Нұр-Сұлтанда кәсіпкерге шабуыл жасаған бір топ рэкетир қолға түсті
2019 ж. 20 маусым
2206
0
Нұр-Сұлтан қаласында арнайы операция кезінде қылмыстық топ құрықталды, деп хабарлайды Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметі.
Елордалық кәсіпкерге қарақшылық шабуыл жасаған рэкетирлер 17 маусымда қолға түскен.
"Қылмыстық топ кәсіпкерге қоқан-лоққы көрсетіп, 27 миллион теңге қаражатын, Ақмола облысы Бурабай кентіндегі 10 сотық жер телімін және Mercedes Gelandewagen көлігін тартып алмақ болды", - деп ҰҚК мәлімет берді.
Құзырлы орган қызметкерлері атап өткендей, қылмыстық топ мүшелері суық қару мен жауынгерлік қару-жараққа ұқсас жалған қаруды кезеніп, кәсіпкер мен оның отбасының өміріне қауіп төндіріпті.