Қазыбек Иса. ҰЛТТЫҚ КЕҢЕС - ҰЛТТЫҢ ҮНІ БОЛУЫ ТИІС!
2019 ж. 18 шілде
16258
18
"БҰЛ ӘН - БҰРЫНҒЫ ӘННЕН ӨЗГЕРЕК!"
Ұлы ақынымыз Шәкәрімнің "Бұл ән - бұрынғы әннен өзгерек" -деген керемет өлеңі бар! Ол әнді талантты әнші қызымыз Тамара Асар әдемі шырқап жүр.
Кешелі бері Ұлттық қоғамдық сенім Кеңесі туралы түрлі пікірлер айтылып жатқанда, менің есіме Шәкәрім бабамыздың осы жыры түсті.
Иә, қанша адам болса, сонша пікір бар. Күдіктенушілерді де түсінуге болады. Өйткені, бұған дейін талай кеңестер мен комиссиялар құрылды. Көбісі ел көңілінен шыққан жоқ өкінішке орай...
Бірақ, бұл жолғы Ұлттық Кеңестің орны бөлек болуы тиістігіне көңіл аудару керек.
Біріншіден, Ұлттық Кеңес төрағасы - Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың өзі. Мемлекет басшысы мемлекеттік саясат талқыланатын кеңеске өзі басшылық жасаған соң Ұлттық Кеңестің рөлі мен мәртебесі биік болуы тиіс! Әрі Ұлттық Кеңес құру жолдан қосылған жоба емес - Қазақстан Президентінің сайлауалды бағдарламасында бар, Ұлықтау рәсімінде баса айтылған басты мәселелердің бірі болды. Енді міне, сәтін салып, іске асырылуда.
Екіншіден, Ұлттық Кеңес дер кезінде құрылып отыр! Яғни, заман тудырып отырған уақыт талабы. Өйткені қоғамда қызуы көтеріліп отырған мәселелер жетерлік! Жер мен Тілді сақтау, Парламент өкілеттігін арттыру, әділ сайлау мен әділ заңды талап еткен секілді саяси мәселелер, жемқорлықты жою, баспана мен жұмыссыздық секілді әлеуметтік-экономикалық мәселелердің алды алаңға шыға бастады... Ал көшеде, алаңда айтылар мәселелер алдымен Ақордадағы Ұлттық Кеңес алаңында шешімін тауып жатса, бұл xалыққа да, билікке де тиімді болатыны анық. Алдымен, адам ауырғанда қызуын өлшейді. Аурудың қауіптілік деңгейін анықтап, диагноз қояды да, емдеу жолдарын іздеп, іске кіріседі. Ұлттық Кеңес те қоғамдағы қызуы қатты, дертті мәселелерде дәл осылай сауықтырушылық та, сақтандырушылық та рөл атқаруы керек. Әр күрделі мәселенің дәл шешімін анықтап, ұтымды ұсыныстарын мемлекет басшысына беріп отыратын кеңесші орган болады деп білеміз.
Үшіншіден, бұл Ұлттық Кеңес жоғарыда айтып өткеніміздей, бұрынғы құрылған кеңес, комиссиялардай, уақытша құрылған, бір мерзімдік емес, Қазақстан Президенті жанындағы тұрақты кеңесші орган.
Төртіншіден, Ұлттық Кеңес құрамына көбісі өз саласының маманы, өз ісінің шебері дерлік, тұрақты түрде көтеріп келе жатқан мәселелерінде тұжырымы айқын, тұғыры берік қоғам қайраткерлері, саясаттанушылар мен құқық қорғаушылар, әр түрлі қоғамдық-саяси ұйымдардың өкілдері кірген. Өңірлерде де елдің сөзін сөйлеп жүрген азаматтар да бар екен.
Мысалы, Ұлттық Кеңес құрамы жариялана салысымен әлеуметтік желілерде, фейсбукта "Ұлттық Кеңес құрамында ұлтшыл ақын Қазыбек Иса бар екен, енді Ұлттық мүдделеріміз, мемлекеттік тіл мәселесі көтерілетін болды" деген құптаған, қолдаған пікірлер жазылуда. Өзіме тікелей xабарласқандардың барлығы да ең алдымен осы ұлттық мәселелерді, әсіресе, бір-бірінен бөліп қарауға болмайтын Тәуелсіздіктің негізгі тіректері - Тіл мен Жер мәселесін қадап айтуда. Мені қолдап жатқан барлық тілектестеріме, ұлтын сүйген ұлтшыл азаматтарға алғысымды айтамын. "Ақ жол" партиясынан Ұлттық Кеңеске мені ұсынған партия төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашевке де раxмет. Яғни, ел менің негізгі тақырыбым, басты мақсатым - Ұлттық мүддені қорғау екенін жақсы біліп және үміт артып отыр. Ендеше, менің негізгі жұмысым - Елдің жауапкершілігі зор, артар жүгі ауыр, үлкен үмітін ақтау болатыны анық! Бұндай зор мақсат, ауыр жүкті Ұлттық Кеңестің мүшелерінің бәрі біліп-сезініп отыр деп білемін.
Иә, "БҰЛ ӘН - БҰРЫНҒЫ ӘННЕН ӨЗГЕРЕК!" және Халықтың әні болады деп білеміз.
Ұлттық Кеңес -Ұлттың үні болуы тиіс!
Қазыбек ИСА,
"Қазақ үні" газеті,
Qazaquni.kz