АЗАМАТТЫҒЫ БӨЛЕК АЗАМАТ
2019 ж. 22 шілде
3415
13
Су ресурстары комитетінің төрағасы болған Ислам Әбішов жайында өз пікірімді айтқым келеді.
Ислам Әлмаханұлының аталған қызметке келгенге дейінгі ел игілігіне жасаған еңбегі халықтың көз алдында емес пе еді. Институт бітіріп, ат жалын тартып мінгеннен бүгінгі Пайғамбар жасына жеткенше Отаны мен халқына қызмет еткен, іскер де дарынды басшы, бүгінгінің тілімен білгір топ-менеджер аяқ астынан қалайша қылмысты бола қалды?!
Кімнің алдын кесіп өтті?! Оның еңбегін кезінде Елбасының өзі бағалап, марапаттап, бірнеше рет жеке қабылдаған да болатын. Оңтүстік Қазақстан облысының Ордабасы ауданын көгертіп, одан өсіп, облыс әкімінің бірінші орынбасары болды. Оңтүстіктің жаратылысы мен талабы бөлек халқының тілін тапты. Одан Шығыс Қазақстан облысындағы Өскемен қаласының әкімдігі сеніп тапсырылды. Ол жерді де гүлдендіріп, республикалық деңгейдегі қызметке шақырылғанда қала халқы қимай қоштасқаны есімізде.
Исекеңнің өнер адамдарына жасаған қамқорлығы қандай еді!
Өнер адамын қолдау – еліміздің өнері мен әдебиетінің өсуіне, әлемге танылуына қосқан үлес емес пе еді. Ислам Әлмаханұлының қамқорлығы қаламгерлердің шығармалар жазуына түрткі болып жататын. Сол жазғандары бүгінгі Тәуелсіз Отанымыздың тарихы емес пе? Сол қамқорлығын қалайша жер етеміз, неге жақсыны тез ұмытамыз?
ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Дүкенбай Досжанды Исекең тірі кезінде танымаған соң, араласа қойған жоқ. Бірақ, сол қазақтың тірі сөзінен тарих жасаған классик жазушы қайтыс болғаннан кейін, кіші отаны –Қызылордада ас бергізіп, еске алу кешін ұйымдастырды. Оның отбасын ешкім керек етпегенде қаламгер бауырларының басын қосып, халқының алдында естелік айттырған болатын. Сол жалғыз еске алу кешін өткізуге маған көмектесті.
Адамдар тірі жүргенде, астында аты , қолында билігі бар кезде дос көп болады екен. Өмірден өткенде тіршіліктегі пендешілігін қазбалап, отбасының бетіне салық етеді екен. Өмірден өткен адамды азаматтықпен, танымаса да еске алған осы - Ислам Әлмаханұлын көрдім.
Сондықтан қай кезде де, қандай жағдайда да мен және Дүкенбай Досжанның балалары Ислам Әбішевті қолдайтынымызды ел алдында білдіремін.
Сәуле ДОСЖАН,
Жазушы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері