ӘДІЛЕТТІЛІККЕ СЕНЕМІН!
2019 ж. 01 маусым
24828
6
Әлеуметтік желіні шарлап кеткен, Ауыл шаруашылығы министрлігінің Су ресурстары комитетінің төрағасы Ислам Әбішевтің істі болған себептері жайлы мақалаға бей-жай қарай алмадым.
Әртүрлі себептермен, қилы жағдайда қолға қалам аласың. Билікті елінің көркеюі үшін атқаратындар аздың біріне қатысты өз пікірімді ұсындым. Менің мамандығым – аграрлық экономика. Өмірімнің бастапқы 45 жылы суармалы жерде өткен. Атқарушы биліктің бүрлі сатысынан өттім, кеңшар басқардым. Суармалы жердің проблемасы – менің де проблемам.
«Еліме қызмет етіп жүрмін, ойым да, бойым да таза, мемлекетім көркейсе, мен де қоса көркейемін» деп парасатты ойлайтындар азайған заманда мұндайлар саусақпен санарлық қана. Сол аздың бірі – Әбішев Ислам Әлмаханұлы, мемлекетшілдігі, еңбек-қорлығы қатар өрілген қайраткер азамат. Оның бір сөзі жадымда сақталып қалыпты. «Жұмысында жеке нәтиже жоқ жерде еңбектенгім келмейді. Жұмысты жандырып, бір іске бір іс жалғасып жатқанды жақсы көретіндер үшін бұл жұмыс қызықсыз» дейді ол.
Исекеңе ерекше құрметім мына бір сөздерін естігенімнен және оған сенгенімнен бері басталды. Ол айтады: «Мен алдыма бір жылда 1 миллиард теңге ақша табуым керек деп мақсат қойсам, соған жететініме сенемін. Соны бір банкке депозитке қойсам, маған айына 1 пайыз ақша беріп тұрады, негізгі сома сол күйінде қала береді. Оның бәрін мен не қыламын? Ақымақтықпен шашармын, болмаса тезегін домалатқан қоңыз сынды сол ақшаны молайта түсуге құнығып кетермін. Ең ұтылатын жерім – менде ақша ғана болады, басқа ештеңе қалмайды. Қоғамдағы орным, Отаныма қызмет етсем деген бала күннен еріп келе жатқан арманымнан ажыраймын. Достардан тек Мұхтар Әуезовтің «дос – бедел – досы» секілденіп, төңірегімде: «дос – ақша – дос» қана жүрер ме еді?.. Абыройымды жалған беделге айырбастаған болар ем, менің қаржымды пайдаланып қалғысы келетін азғана топтың жалған мадағына малданып жүре берсем, ешкім мені азамат деп айтатындай қайрат қылмасам, сіңірген мынадай еңбегім бар деп айта алмасам, ұрпағыма көрсетер ешбір үлгім болмаса, онда менің «Адам» деген атым жалған болғаны емес пе? Қоңыз тірлікпен өмірімді өткізіп, ақыр соңында қайғыға ұрынсам, ондай өмір сүруде қандай мағына бар?!» деген еді. Шынында, кейбіреулер басшылық қызметке «мал тауып, байысам» деп келсе, енді біреулер «шенін жоғарылатсам» десе, Ислам Әлмаханұлы: «Еліме адал қызмет қылсам, қазағым байып, жетілсе» дейтіндердің алдыңғы қатарында жүрген азамат екенін жас күнінен бері білсем де, кейінгі жылдары араласа, сұхбаттаса жүре таныдым. Сөздерінің шыншылдығына, ойындағысы аузынан шығып жатқанына көзім жеткен соң, өзім де мықтап ойландым, ол кісіге деген құрметім артты. Азаматтығына, мемлекетшілдігіне, көңілінің ақтығына, риясыз пейіліне тәнті болдым.
Ислам мектептен кейін политехникалық институтты бітірген. 1980 жылы Кеңес ар¬мия¬сы қатарында әскери борышын өтеп келген соң, Өзбекстандағы «Кибернетика» институтында ғылыми қызметкер болып өмір жолын бастаған. Келесі жылы Қазақстанға келіп, қазіргі Мақтарал ауданындағы ХХ партия съезі атындағы кеңшардың комсомол ұйымының хатшысы болып сайланды. Бір жыл өткенде облыстық комсомол комитетіне нұсқаушы болып ауысты. 1983 жылы ол Шардара аудандық комсомол ұйымының бірінші хатшысы болды. Осы кезден бастап оның еңбек жолы 11 жылдай осы ауданда өрбіді. 1986 жылы «Ақ алтын» кеңшарына партия комитетінің хатшысы болды.1988 жылы «Юбилейный» кеңшарына директор болып тағайындалды. Ол – Шардарадағы ең артта қалған, қарызға белшесінен батқан көкөніс өндіретін кеңшар болатын. Сол жерде үш жыл он ай жұмыс атқарған Ислам кеңшарды барлық қарыздарынан құтқарып, кеңшар құрылғалы бері бірінші рет жылды табыспен аяқтады. Оған нарық қатынасының кейбір көріністерін енгізді. Нарық экономикасының талаптарына сай, совхоздар тарады, сол кезде өз пікірін жасырмай айтатын, еркін ойлы азамат жергілікті басшылыққа онша ұнай қоймағаны белгілі болды, сөйтіп ың-шыңсыз қызметтен кетіп, кәсіпкерлікпен айналысты. Осы жолы өмірге бейтарап қарамайтын, белсенді, ағысқа еріп жүре бермейтін, жаңашылдық пен мемлекетке жанашырлық мінездің де кей басшыларға ұнамауы мүмкін екенін алғаш рет таныды. Содан, 8 жыл көлемінде Ислам әуелі жеке кәсіпорын ашты, оның кішігірім жетістігіне көңілі тола қоймай, акционерлік қоғам құрды, ақырында өз мамандығына сай «Батсу» корпорациясын құрды. Ол кәсіпорын Оңтүстік Қазақстан облысындағы ең озық, тез дамыған кәсіпорын болды. Талайларға демеушілік жасады, қайырымдылық щараларын ұйымдастырды. Осы қызметін байқаған облыс басшылығы оны 2000 жылы Ордабасы ауданының әкімі қызметіне шақырды. Ислам әкімшілік жүйесінің сыртқы атрибуттарын орындауға көшкенімен, ішкі дүниесі өзгерген жоқ. Ол бұрынғыша өз ісіне экономиканың негізгі заңдылықтары – үнем, тиімділік, қайтарым, шығынсыз қызмет, сапа, жетістік көрсеткіштері талабы тұрғысынан қарады.
Бұларға, әрине, саяси мемлекеттік қызметкер ретінде халықтың жағдайы, көңіл-күйі, әлеуметтік жағдайы, мәдениет, спорт салаларын жетілдіру, арыз-шағымдар ағымының мониторингі секілді мемлекетшіл басшыға лайық мәселелерді де қатар ұстанды. Осы істері оң бағаланып Ислам Әбішев екі жыл өтпей Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары, төрт айдан соң бірінші орынбасары болып тағайындалды. 2009 жылдың наурыз айынан 2012 жылдың ақпанына дейін Өскемен қаласының әкімі болып қызмет атқарды. Осылайша, Әбішевтің өмірінің: маман – комсомол қызметі – партия қызметі – кеңшар директоры – кәсіпкерлік – жергілікті басқару органында саяси бас¬шылық сатыларындағы кезекті жұмысы басталды.
Өскемен – орыстар шоғырланған қала екені жасырын нәрсе емес. Қалаға бара сала тұрғындар тарапынан қарсылық, қабыл алмаушылыққа тап болды. Газеттерге әкімге наразылық танытатын мақалалар шықты. Қала халқы Ислам Әбішевті жарты жылдай еш қабылдай алмады. Қала әкімшілігінің алдындағы жүз жылдық арша ағаштарын алдырып тастап, жас ағаштар ектіруі тіпті де ұнамады. Ертісті жағалай демалыс аллеясын салу идеясын да түсінгендерден түсінбегендер көп болды. Оған себеп, Әбішевтің жеке басына байланысты емес, бүкіл әкімшілік жүйесінің үлкенді-кішілі басшыларына бір істі атқарғысы келгенде оны халыққа қызмет ету үшін емес, сол істі орындауға жұмсалатын қаржыдан үлес қарпып қалу үшін, яғни, өздерінің пенделік мүддесі үшін жасайды деген жаппай сенімсіздік еді.
Ислам Әбішев өзінің іскерлігін дәлел¬деу, қала тұрғындарының сеніміне ие болу үшін көп еңбектенді. Қаладағы шаруа¬шылық жүргізуші шағын және орта бизнес кәсіпорындарының кәсіпшіліктің бар¬лығының ішіндегі 97,8 пайызын алуы – рекордтық көрсеткіш. Ол, әсіресе – аса ірі комбинаттары, зауыттары бар қалада болса – тамаша көрсеткіш. Сол шағын бизнес кәсіпкерлігінен бюджетке түскен қаржы өткен жылғымен салыстырғанда 30 пайызға артты. Әкім Әбішев сол жылдары «ДАМУ» Кәсіпкерлікті дамыту қорының бағдарламасынан 135 шағын кәсіпкерлік субъектілеріне үлкен көлемде қаржы алуы¬на тікелей жәрдем көрсетті. Қалада да, аграрлық ауданда да, кәсіпкерліктің дамуына кері әсерін тигізетін істерге, әкімшілік кедергілерді қоспағанда, ұсақ коррупция, яғни, бірдеңе ұсынбасаң ісіңді тындырмайтындардың кедергі болатыны, онсыз істі алға бастырмауға тырысатыны бары рас. Әкім осындай көріністермен қатаң күресті. Ол: «Отырған қызметін бұлдап, жұлмалауға бейім, параны ұнататындарды – жұлмалайтын ештеңесі жоқ, пара берілуге себеп қалмайтын қызметке ауыстырып жіберген жөн» деген ережені ұстанды. Көп адамдар ел қамы түгілі, өзі қызмет атқарып отырған мекемесі үшін де бас қатырмайды. Оларға бәрібір. Өз жағдайы жақсы болса жетерлік. Жеке мүддесі шешілсе, мемлекет ауысып, басқа елге айналып кетсе де, басы ауырмайды. Мұндайлар әр мекемеде де бар. Олар таусылмайды. Ислам әкім де оларды тұжыртып, тұқыртып жөндеуге талай әрекеттенді. Өздеріне-өздері жиіркенішпен қарайтындай етіп, талайды жөндеді. Бірақ, тауыса алмады. Тауыса алмағандарына төзді. Өмір солай екен…
Әбішевтің қаланы көркейтуге арналған идеялары жетіліп-артылып жатты. Шынжырға ілініп, циферблаты теріс айналып түскен сағат, өңірдің елдегі ең тәтті бал өндіретініне орай, бал арасының скульптуралық мүсіні, тағысын тағылар өте көп. 2010 жылы қала әкімі тауға қарай канатты жол жасап, қысқы спорт базасын ашты. «Бұл арқылы тау шаңғысы спорты жолға қойылатын болады», – дейді әкім. Оның ойлары нақты нәтиже беретіндей әрекеттермен бекітілген. Құрылысқа қажетті құрал-жабдықтар Австриядан әкелінген. Болат тростар 15 биік электр бағанына ілінеді. Трассаның ұзындығы 550 метр, ол теңіз деңгейінен 400 метр биікте орналасқан, қыраттар арасындағы тереңдік 100 метрге жетеді. Трасса бойлап электр жарығы жасалған. Бұрында елеусіз жатқан Аблакетка тауы түрленіп шыға келді. Оның етегінен ұшар басына дейін жол төселді. Жолдың жиегіне шамдар орнатылды. Жолай демалатын орындықтар қойылып, киіз үйдің жобасындай шағын сұхбат алаңдары жасалды. Жоғарыға апарар жол жиегінде ұстап шығатын сүйеніштері бар баспалдақтармен аяқталып, ең биігінде төңірегі колонналармен көмкерілген кең көлемді аренамен аяқталған. Осылардың бәрінен биік болып Қазақстан республикасының Туы орнатылған, әнұран айтылып тұрады. «Қазақстан» деген жазудың көзге менмұндалап көрініп тұруының өзі ерекше ұлттық рух беріп тұратыны сөзсіз. Цифрларды сөйлетсек, Ислам қала әкімінің басшысы болған кезде қалада 128 мың шаршы метр болатын 49 көше мен жол жөнделіп, 145 мың шаршы метр тротуар жаңғыртылды. Сонымен бірге қаладағы барлық аулалар жөнделді. 163 шақырым коммуникациялар жүйесі құрылды, 3,5 шақырым канали¬зация салынды, бір су жинағыш, 23 кана¬лизациялық насос станциясы, 106 шақырымнан астам жылумен қамтамасыз ету жүйесі, 75 шақырымнан астам электр желісі, 34 шақырымдай ауыз су жүйесі, 18 шақырымнан астам қоқыс суларды ағызып әкететін жүйе салынды. Барлық мөлтек аудандар мен оның жағасындағы елді мекендер орталықтандырған құбырға қосылып, сапалы, тексерілген ауыз сумен қамтамасыз етілді.
Аблакетка шағын ауданында жылу мен ыстық су жүйесі іске қосылды. Қалада 52 мың шаршы метр гүлзарлар, 83 шаршы шақырым су атқылап түрған көгал алаңдары, 27 субұрқақ, ондаған ешбір жерде қайталанбайтын авторлық скульптуралар орнатылды. Бұл тас мүсіндер қалада екі жыл қатарынан өткен скульпторлардың халықаралық симпозиумының «жемісі». Қала бойынша балалар бақшасымен қамтамасыз ету мәселесінде Қазақстандағы ең жоғарғы көрсеткішке ие, балалар бақшасына кезекке тұрғандардың 98 пайызы қамтылды. Қала тұрғындарының жылдар бойы жиналып қалған жеке меншік үй салып алуға жер сұраған арыздарының барлығы, яғни, 4637 арыз қанағаттандырылып, жер үлестері тегін берілді. Әкім заңнамалардағы «Еліміздің кәмелетке жеткен әрбір тұрғыны 0,1 га жерді тегін алуға құқылы» деген та¬лап¬ты мүлтіксіз орындады. Ең алдымен кезекте тұрған, жер алуға өтініш білдірген адамдардың тізімін арнайы тексеру комиссиясын құрып, бұрын жер алған немесе жері бар азаматтарды тізімнен алып тастап, қайта-қайта сүзгіден өткізді. Жерге нағыз мұқтаж адамдар алғы кезекке шығарылды. Бұл мәселені тікелей өзі қадағалап, бақылап отырды. Бұл шара қаладағы жер мәселесіне қатысты жемқорлық, алыпсатарлыққа бірден тосқауыл қойды. Мейлі жер немесе тұрғын үй алу кезегі болсын, арнайы сайт ашылып, соған орналастырылды. Өтініш білдірген әрбір азамат тізімнің қалай жылжып жатқанын қадағалау мүмкіндігіне ие болды. Үй салуға байланысты үздіксіз келіп жататын арыз-шағымдар легі де азайды.
«Жеке игiлiк туралы ойлау табиғи нәрсе және мұны назардан тыс қалдыруға болмайды. Ал, егер, тек осы туралы ойлап, қоғам игiлiгi елеусiз қалатын болса, өмiр ұсақ-түйек, ұят нәрсеге, тiкесiн айтсақ, пасықтыққа айналады» Джон Рескин, ағылшын жазушысы.
Барлық нәрсенің ақыры бар. Ислам Әбішев Астанаға ауыл шаруашылығы министрлігіне қарайтын Су ресурстары комитетіне төраға болып ауысты.
Ислам Әбішев жауап сөзінде қатысу¬шыларға қарап: «Бұл қалада жүрегімнің бір бөлшегін қалдырып барамын», – деді. Сөзін осындай сезіммен бастаған ол: «Мен осы үш жыл ішінде Өскемен қаласына әкім болған кезіме шын көңілден ризамын. Маған бірден жақсы бола қалды десем, әрине, жалған айтқан болар едім. Менің Өскеменді тезірек қабылдауға тырысқаныммен, Өскемен мені қабыл алуға басында асыға қойған жоқ. Ол үшін еңбек етіп, тер төгуге тура келді. Менің білім-білігім, кәсіпкерлік қарымым, өмір тәжірибем осы қаланы игілігі, әл-ауқаты және көркеюі үшін септігін тигізген болса ризамын. Келген кезде жасаған мәлімдемемде осы қаланың жақсаруына сенбейтін скептиктердің бір де біреуі қалғанша қызмет етемін деп уәде берген едім. Қазір сол скептиктер анағұрлым азайып, маған сенбейтіндерден сенетіндер көбірек екеніне сенімдімін. Өскемен халқы еңбекқор, сауатты, шыншыл, талапшыл, патриот халық. Мен сол ха¬лықтың сөзіне құлақ түрдім, солардың талаптарын орындауға тырыстым, яғни, қала тұрғындары мені тәрбиелеп, бағыттап отырды. Менің жаман орындаушы болуға құқым қалған жоқ. Әрине, бұрынғы қызмет еткен жерлерімде көпшілік халық әкімге талап қоюдан гөрі, бас иіп, айтқанын мақұл көре беретін орта еді, сондықтан өзгеруіме де тура келді. Облыс әкімшілігі де қала үшін қаржы аямай, көмек берді, қаржының тиімді орындалуы жайында есеп талап етіп отырды. Облыс әкіміне шын ықыласты рахметімді айтамын. Сонымен бірге, мені ұдайы қолдаған, дұрыс кеңес берген маслихат депутаттарына, қала активіне, кәсіпорындар басшыларына, қоғамдық бірлестіктер жетекшілеріне, ақсақалдарға, мектептер, ауруханалар мен мекемелердің басшыларына рахмет айтамын. Мені жақсылыққа бағыттап, қолдап, керек жерінде сынап, көп жәрдем жасаған бұқаралық ақпарат көздеріне де алғысым шексіз, «yk.kz» сайты арқылы мен қала тұрғындарының пікірін біліп отырдым, олардың игі істеріне ризамын. Осы әрекеттердің бәрі Өскеменнің игілігіне қызмет етті.
Бұл қаланы ерекше жақсы көріп кеттім, қоштасу қиын. Балаларым да кеткісі жоқ. Бұл қалада менің іздерім бар. Мен Өскеменнің бір бөлшегін өзіммен алып кетіп бара жатқандаймын, өзімнің жүрегімнің бір бөлшегін осында қалдырып барамын».
Ислам Әбішевтің қашан ұшаққа отыратынын біліп алған адамдар аэропортқа ағылып, оның ішінде бір орыс әжейі өзі жасаған тосабын ұсынып, көңілді бір елжіреткенін теледидардан бүкіл Қазақстан халқы көрді. Мұндай құрмет әкім түгілі туысқанға жасалуы азайып бара жатқан заманда бұл үлкен оқиға болды.
«Үйден шыққан кiсi, не үшiн бара жа¬тырмын деп, үйге қайтып келе жатқан кiсi не алып қайттым деп ойласын». Клеобул.
Көптеген шенеуніктер мансапты адамгершіліктен жоғары қояды да жұрттың өзіне деген сыйластығын жоғалтып алады. Шын мәнісінде, үлкенді-кішілі бастықтық, шешуші орын – адамның бүгінгі қызметі ғана. Ол – уақытша. Адамдық қасиет қашан да қызметтің үлкен-кішілігіне қатыссыз болуы тиіс. Жұрттың біраз бөлігі қоғадай жапырылғанға малданудың не керегі бар?! Соны жаны қалап тұратындардан теріс айналу керек.
Адамзат баласының табиғаты қызық жаратылған. Азғана лауазымға қол жеткізіп, билік тізгінін ұстаса болды, кейбіреу әп-сәтте өзгеріп, көкірек керіп шыға келеді.
Айналасындағыларға айбарлана қарап, жұрттың өзіне жамырай амандасып, жапырлай жол бергенін, құрақ ұшып төрге оздырғанын қалап тұрады. Жік-жапар болған жалпыға ернін ғана жыбырлатып, кісімси қалады. Ал енді бір адамдар болады, ел қызығарлықтай еңселі қызметте жүрсе де елден ерекшеленбей елеусіз жүреді. Жауапкершілік жүгі қара нарды да қайқаңдатар қауырт қызметін қайыспай атқарып, қарапайымдылығын ту етіп жүреді. Онысын ешкімге бұлдап бәлсінбейді. Мемлекеттік басқару аппаратында қызмет атқаратын адамдарды «мемлекеттік қызметші» деп атайды, бірақ олардың басым бөлігі «қызметшілер» емес, «қожайындар» болып шығады.
Тәуелсіз болғанымызға 30 жылға жуықтады. «Қане, мен елім үшін не қызмет атқардым?» деген сұрақ әрбіріміздің ойымызда әрқашан жүруі тиіс. Соған жауабымыз болуы керек. Өз көңілімізді өзіміз көтеріп, өзімізді-өзіміз дәріптеумен босқа өмір өтіп жатқан жоқ па, соны біле жүруге тиіспіз.
Басқару дегеніміз адамдардың санасы мен жігерінің үдерісі мен өнімі, олардың санасының әрекет етуінің маңызды бағыты. Өркениет пәс санада жетілмейді, оның сақталуы мен дамуы үшін сана биіктігі керек. Сана адамның тағдырын шешеді. Әрине, кейбірде өмірдің түрлі жағдайлары да адам тағдырын өзге бір арнаға түсіріп жіберетіні де бар. Сана адамның білімінде, дарынында, іскерлігінде көрінсе қуану керек. Қайта, сананың төмендігі ақымақтыққа, өзімбілермендікке, озбырлыққа, сауатсыздыққа, авантюризмге, отырған орынға лайықсыздыққа жетелесе болмағаны. Сана қоғамның мінезін ғана қалыптастырмайды, ол әрбір адамға да әсер етеді. Саналы басшының әрбір адамға әсері жай адамдікімен салыстырғанда бірнеше есе көп болады. Басшы саналылығын тілейтініміз содан. Біздің бүгін сөз етіп отырған азаматымыз – өз мүмкіндігін көрсетуден, қабілетін жұмсаудан рахат алып жүр.
Шыншылдық, шыдамдылық, жауапкершiлiктi сезiну, қисынды ойлау, тәртiп және дербес жұмыс iстеуге ұмтылу әр адамға шырай беретiн осы қасиеттер мiндеттi түрде барлық істерде өз көрiнiсiн табуы тиiс. Грегори.
Су ресурстары комитетінің төрағасы қызметінде Ислам Әбішев өңірлердегі су шаруашылығына қатысты объектілердің жай-күйімен жіті танысудан бастады. Барлық облыстар мен аудандардағы су қоймаларын, ірілі-ұсақты гидротехникалық құрылымдарды, топтық су жүйелерін қалдырмай біртіндеп аралап көрді. Ауыл-ауылдарды аралап ауыз судың жеткізілуін, оның сапасын тексерді. «Алдымен барлық облыстағы нысандарды аралап шықтым, кешігіп жатқан құрылыстың себебін өз көзіммен көрдім. Ауыл-ауылды аралап, ауылға су жеткізу сияқты халықтық мәселені зерттедім. Маңғыстау облысындағы 54 ауылдың 30-ы «водовозбен» су тасып ішеді екен, соның есебінен қалаларда су жеткізіп беру текше метріне 40 теңгеден кетсе, Маңғыстаудағы ауыл тұрғындарына су жеткізіп беру 1 мың теңгеге жетіп жығылады екен, осы ауылдарға жақын арада түгелдей тексерілген, құбырмен баратын су жеткізуді жоспарлап отырмыз. Бұл жердегі мәселе: республикада ауызсу жеткізуге қатысты 6-7 мекеме бар, оның негізгілері Тұрғын үй-коммуналдық қызмет агенттігі, Су ресурстары комитеті және жергілікті билік, біз ауыл шеті¬не дейін су жеткізеді екенбіз, агенттік пен жергілікті әкімшілік ауыл ішінде таратылуына жауап береді. Біз ауызсуды тұтынушыға жеткізіп беруді тұтастай өз жауапкершілігімізге беруді сұрадық, бұл мәселе жақын арада шешіліп қалар деп отырмыз». Төрағаның айтуынша, соңғы жүйелі еңбектердің нәтижесінде «Солтүстік Қазақстандағы көптен бері бітпей тұрған Булаев топтық су жүйесінің 2-кезегі іске қосылады, Алматы облысынан Бартоғай су қоймасы жаңғыртылып жөнделді, Нұра-Есіл каналын қайта жаңғырту аяқталды. Атыраудағы Қоянды топтық су құбырының 3-кезегі қабылданды.
Алдағы күндері, Жамбыл облысында «Қарақоңыз», «Қарақыстақ» су қоймаларын қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді, Қарағанды облысында Жәйрем-Қаражал топтық су жүйесі қайта жаңғыртылды. Қостанайда «Қыз қашқан, Машдвор, Қызыларық» лимандық суару жүйесін іске қосу қолға алынды, Есіл өзеніндегі су қоймасын қоса алғанда Петропавл гидроторабын күрделі жөндеу аяқталды, Қызылағаш су қоймасын қалпына келтіру жұмыстары жасалды. Бұлар және айтылмай қалған талай істердің бәрі де Комитеттің басшылығымен «Қазсушар» кәсіпорны жасаған еңбектер. «Жоспарға енбеген мұның бәріне қаржы қайдан табылды?» деп сұрайтындар болса, көбісі жыл ішіндегі үнемделген қар¬жының есебінен жасалды. Ислам осы жұмысқа келген соң барлық қаржыландырылуға жіберілген жобаларды тексеріп қарағанда, жобалау нақты шығындардан анағұрлым көп екенін қолынан есептеуіш алып отырып анықтады, жобаларды оларды қайта қарап, орындалуы тиіс істерге қаржы сомасын кемітті. «Қазақ үні» сайтында жазылған 1,5 триллионның 1 триллионы, яғни үштен екісі осылай үнемделіп, қысқартылды. Ол әрине, сол жобаны жеңіп алғандарға, оларға қолдау жасап жүргендерге ұнамады. Бірақ мемлекет мүлкін шашуға ешкім рұқсат берген жоқ қой. Елбасы айтқан еді: «Бюджетті қалыптастырудың бір-ақ жолы бар, ол – бюджеттік шығындардың үнемділігі мен берілген қаржының тиімділігі», – деп.
Бұл сөздер Ислам Алмаханұлының кабинетіне кірер бөлмеде айшықталып жазылып қойылған. Бұл талапты ол мұқият ұстанды. Сөйтіп жүріп дұшпан арттырды. Осы та-лапты біле тұрып, қалай аса қымбат жобаларға көзжұмбайлық жасауға болады?! Бұл жобалардың артында кімдер тұр?
Төраға Ислам Әбішевтің басшылық өмірі тұтастай тәуекелден тұрады. Кей тәуе-келдің қайда апарып соғарын, осы қадамға барғанда алдан не күтіп тұрғанын анық бағамдау қиын екен. «Мен халықтың ақшасын көзсіз шашып жатқандардың алдын орау арқылы мемлекет мүлкінің талан-таражға кетуіне жол бермедім, яғни, мемлекет мүддесін қорып отырмын ғой. Мұным үшін мені ешкім айыптай қоймас», – деген пікірді әлгі «жұмсақ» үлесті пайдаланып жатқандар мақұлдай қойған жоқ. Күресуге тура келді» деп жүрді. «Су ресурстары комитетінде көптеген жобаларды іске асыруда кемшіліктер бар. Мені Үкімет осы органдағы сыбайласқан, жең ұшынан жалғасқан жемқорлық істерге тосқауыл қойсын деп жіберді. Олай ету қайдан оңай болсын. Кейбір адамдар біздің комитетті жем толы астау деп санайтын болған. Ал да асай бер. Біз жобалардың көбісінің шамадан тыс асыра бағаланып бекітіліп кеткенін көріп отырмыз» деді.
Сомасы қысқарған объектілердің артында тұрған «тендерді жеңіп алғандардың» ішіндегі, айтқандары болғанға әдеттенген, көзге көрінбейтін «рычагтар» бұған қатты алаңдады. Бұрынғы жобалаушылар, мердігерлер, субмердігерлер, тауарларын ойына келген бағамен сатуға әбден әдеттеніп алған саудагерлер де бұған төзгісі келмейді әрине. Олардың бірі ашық майданға шықты, біреулері уақыт-сәтін күтіп, «қай жерден бас көтере алмайтындай етіп жығар екенбіз» деп аңысын аңдып, күтті.
Жетістікке жетіп жүргеніңде күндесің көп болады. Саған жақсы болған сайын біреулерге жаман бола түседі. Атағың шығып, абыройың аса бастаса – сенің кешегі өміріңді қазбалап, содан бір ши шығатынын күтетіндер де табылады. Саған өте жаман болып жүргенде де біреулердің көзінен қанағаттануды сезесің. Осындай пиғылдарды танығанда адамдардан қорқып кетесің.
Аңдушылар ақыры «жықты». Есебін тауып, біреулерді ие етіп іс қозғаттырды.
Өзін ғана ойлайтын, өзіне пайдалыны ғана іздейтін адам бақытты бола алмайды. Өзің үшін өмір сүргің келсе, өзгелер үшін өмір сүре біл. Луций Анней СЕНЕКА (біздің эрамызға дейінгі 4-65 жылдар).
«Мені түн ортасында тұрғызып сұраса да, Қазақстанда қай өзеннен қай кезде қандай су келеді, оның көлемі қанша екенін нақты болмаса да жобалап айтып бере аламын. Өзендердің жағдайын өзімнің организмім сияқты сезінемін. Ағып жатқан судың әрбір тамшысы алтынмен тең. Бірақ, біз әлі судың қадіріне жете алмай келеміз. Сумен қамту мәселесі өте өзекті. Біз қазір өнбес дауды қуғанша еліміз үшін одан да маңызды мәселені шешіп алғанымыз абзал» деп іс атқарып жүрген Комитет басшысы қамауға алынды.
Кеңес уақытында елімізде 2 млн. 300 мың гектарға жуық суармалы жер болса, қазіргі күні нарыққа көшкен жылдары оның 2 млн. 80 мың гектары қалып, 1 млн. 400 мың гектарын ғана пайдаланып отырдық. Осы жылдар ішінде алтындай 220 мың гектар жер істен шығып, жарамсызданды, сорланды, су жетпей қалды. 700 мың гектар жер пайдаланылмай жатыр.
Осы мәселені терең зерттеп, 2018 жылдың соңында Ислам Алмаханұлы 7 жылдан бері армандап, күндіз-түні әзірленіп, бойынан өткізген аса үлкен, еліміз үшін басымдыққа ие – суармалы жер көлемін 3 миллион гектарға жеткізуді нақты іске асыратын «Суармалы жерлерді дамытудың 2028 жылға дейінгі жоспарын» Үкіметте бекіттіріп алды.
Бұл дегеніміз – өмірдің көзі болып саналатын су тапшылығының алдын алу, бола-шақта аса маңызды іс болып қалатын, яғни елдің келешегіне өте-мөте қатысты шаруа болмақ. Суармалы жерлердің көлемін арттыру арқылы әр қазақ отбасы 10 гектардан жер алып, еңбектенетін болса, 300 мың адам еңбекпен қамтылатын болды. Біз суармалы жердің көлемін 3 миллион гектарға жеткізсек, соның әр гектарынан орта есеппен өзбектерге ұқсап тиімді пайдаланып, гектарынан 3 мың долларлық өнім шығарсақ 9 миллиард доллар табыс болмас па еді жылына. Ақшасынан бұрын қанша адамға жұмыс болар еді ғой. Аргентинадан картоп, Бразилиядан ет, Америкадан Литва арқылы тауықтың санын тасымас едік қой.
Исламмен болған көп пікірталас-сұхбаттарда, жаңа жер ашудың меншік формаларына зияны болмайтынын, жердің иесіне жері жай ғана жайылым болып жатқанның орнынан үлкен табыс әкеліп тұратынын сағаттап талдайтынбыз. Ол суармалы жер жайлы айтқанда, идеясы махаббат болып келетін ақын сөзіндей етіп айтудан тайынбайтын.
Егер де, адам өз жолының басында мақсат қойып, оған сәтсiздiктер кезiнде тарықпай, жолдың жеңiл аралықтарында табысқа мастанбай шыдамдылықпен жылжитын болса, ол дегенiне жетедi. Адам өмiрi де осы жол сияқты. Оның да басы, аяғы, қараңғылығы мен жарығы бар (Шопенгауэр).
Біз философтың осы сөздеріне сенеміз. Іскерлік пен табандылықты ту етіп келген азаматымыздың тауы шағылмай, әділдік қалпына келтіріліп, Исекем, қандай да болса ауыртпалықты көтере білетін өзінің нар түйедей өрлі болмысын сақтап қалатынына сенемін!
Фараби айтқан «Еңбек ету, саналы болу, адамгершілік, ізгілік, ақылдылық табиғаттан туындауы қажет» деген ғылыми тұжырымы жақсылыққа, игілікке бастай бергей!
Мырзагелді КЕМЕЛ,
Экономика ғылымдарының докторы,
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры