Сапарбаев Арыс тұрғындарын еңбек етуге шақырды
2019 ж. 12 шілде
2619
0
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев пен ҚР Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев Түркістан облысы Арыс қаласының ардагерлер кеңесі мүшелерімен кездесті, - деп хабарлайды baq.kz.
Ведомстводан хабарлағандай, ардагерлермен кездесу барысында бірқатар өзекті мәселелер, соның ішінде Арыс тұрғындарын жұмысқа орналастыруды қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.
«Еңбек министрлігі мен Түркістан облысының әкімдігі қала тұрғындарының жұмысқа орналасуына және жеке кәсібін ашуға көмек көрсетеді. Ешкім жұмыссыз қалмайды. Бұл мәселе ерекше бақылауға алынған», - деп атап көрсетті Сапарбаев.
Сонымен қатар, ол қаланы қалпына келтіру, тұрғын үй, әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандарды жөндеу жұмыстарына Арыс тұрғындарын өздерін де белсенді қатысуға шақырды.
«Бұл жұмыс үшін еңбекақы төленеді, бір айда орта есеппен 150 мың теңге табуға болады. Диванда жатып алып жақсы нәтижелерге қол жеткізу мүмкін емес екендігін жерлестерге жеткізулеріңізді сұраймын. Мемлекет беріп отырған мүмкіндіктерді барынша пайдалануымыз керек», - деді Сапарбаев.
Сонымен қатар, ведомство басшысы Арыс тұрғындарын арандатушылыққа ермеуге шақырды.
«Кейбір жерлестер жекелеген адамдардың жалған ақпараты мен арандатуына еріп кетті. Күллі Қазақстандықтар Арыс тұрғындарына қол ұшын созған сәтте, олардың кейбіреулері өздерінің талаптарын алдыға тартты. Арандатушылардың арбауына түспеуіміз керек!», - деді Сапарбаев.
Министр Елбасы мен Президенттің тапсырмасы бойынша Арыс қаласының тұрғын үй, әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандарын қалпына келтіру жұмыстарының жалғасып жатқанын атап өтті. Қалпына келтіру жұмыстарына Қазақстанның барлық өңірлері, ұлттық компаниялар мен бизнес-құрылымдары белсене атсалысуда.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, іссапар барысында Бердібек Сапарбаев Түркістан облысының бірқатар аудандарын аралады, сондай-ақ әлеуметтік мекемелер мен жұмыспен қамту орталықтарының жұмыс барысымен танысып, «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы» мен Шымкент қаласының Жұмыспен қамту орталығына барды.