Елжан Біртанов: Адамдар аурухана көмегіне шектен тыс көп жүгінеді
2019 ж. 26 шілде
2351
0
ҚР денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов қазақстандықтардың медициналық көмекті қаншалықты дұрыс қолданатынын айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Елжан Біртанов қазақстандықтардың қажет болмаса да, көп уақытын ауруханада өткізетінін айтады.
«Өзге елдермен салыстырғанда мемлекетімізде адамдар аурухана көмегіне шектен тыс көп жүгінеді. Яғни адамдар жиі әрі көп ауруханада жатады. Дәрігерге келіп қаралған соң, дәріні үйде немесе стационарда жатып қабылдауға болатын кездер болады», - деді Елжан Біртанов орталық коммуникацияларға өткен брифинг барысында.
Ведомство басшысының айтуынша, медициналық мекемелерде тәулік бойы дәрігерлердің бақылауында болуы тиіс, жағдайы өте ауыр адамдар жатуы тиіс.
«Әлем бойынша ауруханаға жатқызуға қатысты талаптар өте жоғары. Сол себепті олар қажет емес кезде науқастарды жатқызбау үшін бұл қызметті қымбаттатады», - деп қосты министр.
Естеріңізге сала кетсек, осы уақытқа дейін 2020 жылдан бастап елімізде балаларға дәрілердің тегін берілетіні туралы хабарлаған едік.