Қарағандыда 86 көпбалалы отбасыларға пәтер кілттері табыс етілді
2019 ж. 31 мамыр
2253
0
Қарағандыда 86 көп балалы отбасы қоныс тойын тойлайды. 30 мамыр күні қала әкімі Нұрлан Әубәкіров оларға пәтер кілттерін табыс етті, - деп хабарлайды "Қазақ үні" ақпарат агенттігі облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бұл пәтерлер Қарағандының Оңтүстік-Шығысында Байкен Әшімов атындағы жаңа шағын ауданда салынған үйлерде орналасқан. Болашақта мұнда қаланың әкімшілік-іскерлік және мәдени орталығы орналасатын болады. Жаңа шағын ауданда әлеуметтік және спорт нысандарының, гүлзарлардың, концерт залының, балалар мен жасөспірімдер сарайының және тағы басқа да көптеген нысандардың құрылысы жоспарланған.
- Қазір облыс орталығында 1500-ден астам көп балалы отбасы ретінде атаулы әлеуметтік көмек алуда, - деп атап өтті Қарағанды қаласының әкімі Нұрлан Әубәкіров. - 500-ге жуығы жол жүру жеңілдігімен қамтамасыз етілген. Көп балалы ата-аналарға балабақшаларда 50% жеңілдік қарастырылған. Сонымен қатар, олардың балалары спорттық секциялар мен үйірмелерде тегін айналыса алады. Ал жазда "Салют" лагерінде демалуға мүмкіндік жасалған.
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша көп балалы отбасыларға кешенді қолдау көрсетілуде. Естеріңізге сала кетейік, 1 мамырда 10 көп балалы отбасы пәтер кілтіне ие болды.
Қарағандыда мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй алуға 494 отбасы кезекте тұр.