Елордада меншігінде 67 пәтері бар адам тұрады
2019 ж. 28 маусым
4159
0
Нұр-Сұлтан қаласының тұрғынында бір тұрғын үй кешенінде 65 пәтері бар. Жалпы, оның меншігінде - 67 пәтер. Көрсетілген тұрғын үйлерді жалға беру фактісі тексерілуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті Бақылау департаменті директорының міндетін атқарушы Әнуар Сүлейменов Мемлекеттік кірістер комитеті көлеңкелі экономикаға қарсы күрес шеңберінде пәтерді заңсыз жалға берушілерді анықтау жұмыстарын жалғастырып жатқанын айтады.
«Ведомство қызметкерлері әртүрлі мемлекеттік ақпараттық жүйелердің деректері мен басқа ақпарат көздерін пайдаланады. Бұл ПИК мәліметі, саналы азаматтар мен көршілерден түскен ақпарат болуы мүмкін», - деді Ә.Сүлейменов.
Алдын ала жасалған қорытындыға сәйкес, қазіргі уақытта 3 және одан да көп пәтерге меншік құқығы бар, алайда жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеген және тиісті салықтар төлемеген 20 мыңнан астам тұлға анықталған. Олардың арасында 10-нан астам пәтерге меншік құқығы бар 150 тұлға бар. Мұнан бөлек бір тұлғаның иелігінде бір тұрғын үй кешенінде 65 пәтері бар. Жоғарыда келтірілген деректер жалға берілуіне егжей-тегжейлі талдау жүргізілетін қашықтықтан мониторинг жасау арқылы алынған.
Жалпы, 2019 жылдың 5 ай ішінде жүргізілген жұмыс нәтижелері бойынша жеке кәсіпкер ретінде 7 403 жеке тұлға тіркелді. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 22 пайызға немесе 1320 жеке тұлғаға көп. Салықтық түсім сомасы 37 пайызға өсті және 7 252,1 млн теңгені құрайды.