Бердібек Сапарбаев Әбу-Даби Плаза жұмысшыларының наразылық таныту себебін айтты
2019 ж. 04 шілде
2733
0
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев Әбу-Даби Плаза жұмысшыларының наразылық таныту себебін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
"Әбу-Даби Плазаға қатысты айтар болсам, таңертеңнен ол жерде қала әкімінің орынбасары, еңбек инспекциясы және бақылау комитеті төрағасының орынбасары болды. Бастапқыда мынадай талаптары болды. Біріншісі түскі асқа қатысты. Жұмыс беруші түскі асқа 500 теңге төлейді. Шетелдік жұмысшылар арнайы асханада тамақтанады. Ал қазақстандықтар 500 теңгенің аз екендігін айтып, үстемелеуді сұрап отыр. Екіншісі жұмыс уақытына қатысты. Үшіншісі жалақыға қатысты болды", - деді министр Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта арнайы комиссия құрылған. Осы комиссия орын алып отырған оқиғаның мән-жайын анықтайтын болады.
"Комиссия қазақстандық жұмысшы қанша, шетелдік жұмысша қанша жалақы алатынын анықтайды. Еңбек кодексіне сәйкес, егер еңбек ету жағдайы барлығына бірдей болса, онда жалақы да бірдей төленуі керек. Сондықтан бұл жерде қандайда бұзушылық болса, онда біз құқық қорғау органдарымен бірге шара қолданамыз. Шындығына келер болсақ, Әбу-Дабиге, жалпы осы мәселеге соңғы нүкте қою керек", - деді Бердібек Сапарбаев.