БҮГІНГІ ЖАҒДАЙ – МЫНАУ... ЕНДІГІ МӘСЕЛЕ – КЕЛЕСІ АПАТТЫ БОЛДЫРМАУ!
2019 ж. 28 маусым
2453
0
...2004 жыл. Мен «Жалында» жауапты хатшы, «Жас Алашта» жарты ставкіде істеп жүргенмін. Кезінде бір «криминальный авторитеттің» жүргізушісі болған бір жігіттен «90-жылдардың басында Арыстағы арсеналдан менің өзім 12 КамАз қару-жарақ шығарып саттым.
Кіремін, патрон-снарядын толық комплекттеген 50 жәшік «калашников» автоматын, 50 жәшік «макаров» пистолетін және 50 жәшік гранатометті тиеп береді, мен соның 11 машинасын Шымкентке, қалғанын Қызылордаға саттым, және бәрін дерлік басқа ұлт өкілдері алды» дегенін естіп, сол жерде прапорщик болып істеген балдызыма телефон соғып едім, ол: «Ой, ол рас, тәте, Ресейге кетіп жатқан командирлер білгенін істеді!» деді. Сонда да болса сеніңкіремей, облыстық ІІБ подполковнигі, құдама хабарластым. «Рас! Олардың шектен шыққаны сондай, бір күнде 50 машина қару сатып, бізге «сигнал» түскен соң, ҰҚК, прокуратура және ІІБ комиссия құрып, үш өкіл барсақ әскери бөлім ашық-шашық, мал жайылып жүр екен...» деген еді. Мақала жаздым, оны «Жас Алаш» баспаған соң «Ақ жол» партиясының сол кезде шығып тұрған апталық газеті «Ақжол- Қазақстанға» апардым. Редакторы демалыста екен, орынбасары Бақыт Ойса ойланып барып, басты... Бір айдан соң хабарлассам: «Тып-тыныш, ешкім ешнәрсе болмағандай...» деді. «Айттым ғой саған, арнаулы орындар жағдайды өте жақсы біледі» деп. Сондықтан үндемей отыр».
Арыстағы апат әскери бөлімде әлі ешқандай тәртіп жоқтығының дәлелі, себебі Қазыбек Иса бұл 2009 жылдан бергі 4-апат, тек «бұл жолғы апаттың беті алапат!» деп жазып жатыр, тәртіп бар жерде 4 апат болмайды. Қашан апатқа ұшырағанша қимылдамайтын әдетіміз ғой. Біз отпен емес, алапат апатпен ойнап отырмыз. «Бұдан жаман болуы мүмкін емес!» деп ешкім айта алмайды!..
Сондықтан, біздің билік: «ЕНДІ АПАТ ҚАЙТАЛАНБАЙТЫНЫНА КЕПІЛДІК БЕРЕМІЗ! БАРЛЫҚ ҚАУІПСІЗДІК ШАРАЛАРЫ ЖАСАЛДЫ!» демейінше, халықты қалаға қайтаруға болмайды. Өздері Арыста тұрмайтын облыс, республика басшылары «енді апат болғанша жан нәсіп, бола қалған күнде де оған дейін бұл қызметте отырамыз ба, жоқ па» деп, халықты ертерек тыныштандыру үшін, олардың үй-жайын жөндеп берумен құтылуға ұмтылуы мүмкін. Сондықтан, республикалық ҚОҒАМДЫҚ КОМИССИЯ құрылып, ол атқарылар істің барысымен халықты ашық түрде апта сайын хабардар етіп тұруы тиіс!
Өмірзақ Ақжігіт
qazaquni.kz