БІЗ ӘДІЛЕТТІ САЙЛАУДЫ ҚОЛДАЙМЫЗ!
2019 ж. 01 маусым
3416
2
Еліміз-қазір өз дамуының кезекті бір белесінде тұр. Бұл белес еліміздің саяси өміріндегі ең маңызды науқан – Қазақстан Республикасының Президентін сайлау. Осыған орай, «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Заңның сақталып, заңнан ауытқушылыққа жол бермеуі – ең басты міндет. Бұған байланысты елімізде «Заңгерлер әділетті сайлау үшін» республикалық қоғамдық бірлестігі жұмыс істеп жатқаны баршаға мәлім. Жалпы, бұл бірлестікті құру – бүгінгі күн талабынан туындап отыр. Бірлестіктің мақсаты біреу – ол алдағы саяси науқанның әділетті өтуіне ықпал жасау, көмектесу. Ал енді аталмыш «Заңгерлер әділетті сайлау үшін» республикалық қоғамдық бірлестіктің ұстанып отырған бағытын Алматы қаласының заң консультанттар палатасы да қолдайды.
Негізінен, қазір «Заңгерлер әділ сайлау үшін» республикалық қоғамдық бірлестігіне Қазақстан бойынша 3 мыңға жуық адам кіріп отыр. Оның басым бөлігі жастар. Жас заңгерлердің осы процеске қатысуға ниет танытуының өзі қуантарлық жайт.
Ал енді ұстанып отырған жалпы бағытымыз туралы айтар болсақ, біз сайлау процесі бойынша және заңсыз іс-қимылдарға шағым түсіруге қатысты түсінік береміз. Сайлау науқанына қатысты кез келген адамға қойылған сауал бойынша кеңес бере аламыз. Бізге кандидаттардың өздері де келіп, кеңес алуына болады.
Абзалында, халық, егер мағлұматы аз болса, кейбіреулер заңдарды дұрыс түсінбейтін болмаса, онда сайлау да дұрыс өтпеуі мүмкін. Біреулер алдап, біреулер біреуге барып «сен дауыс бер» немесе «хаттама жина дауыс жинау үшін» дегенді қолдануы да мүмкін. Міне, біз заңгерлер осындай келеңсіздіктердің алдын алу үшін халықпен етене жұмыс істеуді мақсат тұтып отырмыз.
Осы орайда айта кетер болсақ, «Заңгерлер әділ сайлау үшін» республикалық қоғамдық бірлестігіне тек соңғы күндердің өзінде ғана сайлауға қатысты 300-ден аса сұрақ келіп түскен. Сайлаушылар әсіресе, байқаушылардың жұмысы, дебаттардың өту тәртібі сияқты жайттар мен «заңсыздықтарға жол беріле қалған жағдайда қайда хабарласу қажет?» деген сауалдарға жауап іздейді. Әрине, бұл – қалыпты құбылыс. Елдің әрбір азаматы өзінің құқығын жақсы білген жағдайда сайлау конституциялық талаптарға сай жоғары деңгейде өтеді. Алматы қаласының заң консультанттар палатасы да мұндайда жұртшылыққа құқықтық кеңес беруге дайынбыз. Негізгі мақсатымыз – Конституцияның нормаларын халыққа, яғни, сайлаушыларға түсіндіру. Іс жүзінде – консультация. Біз ешкімнің шашбауын көтермейміз. Саясатқа араласпаймыз. Біз – бейтараппыз. Бірақ негізгі мақсатымыз – сайлаушылардың құқығын қорғау.
Жалпы, сайлау науқаны кезінде заң бұзушылыққа себеп болуы мүмкін деген «нәзік қылдарды» тауып, айқындап және оларды болдырмау үшін жедел іс-әрекет жасалуы тиіс. Кейде осындай сындарлы сәтте құқықтық тәрбие беріп, заңды түсіндіру жұмыстарын жүргізудің орнына, олар заңдардың маңызы мен оны қолдану тәжірибесінің мәнін қасақана бұрмалап түсіндіретін топтар да болады. Қынжыларлығы, құқықтық кеңістіктегі «зиян тигізбе» қағидаты бойынша заң нормаларын қолданудың әртүрлі қиыншылықтарынан шығу жолын қарастырудың орнына олар халықтың, соның ішінде жастардың құқық қорғау органдарына қарсы тұруларын ашық түрде қолдай отырып, азаматтардың заңға қарсы іс-қылықтарын жігерлендіріп отырады.
Абзалында, «Конституция мен Сайлау туралы» Заң Қазақстан азаматтарына тең дауыс беру құқығын қамтамасыз етеді. Бұған мемлекеттік органдар, қоғамдық бірлестіктер, бақылаушылар және т.б. бақылау жасайды.
Сонымен бірге, Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің нормалары бар.
Мысалы, заңгерлерге жиі қойылатын сауалдардың бірі Бұқаралық ақпарат құралдарында мемлекеттік органдардың, ұйымдардың мемлекеттік тапсырысы (демеуқаржы) бар болса, онда бұл жағдай насихаттау кезінде бір ғана кандидатты қамтуға артықшылық бере ме» деген сауал.
Бұған байланысты 112-бапты тарқатар болсақ:
1. Бұқаралық ақпарат құралдарының сайлау алдындағы іс-шаралардың мақсаттарын, міндеттері мен нәтижелерін бұрмалаудан көрінетін, кандидаттардың, саяси партиялардың сайлау науқанын, сондай-ақ олармен байланысты оқиғалар мен фактілерді объективті көрсетпеуі – жеке тұлғаларға – жиырма, заңды тұлғаларға елу айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
4. Бұқаралық ақпарат құралдарының барлық кандидаттарды және партиялық тізімдерді ұсыну, оларды сайлау комиссияларының тіркеуі жөніндегі іс-шаралар туралы ақпаратты баспасөз бетінен орын, эфир уақыты бойынша бірдей көлемде тарату туралы талаптарды бұзуы – жеке тұлғаларға – жиырма, лауазымды адамдарға – отыз, заңды тұлғаларға елу айлық есептiк көрсеткiш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
6. Бұқаралық ақпарат құралының кандидаттардың біріне, партиялық тізімді ұсынған саяси партияға эфир уақытын, баспасөз бетінен орын беруден бас тартуы, егер басқа кандидатқа, партиялық тізімді ұсынған саяси партияға осы бұқаралық ақпарат құралы эфир уақытын, баспасөз бетінен орын беруге келісім берілсе, лауазымды адамдарға – отыз, заңды тұлғаларға елу айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
7. Кандидаттардың және партиялық тізімдерді ұсынған саяси партиялардың бұқаралық ақпарат құралдарында жазбаша өтініштердің келіп түсу ретімен немесе өтініштер бір мезгілде келіп түскен жағдайда, жеребе бойынша белгіленген сөз сөйлеу кезектілігінің бұзылуы – лауазымды адамдарға – отыз, заңды тұлғаларға елу айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
8. Кандидаттарға және партиялық тізімдерді ұсынған саяси партияларға бұқаралық ақпарат құралдарында эфир уақытын, баспасөз бетінен орын беру туралы шарт талаптармен қандай да бір кандидатқа, партиялық тізімді ұсынған саяси партияға артықшылық туғызу – лауазымды адамдарға – отыз, заңды тұлғаларға елу айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
Міне, нақты осы заңдарды білмегендіктен те кейде БАҚ өкілдері біздің алдымызға кеңес сұрап келіп жатады.
«Бұдан соң елдегі ЖОО студенттері немесе мемлекеттік қызметшілер оларды сайлауға, қол жинау жұмысына және т.б. қатысуға мәжбүр ететіндігіне қоғам назарын аударуға тырысады (мысалы, студенттер мен мемлекеттік қызметкерлерді оқу орны немесе мекеме басшылығы бақылайды). Бұл заңды ма, мұндай жағдайларда мемлекеттік қызметшілер не істеу керек» деген сауалдар да жиі қойылады.
Бұған қатысты, жалпы, айтар болсақ, Қазақстан Республикасы азаматтарының конституциялық құқықтарын бұзатын кез-келген мәжбүрлеу, қысым, зорлық-зомбылық және басқа да әрекеттер әкімшілік және қылмыстық әрекеттерге жатады және Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарымен тыйым салынған. Азаматтар істерді қарау нәтижелері туралы, сондай-ақ жұмыс берушіге оларды тәртіптік жауапкершілікке тарту туралы жеке қаулылар шығаратын ҚР әкімшілік соттарына жүгіне алады. Азаматтар ҚР заңдарын нақты және біркелкі қолданылуын бақылайтын прокуратура органдарымен байланыса алады. ОСК және басқа да заңды мекемелерге жүгіне алады. Сондықтан, бұл арада халықты сайлауға мәжбүрлеп апару деген мәселе көтерілмеуі керек. Біз зайырлы мемлекет болғандықтан, әзірге елімізде мұндайға жол берілген де жоқ. Егер қандай да бір азамат сайлау барысында заңсыз әрекеттерге тап болса, аудандық, аумақтық немесе орталық сайлау комиссияларына және заңгерлерге жүгінуге болады.
Біз, заңгерлер осы бір тарихи жауапты сәтте сайлау науқанының барлық қатысушыларын қолданыстағы заң актілерін сөзсіз сақтауға, ал қандай да бір дау-жанжал туындап жатса, оларды заң жолымен шешуге болатындығын ашып айтқымыз келеді. Кәсіби заңгерлер палатасы ретінде өз әріптестерімізді заңгерлердің жоғары парызына лайықты болуға, құқықтық жүйені барынша нығайтуға үлес қосуға шақыратыны-мызды айтқым келеді. Дәрігерлерде бұлжымас бір қағида бар, ол – адам денсаулығына ешқашан зиян келтірмеу. Біз, заңгерлер қоғамға зиян келтірмеу қағидасын ұстанамыз. Қоғамның болашағын ойлауда, қоғам заңын одан әрі жетілдіруде жауапкершілік қажет. Қорыта айтқанда, Қазақстан Республикасының Президентін сайлау қолданыстағы Конституцияға және сайлау заңнамаларына сәйкес өткізілген жағдайда еліміздің ұзақ мерзімді, жүйелі және жан-жақты демократиялық дамуының басты көрінісі болатындығына толық сенеміз.
Бауыржан МАҚҰЛБАЕВ,
Алматы қаласының заң консультанттар палатасының төрағасы
qazaquni.kz