Желіде діни араздық тудырған байқоңырлық жауапқа тартылды
2019 ж. 22 мамыр
2575
0
Қызылордада әлеуметтік желі арқылы діни араздық туғызған байқоңырлық тұрғынды полицейлер ұстады,- деп хабарлайды Тengrinews.kz тілшісі облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"2018 жылы маусым айында Қызылорда облысының Полиция департаменті қызметкерлері интернетте мониторинг жүргізу барысында Байқоңыр қаласының 32 жастағы тұрғыны "В Контакте" әлеуметтік желісіндегі өз парақшасы арқылы деструктивті діни ағымның идеологтарының халық арасында діни алауыздықты қоздыруға бағытталған уағыздарын таратумен айналысқаны анықтады", - делінген хабарламада.
Осы дерек бойынша аталған азаматқа қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің "Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру" бойынша сотқа дейінгі тергеу шаралары басталған болатын.
2019 жылы 27 ақпанда Байқоңыр қалалық сотымен құқықбұзушы Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 174-бабы 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, 3 жылға бас бостандығы шектелді және пробациялық бақылауға алынды.