Арман СҚАБЫЛҰЛЫ: ОЛАР «СОҒЫСТЫ» КӨРДІ...
2019 ж. 28 маусым
2494
0
...Аты алысқа кеткен әсем жер едің,
Апатта да бастық елдік намысқа!
«Біз соғысты көрген жоқпыз,» деп едің –
Дулат көке,
Көрдік міне, Арыста!
Қазыбек Иса
...Туысқанын паналап жатқан арыстықтардың жағдайын білуге келген біздің алдымыздан жүгіріп шыққан кішкентай бала алақтап, Арыс жақты көрсетіп, сөйлеп қоя берді.
– Аға, ана жақта соғыс болып жатыр. Танкі, бомбы...Біз енді ол жаққа бармаймыз!
– Жоқ, балақай! Біз қазір ғана сол жақтан келдік. Соғыс жоқ, ертең-ақ үйге қайтасыңдар! – дедік біз. Бала сенбеді. Басын шайқап, кері жүгіріп кетті. Әбден қорқып қалғаны түрінен көрініп тұр. Осы өңірдің тумасы – Дулат ағамыздың «Біз соғысты көрген жоқпыз» атты шығармасының есіме түскені. Арыстықтыр бұл жолы «соғысты» көрді. Бейбіт күнде төбеден снаряд жауып, үйіңді отқа орап жатса, өзің ысылдаған оқтың арасынан әзер аман шықсаң, соғыс емей немене?
...Қаланы аралап көрдік. Өлі қала. Адам жоқ. Арыстың қоймалар жағындағы үйлер қираған. Орталыққа қарай көбіне шатыры тесілген, терезелері түскен үйлер көзге түседі. Қалған жағы аман секілді. Бір-екі жерде теңкиіп өліп жатқан сиырларды байқадық. Саперлар жинап, қызыл белгі қойып кеткен снаряд қалдықтары әр жерде жатыр. Қаланы блокпостар қоршап тұр. Ақжол ауылындағы штабқа бас сұқтық. Тиісті мамандардан өзімізді мазалаған сауалдарға жауап алуға тырыстық.
«Қаладағы радиация мөлшері қандай?» деген сауалымызға астанадан келген бас маман бұл іске енді ғана кірісіп жатқандарын, нәтижесі бір-екі күнде дайын болатынын айтты. Қандай бомба, снарядтардың жарылғанын Қорғаныс министрлігі ғана біледі деді. Осындағы Ішкі істер өкілдері мародерліктің үш-төрт фактісі болғанын мойындады. Күзет күшейтілген.
Қазір қаладан босқан 45 мың адамның 35 мыңы туыстарын паналап отыр. Биліктің бағына қарай қазақтың бауырмал, қонақжай болғаны пайдасын берді. Арнайы эвокуациялық орындарды паналағандары – 4 мың ғана! Биліктің бағына қарай сол қазақтың көнбістігін айтсаңшы! Мұнда өткен ғасырдан бері төрт рет жарылыс болған. Егер бұл жерде басқа халық тұрса баяғыда тажал қойманы көшірер еді. Ауылының шетінен салынған зауыттан шыққан жағымсыз иіске бола көшеге шығып, биліктің жағасынан алып, сол зауытты жаптырған орыстың әйелдерін талай көрдік. Мыңдаған тонна бомбаның үстінде отырып мыңқ демеген халықты көнбіс демей не дейік? Бауырмалмыз, ұйымшылмыз, бірлігіміз де керемет! Бірақ, бізге бір нәрсе жетіспейді. Ол – мінез! Ұлттық мінез! Мына трагедия соны көрсетіп берді.
P.S. Әлгі түрлі өсек-аяңдардың барлығы өтірік! Арыстағы штабта республикалық БАҚ өкілдері, блогерлер жұмыс істеп жатыр. Солардың ақпаратына сеніңіздер. Олар оқиға ортасында жүр. Диванда отырып жазып жатқан жоқ...
qazaquni.kz