Қазыбек Иса. АЛАШТЫҢ АСТАНАСЫ АЛАШ ШЕРУІНЕ НЕГЕ ҚАРСЫ?!.
2019 ж. 20 мамыр
16656
19
«Бессмертный полк» шеруін белсене өткізген Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі «Ақ жол» партиясына «Алашқа тағзым» шеруін өткізуге рұқсатын берген жоқ!..
Ал ендеше бәріміз жабылып, ежіктеп тұрып, 3-ші бапты оқиық:
«Жиналыс,митинг, шеру,пикет немесе демонстрация өткiзу туралы өтiнiш оны өткiзудiң белгiленген датасынан кемiнде он күн бұрын жазбаша нысанда берiледi. Өтініште шараны өткізу мақсаты, нысаны, өткізілетін жері немесе қозғалыс маршруттары, оның басталатын және аяқталатын уақыты, қатысушылардың ықтимал саны, уәкілдердің (ұйымдастырушылардың) және қоғамдық тәртіптің сақталуына жауапты адамдардың тегі, аты, әкесінің аты, олардың тұратын және жұмыс істейтін (оқитын)жері, өтініштің берілген датасы көрсетіледі. Өтініштің берілген мерзімі оның республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның (облыстық маңызы барқаланың) жергілікті атқарушы органда тіркелген күнінен бастап есептеледі»
Ал «Ақ жолдың» өтініш берген хатында тайға таңба басқандай етіп, Қазақстанның мемлекеттік тілінде бұл талаптың бәрі айқын жазылған. (http://akzhol.kz/uploads/Scan13.pdf). Өтініш берген уақыты да 2019 жылдың 17 сәуірі. Ал Қоғамдық даму басқармасының басты назары Ресей тіліндегі жауаптарында болса керек, мемлекеттік тіліміздегі жауаптарында «Ақ жолдың» өтініш берген хатының датасын бір жыл кейінгі уақытты -2018 жылды жазып қойыпты…
Сонда бұл Нұр-Сұлтан қаласы Қоғамдық даму басқармасы басшысы П. Сәбитов бұл жауаптың жауапкершілігін сезіне біледі ме екен? Ол бұнымен тікелей бастығы, Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Каналимовты ғана алдамаса, басқа кімді алдамақшы?
Сталиннің «Бәрін кадр шешеді»-деген әйгілі сөзіндей, бұндай Қоғамдық даму басқармасының басшыларымен Қоғамымыз қалай дамиды?
Бұдан не қорытуға болады? Бұның бірнеше нұсқасын қарастырып көрейік:
А) Нұр-Сұлтан қаласы Қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары А.Сәбитов «Қазақстан Республикасында бейбiт жиналыстар, митингiлер, шерулер, пикеттер және демонстрациялар ұйымдастыру мен өткiзу тәртiбi туралы» заңының талабын тап басып орындаған «Ақ жол» партиясының өтініш хатын мүлде оқымаған;
Ә) Бұл аталмыш заңның 3-ші бабының талабын тап басып орындаған «Ақ жол» партиясының өтініш хатын қол астындағылар Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Бақыт Сұлтановқа көрсетпеген?
Ал біздің негізгі нұсқамыз – Тәуелсіз Қазақ Елінің ұлттық идеологиясына қарсы «Бессмертный полк» шеруін белсене өткізген Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі Алаш шеруінің өтуіне түбегейлі қарсы!
Кеше ғана жемісті жетпіс жасымен мемлекет басшысынан бастап, барлығымыз құттықтаған белгілі жазушы, көрнекті көсемсөзші Марат Байділдаұлының «Қазақ үнінде» жарияланған «Мәңгілік даңқ» – Мәңгілік ақымақтық» -деген жанайқайын түсінетіндер қалмаған ба билікте?!. Солтүстіктегі Тәуелсіздік алғанымызды 28 жылдың ішінде ұмытып қалған қалаларды былай қойғанда, Тәуелсіздік тірегі – Алаш астанасы Нұр-Сұлтан қаласында, Тәуелсіздік бесігі – Алматыда, қалың қазақтың қаласы деп жүрген Шымкент, Қызылорда, Тараз, Атырау, Ақтау қалаларында, тіпті Түгел Түркінің руxани ордасы Түркістан қаласына дейін жат пиғылдың жетегінде кетіп, «Бессмертный полк» шеруін дүбірлетіп өткізгендерін қалай түсінеміз?
Бұл кейінгі кезде «Президент кеңесшілері болып, ұлтшыл қазақтар барды» деп, алақайлап, аспанға атқан бөркімізді таппай қалғанымызды, басты қойшы, Басты Ұлттық идеологиямыздың жоқтығын білдірмей ме?!.
Тек Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалиннің оңды шешім қабылдап, «Бессмертный полк» шеруін өткізуден бас тартқанын баса айтып, ризашылығымызды білдіреміз.
АЛАШТЫҢ АСТАНАСЫ АЛАШ ШЕРУІНЕ ҚАРСЫ БОЛЫП ЖАТСА… ТӘУЕЛСІЗДІГІМІЗДІҢ ІРГЕСІ БЕРІК БОЛУЫНА кімдер үлгі болады?
Біз бәрібір 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін күні Алаш көсемдері Әлиxан, Аxмет, Міржақып, Мағжан, Жүсіпбек, Сұлтанбек, Смағұл, Әлімxандардың және осы астанамыз Нұр-Сұлтан қаласы бастаған солтүстік өлкесін ерлігімен түгел қорғап қалғаны үшін саяси қуғын-сүргінге ұшыраған Жұмабек Тәшенұлының портреттерін алып шығамыз шеруге!
Иә, Тәуелсіз Қазақ Еліне ескі империялық идеологиялырының «Бессмертный» екенін білдіретін теріс пиғылды шерудің тереңіне бойлай алмай, өздері толық танымайтындардың портреттерін бастарына шығарып, шеруді бастап шыққан «әкімдердей» емес, АЛАШ АРЫСТАРЫ портреттерін төбемізге көтеріп, кеудемізге басып шығамыз!
Біз Нұр-Сұлтан әкімдігі қанша жерден кедергі болса да, Алаштың астанасынан АЛЖИР саяси қуғын-сүргін қасірет мұражайына дейін АЛАШТЫҢ АҚ ЖОЛЫНА ШЫҒАМЫЗ!
Қазыбек ИСА,
«Ақ жол» партиясы төрағасының орынбасары
qazaquni.kz