. Талай журналистердің шебер ұстазы. Мынау- Бейбітшілік бульвары. Күндіз-түні кезген-жанға ыстық көше. -О,О, Мын-а-а-у—у - біздің жатақхана! Қалай дегбірің қашып,жүрегің толқымайды. Анау терезден жарты түнге дейін көшеге қарап, ұзақ отырушы едім.Жасыл көздері сығырайған таксилерді қызық көріп. Ана қиылыста азық-түлік дүкені болатын.Талай таптадық қой осы бұрышты. Төрт қабатты жатақхананың қараңғы жағындағы терезеден группалас қыздардың торға салып,сақтап қойған етіп ұрлайтынбыз. Ойыма қарағандылық ақын көкем Абзал Бөкеннің өлең шумақтары оралды: «Бесті» жуып байып көп күн, Қанға қуат беретін. Қыздар түгіл,ғайып бопты, «Портвейн-12-ің».
«Бульварда еді атағымыз, Шатағымыз көктемде. Айтпақшы әлгі жатағымыз, Банк болып кеткен бе?
Қайда сол бір бағасы бай, Жүйіткіген кез дүлдүлмен. Жас дәуреннің дәл осылай, Жалт берерін кім білген?!
Қалың қиялдың орманын аралап отырып, аңғармаппын. Шағын автобустың алдыңғы тұсында жас орыс келіншек жылап отыр. Көзінен сорғалаған жасы қайта-қайта сүрткенімен, алақанына әл бермейді. Үйде жанжал болған-ау, шамасы? Алдында кішкентай сәби үнсіз томпиып отыр. Жасын тия алмаған келіншек сотка арқылы болған оқиғаны әлдебіреуге ұзақ-сонар баяндап келеді. Әркім өзімен әуре. Келіншекке еріксіз көзім түседі. Ағылған жасына қарап жаным ашиды. Жаным ашығанымен қолымнан не келеді? Үйінен ашумен асыққан жас әйелдің қолында орамал да жоқ болып шықты.Тоқтаусыз ағылған жас бетін айғыздап жатыр. Осы тұста қазақтың тана көз, талдырмаш қызы ақырын жанына келіп,ылғалды орамалын берді. Жағдайсыз хәліне жасып,көңілі босаған келіншек,бейтаныс қыздың ұсынысына алғашқы мезетте қарсы болып, орамалды алудан бас тартса да,жанары мөлдіреген әдепті бойжеткеннің есіркеп емес, сыйлап тұрған шынайы ықыласына көніп, сүрткіш құралды қолына алды. Бетін сүртіп, жасын тыйып, көгілдір жанарларын жалт еткізіп, басын изеп алғысын білдірді. Көліктің іші ыстық. Келесі бір қазақтың жас қызы әлі де көз жасымен әлек болып отырған әлгі келіншекке қолындағы салқын суын ұсынды. Қажет емес деп қарсы болғанына қарамай, сыпайы ғана еңкейіп тізесіне қойды. Ызалы ана ыдыстағы судан бір-ер ұрттап,солығын басып,өз-өзіне келе бастады. Мен еліктей сұлу қазақ қыздарының табан астында көрсеткен мейіріміне еріксіз сүйсіндім. Атыңан айналайын, Арқа даласы, төсіңде иба мен инабат ұясы бұзылмапты. Көңілдің көркем бұлағы сарқылмапты. Сол мөлдір ағыстан жас бақша нәр алып,көктеп, тамырлапты. Ұрпақтар сабақтастығының ұласуы дегеніміз осы емес пе? Айналамда отырған басқа да ұлттардың өкілдеріне, жолаушы қандастарыма мақтанышпен масаттанып қарадым! Рахмет, бәрімізге бейтаныс, бірақ, ақ дидары мен мойылдай қара көздерінен сұлулық пен сүйкімділік шұғыласын таратқан, қазақ қыздары! Аттарыңа айтқан ағалық мың алғыс алғысымды қабыл алыңдар! Мен сендердің қарапайым ізет-тілектеріңді, жақсылық жасауға құштар жүректеріңді шыққан төрімде, басқан жерімде таратып жүремін,қарақтарым! Сендер ешкім айтпай-ақ, ешкім нұсқамай-ақ қазаққа тән ұлттық мұра мен мұратты таныттыңдар! Басқа ұлттың анасы мен баласының мейіріміне бөлендіңдер, құлындарымІ Олар сендердің аялы алақандарыңның жылуын есінде тұтып, жалғыз сендер емес, қазақ халқына деген пиғылы мен көзқарасын түзейді. Адалдық пен әділдіктің сөзін сөйлейді. Халықтар арасында бейбітшілік пен татулық осылай қалыптасады, жарықтарым! Сендер бойларыңа біткен мейірім мен шапағатты ешкімнен тартып,сатып алған жоқсыңдар, ол-ата мен анадан, ұстаздан, достан қанға жұғып, сүйекке қатқан қастерлі қасиет! Сендер отаншылдық пен ұлтжандылық қасиетін от пен оққа түспей-ақ, қарапайым, жібектей нәзік мінездеріңмен көрсетіп,үлгі еттіңдер! ... Мәңгіліктің құрдасы Саттар ақын аялап, армандаған қиял гүлісіңдер ме, қайдам?! Шағын көліктегі бақылаушы қызметкердің, жолаушыларды ана тілімізде қарсы алып, шығарып салып, хабарландыруларды қазақша жүргізген қызметі мені қуандырды. Қалғып кеткен намысымыз Қарағандыда қайта серпілген екен. Түсетін аялдаманың атауын ескертіп едім: - Жарайды, аға, алаңсыз отыра беріңіз, өзім хабарлаймын! -деп ежелден таныс бауырымдай іші-бауырыма кіріп барады. Ақ бесіктен,ана сүтімен қанымызға сіңіп,арымызға, барымызға айналған қасиетті тіліміз күмбірлеп тұр. Бақылаушы бауырыма алғысымды қайта-қайта айтып,жолаушылармен қимай қоштастым. Жайнай бер, жасай бер ардақты, Ана тілім! Иә, достар,бір ғана көліктегі алақандай ортадан осыншама мейірім мен шапағат сәулесіне бөленіп, жаным сүйсінді. Ал көшеде ағылған көліктер мен жолаушылар қаншама армандар мен сағынышты қауыштыруға асығып барады десеңіз-ші! Бар жүректе мейірім тұнып, ана тіліміз күй шертіп жатсыншы!
Керемет кездесу. Баяғы-Әли, сол-Әли!
Қарағандыда сағынысып табысқан достарымның бірі-Әли Тойжігітов. Ол бізден бір курс жоғары оқыды. Жаны жомарт,мінезі елгезек,үлкен мен де кішімен де тіл табысып кететін, барлық жанға қол ұшын беруге дайын тұратын Әлиді айналасы ерекше құрмет тұтатын. Ол өлеңге әуес, әдебиетке құмар еді. Бұл тақырыпта көп сырласып, көп пікір алыстық. Сынақтар мен емтиханға дайындалудың жолдарын жалықпай үйрететін. Шардараға таяу, жергілікті халық араласып-құраласып жататын Шымқорған облысының, Тимирязов атындағы кеңшардың тумасы болғандықтан, жерлес тұтып,ағалы-інідей сыйласып тұрдық. Ауылдан базарлық келсе, өзара бөлісіп жедік. Әлекеңнің жұбайы Мүслима сұлу біздің группаның қызы.Екеуінің танысып –білісіп, уыз махаббаттарының айрандай ұюына талай сеп болғанбыз. Кейін үйленіп, пәтерден-пәтерге көшкен күндерінде қара теңдерін қара нардай арқаладық. Қарнымыз ашып, ішіміз ұлыса , Мүслиманың шайын ішуге ылдилайтын едік. Әлимен амандық-саулық сұрасып,алқынған демімізді басып, қоштасып тұрғанда:-Нұрғали ,ертең керемет кездесу болады,келесің бе?—деді. –Қаласаң, маған соқ. Ертеңіне кездесуге дайындалдым. Оқырмандардың арт жағында қызықтап отырамын ғой деп ойладым.Күн ыстық болған соң, жеңіл киінгім келді. Жұбайым дайындап, костюм-шалбар кигенімді қалады.Асықпай Әлиге барсам,бұрынғы әдетінше күйіп-пісіп жүр. -Не болды, Әлеке, соншама,аптығып?—десем, -Қазір Жайық Бектұров атындағы кітапханада ақын Қажымұхаммед Дияқажыұлының шығармашылығына арналған кездесу басталады. Ақынның алғашқы кітабының шығуына арналған тұсаукесерде сен сөйлеп,тілек айтасың. Қазір теледидарға жедел сұбхат бересің. Ұйымдастырушылар солай ұйғарды. Жиынның төрағасы ақын, жазушы, журналист өзің танитын Төрехан Майбасов,- дейді Әлекең. Апам да аң-таң мен де аң таң. Ақын Қажымұхаммед Дияқажыұлы туралы жас кезімізде жоғары курс студенттерінен, жерлестерінен, жанымызға жақындау ұстаздардан үзіп-жұлып еститінбіз. Ол кісінің шығармаларының кеште болса, жарық көріп, көпшілікке таралып жатқанына, әрине, қуанып тұрмын. Ал қазір қәпелімде не айта қоямын. Оқу залының табалдырығын аттасам, Төрехан досым теледидар операторының алдында Қажекең шығармашылығы туралы сайрап тұр. Мені алыстан байқап, бас изеп, амандасты. Әңгімесін үзбедім. Төрехан бізден екі курс төмен оқыды. Өте сауатты, талантты жігіт. Әуелі Алматыда оқыған көрінеді. Олжас Сүлейменовке еліктейді. Танымал достары көп. Оқу бітірген соң да Төреханмен жиі арластым . Араға біраз жыл салып, бүгін көріп тұрмын. Қысылыңқырап отырмын. Қалалық, облыстық «Қарағанды-1», «Сарыарқа» теледидарының тілшілері маған қарай беттеді. Операторлары асай-мүсейлерін тосып,қоршап алды. Кезінде халық жауының баласы деп, өзін де жазықсыз күдікке іліндіріп, түрме азаптарын көп көруіне байланысты, өз кезінде шығармалары жарияланбаған ақын, сан-салалы өнерпаз ағамыз жайлы естіп-білгенімді асықпай айтып шықтым. Алдағы уақытта қалың қазақ ақын шығармаларымен танысып, Түркістан топырағына да Қажекеңнің аты жайылып, жанашырлары табылатыны шүбәсіз екенін айттым. Кездесу кешінде әдебиет сүйер қауымға бұрыннан танымал «Қоңыр белдер», « Қоңыр құлжа» сияқты еліне керекті елеулі еңбектердің авторы, бір жолығып, сырласуға шөлдеп жүрген Кәмел Жүністегімен, арқаның белгілі ақыны Тезекбай Раховпен,қарағандылық тағы басқа да танымал ақын-жазушылармен жүздесіп, ақын аруағына арналған Аста тұздас-дәмдес болғаныма Аллаға мың қата шүкіршілік айттым.Мың жылдық өмір сыйлайтын жақсы жандармен бір сәт қатар отырып,арқа-жарқа әңгімелескеніме, сыйласқаныма марқайдым. Арқа азаматтарының қонақжай төріне, әдебиетке әуес риясыз пейіліне тәнті болдым. Киелі Түркістан өңірінің азаматы, арамыздан шыққан ақын әрі қонақ деп қадірлеп төрге шақырып, сөз беріп, иығыма зерлі шапан жауып, құрмет көрсеткен Арқадағы ардақты ағайындардың алдында ұятқа қалмайын деп, аулымның намысын қорғап Сарыарқа даласына, Тәуелсіздік жолында құрбан болған алаш азаматтарына, Мағжан Жұмабаевқа, Сәкен Сейфуллинге, Саттар Ерубаевқа арнаған өлеңдерімді оқып, батасы мен бағасын алдым. Қарымды қаламгер, жасы сексеннен асса да қолынан қаламы түспеген Кәмел Жүністегі ағамыз кездесуге арнап әкелген жалғыз дана кітабын маған қолтаңбасын қалдырып, естелікке сыйлады. Мұнан артық қандай сый мен сияпат керек?! Менің жастық шағымның жалынды куәсі, сүйікті Қарағандым мені шабыт айдынында қайта шалқытты. Тербетіп, тебірентті. Сөз басында Әлимен екеуміздің арамыздағы достық пен бірге өткізген күндер жайлы аздап сипаттадым емес пе?! Жас кезімізде басымыздан өткен,бұрын ешкімге айтылмаған, қызық оқиғаны қырық бес өткен соң айтып берсем,артық болмас. 1973 жылы әр факультеттің студентерінен құрылыс жасағы құрылып,өз қалауызбен құрамына біз да қабылдандық. Жезқазған облысы, Ағадыр ауданының сол кезеңде Октябрьдың 40 жылдығы атындағы кеңшарға орналастық. Қарағанды қаласынан 150 шақырымдай қашық. Топтың аты- «Арай». Тұрғын үй соғамыз, мал қорасын күрделу жөндеуден өткіземіз. Таңғы сағат сегізден кешкі сегізге дейін тыным жоқ. Бір күні жұмыс қызып жатқан шақта, арамыздағы ақын әрі группалас досым Тортай Сәдуақасов екеумізді командир Тілек Сәдуақасов шақырды. Қарағанды қаласынан үй құрлысына қажетті кірпіш әкелуіміз керек. Алты «ГАЗ-53» маркалы су жаңа, темір қорапты жүк машинасы дайын тұр. Сол заманның асау тұлпарлары. Тәжірибелі шоферлар Қарағандыға желмен жарысып,әп-сәтте жеткізді. Бәрі орыс жігіттер. Завод кірпішті келесі күні артатын болды. Жүргізушілер қала шетіндегі қонақүйге, біздер өзіміздің жатақханаға жайғастық. Қалтамызда артық соқыр тиын жоқ. Үстіміздегі жұмыс киімі жыртық-жамау.Дәл сол күні тұрғын үйдің шатырына көмір қалдығын жайып-төсеп жатқанбыз. Шашымыз желкемізге түседі. Алғашқы күні жатақханада тұратын Әлидің бөлмесінен тамақтандық. Жатақхананың душында жуынып-шайынған болдық. Бәрібір түр-түсіміздің оңып тұрғаны шамалы. Қандай қырсық шалғанын қайдам,сол түні шоферлар мас болып, өзара төбелесіп, он бес тәулікке қамалыпты. Не ары да емес, не бері де емес, біз пақыр осылай далада қалдық . Әли университетте абитуриенттердің іс-құжатын қабылдайтын мемлекеттік комиссияның құрамында мүше. Дүрдей жауапты хатшы. Ерте тұрып жұмысқа асығады.Тортайдың облыстық «Орталық Қазақстан» газетіне шыққан өлеңі үшін 5-6 сом қаламақы келген екен. Ол қай жыртығымызға жамау болсын. Илалап келесі тәулікті өткіздік.Отрядқа қайтуымыз керек. Жолақы жоқ. Азығымыз таусылды. Қандай айла бар? Жатақханаларда жатқан абитуреттерді жағаладық.
- Ертең оқуға түссеңдер, қайтарамыз, бізге қазірше қарыз беріп, қарасыңдар,- дейміз ғой баяғы. Ешкім сенбейді,көнбейді. Түрімізге қарап,алаяқ не түрмеден шыққан бұзық деп ойлайды. Ауыр жұмыстан, суық суға жуынғандықтан қолымыз жара-жара. Ақыры айлаға көштік. Әлиді көндірдік. Келісім былай. Біз жатақхананың ішінде абитуренттермен жайбарақат әңгімелесіп тұрамыз, сол кезде Әли кездейсоқ көзге түсіп қалады. Ол біз шақырған кезде қорыққан болып,кері бұрылып, қаша жөнеледі. Оны қуып жетіп,ұстап алып, сабаймыз. Қалтасынан бірдеңе шығарып,жалынғанша тоқтамаймыз. Біз қолдан жасалған спектакльді айнытпай орындадық. Аюдың баласындай томпалаңдаған Әлиді кереуетке жығып салып, әуелі жұдырықтап алдық, желкеледік,арасында қытықтап та қоямыз. Қыза келе қолымыз қаттырақ тиіп те кетті. Шындап келгенде Әли бізге әл бермейді. Облысқа танылып қалған боксшы. Көз алдындағы«шайқастан» зәрес» ұшқан жатақханадағылар «аш бәледен-қаш бәле» деп, атағанын жинап жатты. Екі-үш бөлмеге концерт қойдық. Деп-демде жетілдік те қалдық. Жол ақыны да, студент достарға апаратын базарлығымызды тауып алдық.Әлидің еңбегін де бағаладық. Автобусқа шығарып салып, қоштасып тұрып: -Сендер ғой мәз болып,жолға шығып бара жатырсыңдар, ана балалар ертең мені университетте көрсе не ойлайды. –Қорқақ, бейшара ,- деп қолын шошайтатын болды, сыртымнан қорлап. Жә, жарайды сендер үшін жан пида!- деп күліп еді қашанда да жайдары қалпын бұзбайтын ақжүрек Әли. Аңғал да балаң сол замандастар қазір қайда екен? Өздеріндей арман қуған,қатардағы қарапайым студент екендігімізге әлі нанбай жүрген шығар ? Жанына қаяу түсіріп,суық суретпен есінде қалдық па? Азаннан кешке дейін еңбек етіп шаршаған түріміз, жүдеу киіміміз шынында үрейлі еді. Біреуінің ақырғы нәпақасын суырып алып, қиянат жасамадық па? Арада көп жылдар өтсе де санамды осындай уәйым мен ой қажайды. Мүмкін, Қарағанды көшесінде талай кездескен де шығармыз танымаған,байқамаған болар? Әлидің,Тортайдың шырын тілді шығармаларын қызығып оқыған да шығар? Жастығының астына сақтаған да болар? Таныстарына таныстырып,өткен оқиғаны есіне алып,еріксіз күлді ме,бәлки? Қайран құрдастарым мен қатарластарым ,қашанда да бақыт даңғылында қыдырыңдар, қуаныштың гүлшоғын құшақтаңдар! Алаңсыз,жастық шақтағы артық қылығымызды кешіріңдер! Иә, достар, Қарағанды осындай оқыс оқиғаларымен де есімде қалыпты. Қазір Әли мазмұнды- мағыналы бірнеше кітаптың авторы. Алқа мен Арқаның ардақты азаматы. Тортай Сәдуақасов-айтулы ақын. Талай адуынды сыйлықтардың иесі.Астанада. Жастық шақтың қуанышы мен қиыншылығын қатар көтерген аяулы, достар, қайталанбас қызықты майданның қаһармандары, қайда жүрсек те де жандүниеміздің асыл маржанын тоздырмайық, жоғалтып алмайық ! Жан адамды жасытпайық,әліміз жеткенінше, жақсылықтың жарығын жағайық! Келбетті кездесулерде,дархан дастархандарда қауқылдасып- қауышып тұрайық!
Нұрғали Ибрайым,
Шардара қаласы
Қазақ үні