"Ислам Әбішев барлық жұмысты адал атқарғанына сенеміз" - тарбағатайлықтар
2019 ж. 24 шілде
4653
17
Әр заманның өзінің сол замандағы адам үшін, тұлға үшін өз зардабы, өз жақсылығы болған. Біреулер асыра мақталса, біреулер асыра датталған. Біздің бұл мақаланы жазу себебіміз де мемлекет қайраткері, Қазақстанымыздың өсіп өркендеуіне бір кісідей үлес қосқан, Елбасымыздың сенімді көмекшілерінің бірі болған, «Құрмет», «Парасат», «Барыс» ордендері мен бірнеше мемлекеттік медальдардың иегері Ислам Әлмаханұлы Әбішевтің басына қиын жағдай түскенін естіп, бір топ Ақсуаттықтар өз пікірімізді білідіруді жөн санаған едік. Ислам Әлмаханұлымен Шығыс өңіріне қызымет бабымен 2009 жылы Өскемен қаласына әкім болып келген кезден бастап таныс болдық. Үш жыл әкім болған Ислам мырза талай шаруаның басын қайырып, көптеген ауқымды істер атқарғанын қалалықтар жақсы біледі. Бұдан біздің білетініміз Ислам Әбішев Астана қаласына қызмет бабымен ауысқан кезде, Өскемендіктердің ол кісімен қимай қоштасқандары есімізде қалыпты.
Ал біздің айтпағымыз, өз басымыздан өткен оқиғаға байланысты.Табиғат шіркіннің дүлей күшіне кім қарсы тұра алған? 2010 жылы көктемде алапат су тасқынынының зардабынан Тарбағатай ауданының Көкжыра және Жәнтікей ауылдары су тасқынының астында қалды. Қариялардың айтуына қарағанда мұндай су тасқыны соңғы 100 жылда бұл аймақта болып көрмепті. Қас қағым сәтте ғұмыр бойы тірнектеп жинаған малынан, дүние-мүлкінен айырылып, үрей буған мындаған адамның басына «Енді не боламыз?» деген үмітінен гөрі күдігі басым шақ туған еді. Еліміздің, Елбасымыздың қамқорлығы арқасында біз сол қиындықты жеңдік. Елбасымыздың тапсырмасымен премьер-министрдің бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеев бастаған бірқатар министрлер мен ведмоства басшылары келіп, барлык жағдайды өз көздерімен көріп, шұғыл шешімдер қабылданды. Облыс көлемінде төтенше жағдайлар жөнінде арнайы штаб құрылды .Оны басқаруды мұндай шаруаның қыр-сырын жақсы білетін, тәжрибесі мол, іскер басшы Өскемен қаласының әкімі Ислам Әбішев мырзаға жүктеген еді. Оның себебі, осыдан бірнеше жыл бұрын Оңтүстік Қазақстанда болған су тасқынының зардаптарын жою жөніндегі жұмыстарда іскерлігімен, үлкен ұйымдастыру қабілетімен көзге түскен Әбішев мырзаның бұл жұмысты толықтай басқара алатынына сенімді болғандығын біз кейіннен түсіндік. Сол кездегі жанкешті әкім Бердібек Мәшбекұлы Сапарбаев Тарбағатайдағы жағдайдың қиын екенін біліп, Ислам Әлмаханұлын аудан орталығы Ақсуатта қалдырып, алғашқы шаруаларды ұйымдастыруды міндеттеді.
Шындығында да бұл мәслеледегі тәжрибесін Әбішев мырза бірден шебер пайдалана білді. Соның бірі халықты шашыратпай топтап ұстау, әрбір он үйге бір он басы, жүз үйге жүз басын сайлап, оны халықтын өзімен келісіп, хаттамамен бекітіп, барлық мәселелерді солар арқылы шешуді міндеттеді. Мұның ең үлкен мәнісі мен маңызы қатал тәртіпке бағыну болды. Үрейленген адамдар арасында ешкімге бағынғысы келмей, ештеңеге сенбей,билікке бағынбай, оны табалайтындар,теріс түсінік жүргізіп, бас – басына би болғысы келетіндерге тосқауыл қою үшін керек болды.Міне осындай психологияға толайым, тұтас тосқауыл қою Әбішев мырзаның тәжірибесімен ғана іске асты. Сол кездегі халықтың басындағы ауыр жағдай біздің әлі көз алдымызда, "Қызылағаш" қырғынынан кейін, шүкіршілік еткен жағдайымыз - үлкен ұйымдастыру жұмыстарының нәтижесінде тек адам шығыны болған жоқ. Ең басты жеңісіміз осы болды. Адамдарды құтқаруға ұшақ та, ауыр машиналар да, құтқарушылар да республиканың төрт бірдей облысынан тез арада көмекке келді.Міне, бұл мемелкетіміздің адам факторына деген ерекше қамқорлығы, күштілігі деп түсіндік. Ал оны шебер басқара білу,үйлестіре білу әрине, басшыларға байланысты екені айтпаса да түсінікті. Ауданда темірдей тәртіп орнатылды. Ауа жайылушылық, ұрлық-қарлық сап тыйылды. Әрбір тұрғыннан жауапкершілік талап етілді. Көмекке келген азық-түлік, материалдар, жем-шөп, көмір, ақшалай, заттай көмектер ашық түрде жүзеге асып отырды. Әрбір тұрғынның үй-жәйларын анықтауда да комиссия титтей де кемшілікке көзбояушылыққа жол берген жоқ. Жол берген адам қатал жазаланатыны ескертілді. Осы жұмыстардың барлығы он басы мен жүз басылар арқылы жүзеге асып отырды. Ислам Әлмаханұлының осы тәжрибесі бүкіл аудан, ауыл әкімдеріне үлкен көмек болғанын және керемет нәтижеге қол жеткізгенімізді бүкіл облыс мойындады.
Сөздің шындығы, осындай облыста ғана емес, республикаға танымал тұлғаның басымызға түскен қиын-қыстау кезде біздің аймаққа көмекке келуі, алапат апатты жеңуге және нәтижесінде тамаша заман талабына сай екі ауылдың салынуына үлкен үлес қосқанын біз ешуақытта ұмытпақ емеспіз. Ислам Әбішевке айтар алғысымыз шексіз. Біз Әбішев мырзаның қай жұмыста болмасын адал, барлық күш-жігерімен, білімі мен қажыр-қайратын жұмсайтын адам екенінен үнемі хабардар болып отырамыз. Алайда осы бір келеңсіз жағдайды естігенде сенер-сенбесімізді де білмедік. Себебі, біз ол кісіні мұндай әрекетке барады деп ойламаймыз. Зейнеткерлікке шығуына да аз ғана уақыт қалғанда басына осындай зұлматтың түсуі бізге қатты батады. Мүмкін, жала болар деген күдігіміз де бар екенін жасыра алмаймыз. Сол себепті құзырлы орындардың осындай ердің еліне сіңген ерен еңбегі еш кетпей, дұрыс шешім шығарар деген үміттеміз және сұраймыз!
Бұл хатты жазушылар:
С. Садықов, Көкжыра ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы, зейнеткер, еңбек ардагері, Тарбағатай ауданының Құрметті азаматы.
С.Ысқақов, зейнеткер, еңбек ардагері, Тарбағатай ауданының Құрметті азаматы, ақсақалдар алқасының мүшесі, Көкжыра ауылы.
Ж.Жұманбаев, зейнеткер, еңбек ардагері, Тарбағатай ауданының Құрметті азаматы, Жәнтікей ауылы ақсақалдар алқасының мүшесі.
Бақытжан Кемербаев, Көкжыра ауылының бұрыңғы әкімі, Тарбағатай ауданының Қурметті азаматы.
Айгүл Иманғалиева Дәуірбекқызы - сол кездегі Жәнтікей ауылының әкімі, Тарбағатай ауданының
Құрметті азаматы, «Ерен еңбегі үшін» және «Төтенше жағдай кезіндегі үздік қызыметі үшін» медалінің иегері
Кенжебек Шыныбаев Көкенұлы- сол кездегі аудандық мәслихаттың депутаты, Тарбағатай ауданының Құрметті азаматы.
Мұхаметсамат Отарғалиев - сол кездегі Жәнтікей ауылының жүз басы, «Төтенше жағдай кезіндегі үздік қызыметі үшін» медалінің иегері.
Оралов Оңғар – он басы, Жәнтікей ауылы.
Айтжанова Тыныштық қажы- батыр ана, «Алтын ана» медалінің иегері, Еңбек ардагері, Жәнтікей ауылы.
Иманов Жанарбек - «Наурыз» шаруа қожалығының иегері, кәсіпкер, Жәнтікей ауылы.
Оралбеков Сейіт - жүз басы,Көкжыра ауылы.
Шеннер Иван –он басы, Көкжыра ауылы.