Ералхан Әбіш ел астанасында дауыс бере алмады...
2019 ж. 09 маусым
3689
0
Белгілі әнші Ералхан Әбіш редакцияға хабарласып, Нұрсұлтан қаласында сайлауға дауыс бере алмағанын жеткізді.
- Нұрсұлтан каласындағы №126 сайлау учаскесiне дауыс беруге барсам, "Сіз бұл қаланың тұрғыны емессiз" деп, дауыс бергiзбей, қайтарып жіберді. "Мен Қазақстан азаматымын, қолымда жеке куәлiгiм бар"- десем, "Алматыдан тiркеуден шыгып, Нұрсұлтанға уақытша тiркеуге тұруыңыз керек!" деп ,маған дауыс беруге мүмкiндiк бермедi. Ойлаңызшы, XXI гасырда, цифрализация дәуiрiнде азаматтык борышымды өтеуге мүмкiндiгiм болмады! Демек, менiң дауысым ешкiмге керек болмағаны ма? Бақылаушыларға барып, "Ендi не iстеуге болады?" десем, "Бiз сiзге көмектесе алмаймыз,"- деп шығарып салды.
Ел астанасының өзінде азаматтық парызын орындай алмағанына екпіні басылмаған Ералхан Әбіш осылай дейді. Шынында да, интернеті дамыған заманда сайлау комиссиясының мына кеңес заманындағы "арба айдаған" әрекеттері қызық екен! Сонда сайлау қарсаңында өзге қалаларда болғандардың бәрі дауыс бере алмай ма? Оу, Берік Имашев мырза бастаған құрметті сайлау комиссиясы, ол Алматыдан тіркеуден шығып, Нұрсұлтанға тіркеуге тұрғанша сайлау бітіп, Үкімет ауысып кетпей ме?!.
"Бізге әр сайлаушының дауысы қымбат" деп, бір айдан бері айқайлап жатқанымыз қайда қалды сонда?!.Демократиялық дамудың Ақ жолын қалаған әр азамат осылай сайлауда өз дауысын бере алмай қала берсе, не болғаны?!.
Қазыбек ИСА,
"Қазақ үні"