Әшірәлі Бижан. Қазақстанға шетелдің мұнайшылары қажет пе?
2019 ж. 19 шілде
6000
1
Әйгілі мұнайшы Қазақстан Президентінің мұнайшыларға байланысты сөзін қолдады
Қазақстанның еңбек сіңірген мұнайшысы, әлемдегі ең үлкен мұнай қоры бар "Қашағанды" ашуға үлес қосқан Әшірәлі Бижан "Қазақ үні" ақпарат агенттігінің редакциясына хабарласып, қоғамдағы өзекті мәселелерге қатысты өз ойларымен бөлісті. Мұнай-газ саласында өмір бойы қызмет атқарған ол Теңіздегі оқиғаға, мұнай саласындағы кемшіліктерге, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жұмысына деген дербес көзқарасын білдірді.
- Президенттің Теңіздегі оқиғаға байланысты айтқан қазақ мұнайшыларының жалақысын шетелдік мамандармен теңестіру туралы айтқан сөздері маған қатты ұнап қалды. Жергілікті жұмысшылар мен шетелдік жұмысшылардың айлығын теңестіру керектігін айтты ғой. Мәселен, бізге шеттен келген мұнайшының керегі бар ма? Қазір мұнайшылық кәсіп қазақтың негізгі мамандықтарының біріне айналды. Өйткені қазақтардың мұнайды игергеніне бір ғасырдан асып кетті. Батыстың (Батыс Қазақстан облысы - ред) бәрі мұнайшы, Қызылорданың бәрі мұнайшы. Оларға мұнай саласында қызмет істеуді үйретудің қажеті жоқ. Бізге тек шетелдің технологиясы, техникасы болса жетіп жатыр. Теңіздегі оқиға неден туындады? Әділетсіздіктен! Шетелдік жұмысшылар жергілікті қазақтардан бес есе көп айлық алады. Осыған байланысты Тоқаевтың батыл тапсырмалары менің де, көптің де көңілінен шықты, - деді Әшірәлі Бижан.
Еске сала кетейік, ҚР Президенті мұнай саласында қызмет етіп жүрген жергілікті тұрғындардың жағдайын жақсартуды тапсырған болатын.
- Азаматтардың еңбек құқықтарына қорғауға ерекше көңіл бөлу қажет. Атырау қаласында мен бірдей жұмыс атқаратын жергілікті және шетелдік жұмысшыларға лайықты жалақы төлеп, әділеттілікті сақтауды тапсырдым. Үкіметке осы мәселенің анық-қанығына жетіп шешуді тапсырамын. Ұлттық мүдделерді қорғау барлық мемлекеттік органдардың басты мақсаты, - деген болатын Мемлекет басшысы Үкімет отырысында.