6 адам қаза тапты. Ақмола облысында жантүршігерлік жол апаты болды
2019 ж. 09 шілде
1266
0
Ақмола облысы әкімінің орынбасары Марат Иғали Екатеринбург - Алматы автожолындағы ірі жол көлік апатынан тірі қалғандардың жағдайы туралы айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Иғали Instagram желісіндегі парақшасында Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаевтың тапсырмасымен жол апатынан зардап шеккендерге Астрахан ауданы әкімінің қызметін атқарушы Жанар Шахпутова барып қайтқанын мәлім етті.
"Қазіргі уақытта зардап шеккендердің бірі Нұр-Сұлтан қалалық ауруханасына жеткізілді. Оның жағдайы тұрақты ауыр. Тағы бір сырқат аудандық ауруханада жатыр, оның да жағдайы тұрақты ауыр, оны тасымалдауға жарамайды. Тағы бір әйелге ота жасалды. Оның екі баласы Нұр-Сұлтандағы туыстарына жіберілді", - деп жазды облыс әкімінің орынбасары.
Оның сөзінше, апаттан зардап шеккендердің бәріне қажет көмек көрсетіліп жатыр.
"Қаза тапқандардың туыстары мен жақындарына көңіл айтамыз", - деді Иғали.
Еске салайық, жол апаты 8 шілдеде Ақмола облысының Астрахан ауданы, Ягодное ауылының маңында Алматы - Екатеринбург тасжолында болған. Үш көліктің соқтығысуы салдарынан алты адам қаза тапқан. Тағы алты адам ауруханаға жеткізілген еді. Облыстық ДП баспасөз қызметінің ақпараты бойынша, ҚР ҚК 345-бабы, 3-бөлімі бойынша сотқа дейінгі тексеріс басталған. Сот-медициналық сараптама тағайындалады.