АРЫС ҚАЛАСЫНДАҒЫ БАРЛЫҚ КӨШЕ ТАЗАРТЫЛДЫ
2019 ж. 27 маусым
2925
0
Арыс қаласындағы жағдай облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің жіті назарында. Өңір басшысышаһар шартты түрде 17 секторға бөлінетіндігін мәлімдеді. Яғни әрбір секторға 17 аудан-қала әкімі бекітілді. Олардың әрқайсысының жанында 40 жауапты қызметкерден болады. Сол жауаптылар аптаның соңында тұрғындар қалаға кіргенде үйлеріне орналастырады.Сонымен қатар әрбір баспананың зақымдануын фото-видеоға түсіріп, актілер жасаумен айналысады.
«17 сектор 17 облыс әкімдіктеріне жөндеу жұмыстарын жүргізуге бөліп берілді. Әрбір облыстан 10 бригададан, жалпы саны 1500-ден астам құрылысшылар келіп, жөндеуді бастайды. Облыстың өкілдері келіп, бекітілген секторларды аралап, тиісті жұмыстарға кірісті»-деді Түркістан облысының әкім Өмірзақ Естайұлы.
Бұған дейін, Арыс қаласының тұрғындарын 28 маусымда, таңғы 8.00-де қалаға кіргізу басталатыны туралы облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев мәлімдеген болатын. Өңір басшысы Арыс қаласы мен әскери қоймада оқ-дәрілерді тазалау және қаланы дезинфекциялау шаралары аяқталғанын, қауіп бұлты толық сейілгенін мәлімдеді.
Еске сала кетейік, 27 маусымдағы мәлімет бойынша Арыс қаласы аумағындағы төтенше жағдайдың салдарын жою мақсатында ҚР ІІМ-нің жеке құрамынан 1488 адам және 189 бірлік техника жұмылдырылды.
Қорғаныс министрлігінің саперлік бөлімшелерінен 43 топ құрамында 408 адам Арыс қаласын, теміржол стансасы мен көшелерді тазалады. Сондай-ақ әскери бөлім аумағындағы жарылмаған оқ-дәрілерден тазарту бойынша жұмыстар жүргізіп жатыр. Осы жұмыстар нәтижесінде 5700-ден астам әскери снарядтар табылып, арнайы техникамен көшіруге дайындалды.
Эвакуациялық пункттерде 13187 адам орналастырылды. Оның ішінде Шымкент қаласында – 7249, Түркістан облысының аудан, қалаларында 5938 адам қоныстанды.
Жедел штабтарда қауырт желілер ұйымдастырылып, тұрғындардан жалпы 15 мың 927 қоңырау келіп түсті.
Түркісан облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметі бойынша 277 адам медициналық көмекке жүгініп, 74-і ауруханаға жатқызылды. 3 адам қаза тапты.
Жалпы инженерлік техникамен Арыс қаласының 16 учаскесіндегі барлық көшелер мен 11 шақырым теміржол төсемдері тазартылды. Қорғаныс министрлігімен бірлесе жеке және көпқабатты үйлерді тазалау жұмыстары жүргізілді. Жағдай тұрақты.
qazaquni.kz