Арыстағы алғашқы апатты сөндірген Ислам Әбішевті елі іздеуде
2019 ж. 03 шілде
18301
9
Бүгінгі таңда «Арыс мәселесін» тез әрі түбегейлі шешуден өткір мәселе жоқ десек артық кетпеспіз. Соған қатысты мынадай ұсыныс айтқымыз келеді. Оңтүстіктің тумасы, екі жыл Ордабасы ауданы әкімі, он жыл Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің 1-орынбасары болып істеген, қызметте елге тек жақсы жағымен танылған, Ауыл шаруашылығы министрлігі Су комитетінің төрағасы қызметін атқарып жүрген жерінен үстінен жалған жаламен қылмыстық іс қозғалып, қапаста қамалып отырған Ислам Әлмаханұлы Әбішевті мынадай төтенше жағдайда Арыс ауданына ҚР Президентінің өкілетті өкілі етіп жіберсе қалай болар еді? «Тергеуде жатқан адамды ма?» дерсіздер. Онда тұрған не бар? Тергеу ісі әлі бірнеше айға созылары хақ. Ол бітемін дегенше Әбішев келіп жұмыс істей берсін. «Қашып кетпесіне кім кепіл?» Дұрыс. Қашып кетпесіне мен, Өмірзақ АҚЖІГІТ кепіл боламын. (Менің бұл сөзімді Ислам Әбішевті білетін жігіттердің бәрі қостап, кепіл болуға дайын деп ойлаймын). Олай деп айтуыма Ислам Әбішевті бұрыннан танитындығым, оның адалдығына, елі үшін шынымен жан аямай еңбек ететіндігіне деген сенімім мүмкіндік береді. Сөзімнің бір ғана дәлелі.
....2009 жылдың 18-19 наурызы. Кешкі сағат 20:30 шамасында сол кездегі Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Ислам Әбішевтің кабинетінде, екеуміз бір газеттегі мақаланы талқылап отырғанбыз. «Арыста арсеналда жарылыс болды» деген хабар тиді. Исекең бірден Арысқа жүретін болды-дағы, мен де бірге ілестім. Басшы болған соң ол жол-жөнекей өрт сөндірушілерге тапсырма беріп жатты. Келсек өрт бет қаратпайды. Бір жағынан жарылыс кезінде шашылған оқ-снарядтар өрттің қызуынан атылып жатыр. Шынын айту керек, өте қорқынышты. Әскерилер тасалау жерде жиналып тұр. Өрт сөндірушілер де оқтан қаймыға қимылдап жатқандықтан – жаныңда бомба жарылып жатса оңай ма! - өртті өшіру қиынға соғып тұр.
Ислам Әбішев әскерилерден жайды сұрастырғанда, егер өртті сөндірмесе жан-жаққа атылып жатқан оқтың бірі негізгі оқ-дәрі жиналған қоймаға түсуі мүмкін екенін, ал, ол қойма жарылса Арыс қаласынан ешнәрсе қалмайтыны белгілі болады. Жарылыстың дүмпуі Шымкентке дейін жетуі мүмкін екенін де айтыпты олар.
Мәселе Арыстың жанындағы әскери бөлімде кеңес дәуірінен қалған аса үлкен арсенал орналасқандында еді. Ол оқ-дәрінің пайдалану уақыты өткендіктен, залалсыздандыру жұмысы қолға алынып (оны атқаратын жеке меншік компания екен), негізгі қоймадан (жер астындағы ондай қойманың тоғыз екенін бүгін біліп жатырмыз ғой...) белгілі бір мөлшерде оқ-дәрі, снарядтар залалсыздандыру цехына апарылатын көрінеді. Сол жерде абайсызда жарылыс болып, әлгі цехтың күлі көкке ұшқан. Атылып жатқан да сол цехтан шашылған оқ-снарядтар болып шықты.
Ислам Әбішев жағдайды тыңдап болған соң әдетінше тез шешім қабылдады: «Өртті тезірек сөндірмесек, жойқын жарылыс болуы мүмкін, сондықтан батыл қимылдайық. Өзіміз тасада тығылып отырып, өрт сөндірушілерге тапсырма бере алмаймыз, не де болса солармен бірге көруіміз керек. Бірақ, ешқайсыңды да зорламаймын, шешімді өздерің қабылдаңдар». Сөйдеді де қолына дауыс күшейткішті алып, өрт болып, оқ атылып жатқан жерге қарай жүріп кетті.
Сол бетте негізгі қойманың ең биіктеу жеріне барып, өрт сөндіргіштерге бұйрық бере бастады. Өрт сөндіргіштер батыл қимылдауға кірісті. Сәлден кейін Ислам Әлмаханұлының қатарына қала әкімі, әскерилер, мен де қосыла бастадық.
Тура бір майдандағыдай оқтын-оқтын түрлі-түрлі оқтар атылып жатыр... Бір сағатқа жетер-жетпес уақытта өрт толық сөндіріліп бітті.
Мен Ислам Әлмаханұлын бұрын да қатты сыйлаушы едім, бір-бірімізді көптен білетінбіз. Ал, мына ерлігі тіпті таң қалдырды. Ел басына күн туса, оны кеудесін оққа тосып қорғайтын ерлер осындай болса керек. «Исеке, сіздің мына ерлігіңіз жөнінде жазайық» дедім. «Оның несін жазамыз, адам қаза тапты, қанша адам жараланды, қанша үйге зиян тиді. Менің тікелей кінәм болмағанымен мен де биліктің бір өкілімін, сондықтан бәріміз де кінәліміз» деп келісім бермеді.
«Ең бастысы – мынадай сұмдықты қайтып болдырмаудың жолын тез арада табу керек! Елді төбесінен төніп тұрған қатерден құтқармай болмайды. Мен бұнымен тыңғылықты айналысамын, шешемін» деп еді.
Өкінішке қарай, осы оқиғадан үш-төрт күннен кейін оны Өскемен қаласына әкім етіп ауыстырып жіберді.
Сол жолы Ислам Әлмаханұлы екі тәулік бойы ұйықтамай, қаза болған жандардың туған-туыстарына көңіл айтып, жұбатып, көп көмек ұйымдастырды. Жарақат алған, үйіне зақым келге кісілердің мәселесін шешті. Елде үрей туғызбай, баса білді. Мінекей, елге жанашыр, нағыз іскер басшы деп осындай азаматты айтса керек.
Облыс әкімі, кезінде Ислам Әбішевпен тізе қосып жұмыс істеген Өмірзақ Шөкеев қаланы қалпына келтіруді тікелей басқарып-бақылап отыру үшін бір ай Арыста тұратын болыпты. Бұл да іскерліктің бір көрінісі! Бірақ, тоғыз жол торабында тұрған, кеңес заманында ресми түрде Одақ бойынша «теміржолшылар қаласы» деген мәртебе алған жалғыз қала мен ауданның қордаланып қалған мәселесін шешу үшін ұзағырақ мерзім керек екені анық...
Біз өз пайымымызды айттық. Қалғаны – ел басшыларының құзырында...
Өмірзақ АҚЖІГІТ, журналист
Қазақ үні