ӘКІМДЕРГЕ ӘДЕПТІЛІК ЖЕТІСПЕЙДІ
2019 ж. 24 мамыр
3222
1
Ақмола облыстық Әдеп кеңесінде екі бірдей ауыл әкімінің тәртібі қаралды. Әкімдік қызметтегі екі әйел де ауыл тұрғындарына бейәдеп сөздер айтып, ақырында өз бастарына пәле тілеп алғандар.
Кеңес отырысында жылап тұрып кешірім сұраған Интернациональная ауылдық округінің әкімі Шәрбәт Рахманова телефон арқылы аузына келгенін айтып, тұрғынға сес көрсеткен. Мемлекеттік қызметкердің аузынан ақ ит кіріп, көк ит шыққанын естіген жұрт жағасын ұстаған болатын. Әдеп кеңесіне бейәдеп қылығы үшін шақырылған 28 жастағы Шәрбәт Рахманова ақталып бақты. Телефон арқылы айтылған сөздерін таспаға басып алған Валерий Рабченюктің өзін кінәлауға дейін барды. Бірақ, облыстық кеңес мұндай әдепсіздігі үшін ауыл әкімін кешірмеді. Есіл ауданы әкіміне Рахманованы қызметтен қуу туралы ұсыныс жасады. Ал Ақан Құрманов атындағы ауылдық округтің әкімі Алтынай Біләлова, тұрғындарға есеп беру кезінде «Аузыңды жап!» деп айғайлап берген. Осы сөзге өкпелеп қалған 80 адам мемлекеттік қызметкерге шағым түсірген. Ауыл әкімі бұл жолы сөгіс алып құтылды. «Аудан әкімдеріне сауал жолдауымыз керек. Қалай бұл, әкімдерді тағайындап жүр. Елдің жағдайын көтерудің орнына тұрғындардың шырқын бұзып отыр ғой. Мынау масқара ғой!» – дейді Ақмола облыстық аумақтық әдеп кеңесінің мүшесі Әлібек Баймағанбетов. Өз кезегімізде біз де бір кеңес бере кетелік. Осындай әдепсіздік болмас үшін барлық әкімдерді халықтың өзі сайлауы керек. Сонда олар тұрғындардың алдында жауапты болады.
qazaquni.kz