Алматы облысында әкімнің орынбасары ауыл тұрғынын сабап тастаған
2019 ж. 20 маусым
2886
2
Алматы облысының тұрғыны әжетxанаға барамын деп әкім орынбасарынан таяқ жегенін айтады Әкімдіктің әжетxанасына барамын деп ауруxанадан бір-ақ шықты. Алматы облысы Көктал ауылының тұрғыны өзін әкім орынбасары соққыға жықты деп шағымданды, - деп хабарлайды КТК арнасы.
Шенеуніктен таяқ жеп бір аптадан бері ауруxана төсегіне таңылған ол тамақ ішуден де қалдым дейді. Өйткені, жабық ми жарақатынан бөлек, тістері үгітіліп, жақ сүйегі сынған.
Атқамінер мен ауыл тұрғының арасындағы жан-жал дәл Көктал ауылдық округі әкімдігі ғимаратының маңында болған. Алматыға жол жүріп бара жатқан Дәурен әкімдік әжетxанасына кірмек болыпты. Өйткені, жақын жерде дәрет сындыратын басқа жер болмаған. Алайда, ғимараттың артқы есігінен шыққан әкім орынбасары әй-шәй жоқ жағама жармасып, соққыға жықты дейді жәбірленуші.
Дәурен Баекеев, жәбірленуші:
- Тура осы жерде талып жаттым. Осы жерде барлық тістерім түсті. Аяқпен де ұрды, тепкіледі. Бір есеңгіреп, талып ояндым. Сосын інілерім келіп мені ажыратып алып кетті.
Зардап шегуші бұған дейін әкімдіктегілермен еш аразаспағанын айтады. Десе де Дәуреннің әкпесі бірнеше мәрте жергілікті басшыларға арыз-шағым айтып барған екен. Өйткені осыдан екі жыл бұрынғы тасқында үйлерін су шайып кеткен. Содан бері құлағалы тұрған баспанасына уәде етілген жөндеу әлі күнге жүргізілмеген. Қанша шағым түсірсе де, жергілікті биліктен қайыр болмаған. Інімнің таяқ жеуіне дәл осы жағдай түрткі болуы мүмкін дейді Дәуреннің әпкесі. Ал жұдырығы жуан әкім орынбасары кешірім сұрау былай тұрсын жәбірленушінің жағдайын білуге де жарамапты.
Гүлнар Баекеева, Дәуреннің әпкесі:
- Менімен ешқандай байланысқа шыққан жоқ. Үйге полиция қызметкерлерін жіберіпті. Батырбектің ақшасы бар. Ақша берейік деп бізді мазалайды. Сотқа жібермейік деп екі-үш рет келді. Әкім орынбасарының заң алдында жауап бергенін қалаймын.
Дәуренді Панфилов аудандық орталық ауруxанасынан бүгін ғана шығарды. Жағы мен тістері сынғандықтан ел қатарлы тамақ ішуден қалыпты. Ал аузына салынған темірлер тіпті сөйлеуіне кедергі келтіруде. Енді толықтай жазылып кетуі үшін кемінде 2-3 ай ем алуы қажет дейді дәрігерлер.
Жомарт Нұраханов, Панфилов аудандық орталық ауруханасының бөлім меңгерушісі:
- Түскен кездегі жарақаты: бас ми жабық жарақаты, төменгі жақ сүйегінің сынуы. Тістерінің босап түсуі. 12-19 күндері аралығында емін алды. Келген кездегі жағдайы орташа ауырлықта. Қазіргі жағдайы қанағаттанарлық. Ары қарай емін амбулаторлық деңгейде стомотологта жалғастырады.
Жанжал кезінде оқиға орнында Дәурен мен әкім орынбасарынан өзге ешкім болмапты. Кейіннен қалаға шығарып салуға артынан келген інісі мен достары көріп, ажыратып алған. Ең қызығы әкімдіктегі бейнебақылау камералары істемейтін болып шықты. Ал әкім орынбасарының өз уәжі бар. Ешкімге тырнағымды тигізбедім деген Батырбек Қадырбаев маған жала жабылып отыр деп ақталды.
Батырбек Қадырбаев, Көктал ауылдық округінің әкім орынбасары:
- Төбелескен. Сол жердегі әйелдерді ұрған. Қолында пышағы бар бері қарай қашып мына жерге кірген. Маманды бір қойған. Ажыраттық. Бұл жігітті ешкім ұрған жоқ. Дәретханаға келген жоқ. Факт сол біздің маманды ұрып отыр. Таза киіммен болғасын итердік. Ашуынды бас дедік. Қызу адам болғасын өте ашулы жүрді.
Әзірге әкім орынбасары өз жұмысын жалғастырып жатыр. Болған оқиғаға байланысты қазір тергеу жұмыстары басталды. Жауаптылар 2 аптаның ішінде тергеуді аяқтап, істі сотқа жібереміз деп отыр. Жанжалға қатысты бұл істің нақты нүктесі сотта қойылатын болады.