Жас демократтар өмірді өзгерте ала ма? «Бұл ән – бұрынғы әннен өзгерек...»
2019 ж. 15 тамыз
1633
0
"Қазақ үні кітапханасынан"
Жылан жылының аяғында саясат сахнасына шыққан жас демократияшылдар Жылқы жылы мінез таныта бастады.
20-қаңтарда Алматы қаласында, «Сарыарқа» кинотеатрының артындағы шағын алаңқайда өткен «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысының митингісі осыны көрсетті. Халықтың көп жиналуына бұдан бір күн бұрын, 19-қаңтарда Демократиялық күштер жиналысына әр облыстан келген өкілдер әсер етсе керек. Дегенмен, бес мыңдай халықтың басым бөлігі алматылықтар екені белгілі.
Әкімдер сайлауы, билік бұтақтарының теңесуі, орталықсыздандыру, БАҚ-ты монополиясыздандыру мәселелерін көтерген екі күнгі жиыннан осыдан он жыл бұрынғы, 90 жылдарданы «Азат», «Алаш», «Желтоқсан» қозғалыстарының дәуірлеп тұрған кездеріндегідей көңіл-күй байқалады. Бір айырмашылығы – қазір ХХІ ғасырдың басы. Одан кейін «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек...» (Шәкәрім) деп отырғанымыздың басты себебі, жас демократтар әдеттегі оппозицияшылдар секілді биліктен аластатылған соң ғана айқайға басып, ұран көтерген жоқ. Олар биліктің өзінде бірі – вице-премьер, бірі облыс әкімі, бірі министр, енді бірі депутат болып жүріп-ақ өз үндерін білдірді. Өз таңдауларына Үкіметтегі лауазымды қызметтерін айырбастады. (Әлде солай болып шыға келді). Пікірлері Тоқаевпен тоқайласпағаны үшін ғана тоқпақтауға ұшырады деп ойлағанмен, мұның сыры айқындалып келеді.
Жас демократтар халықпен араласуды үйрене бастапты. Қаласын қаламасын, саясат оларға қазақ тілін үйрете бастағандай. Комунистер серкесі, Мәжіліс депутаты Серікболсын Әбділдинге «Қазақша сөйлеңіз» деген елдің ескертуінен кейін, мінбердегі шешендер әуелі қазақша амандасып алып, ізінше-ақ, Үкіметте үйренгендей, орыс тілінде зуылдап жатты.
Демократтар лидері – Болат ӘБІЛОВ!
Бүгінгі билікке оппозициямен санасуға тура келетін кез жақындап келе жатқан сияқты. Себебі, жас демократтардың қазіргі екпіні мен оларға деген елдің ерекше ықыласы осындай ойға жетелейді. Әсіресе, демократтардың алғашқы митингісінде басты рөлді атқарып жүрген экс-депутат Болат Әбіловті елдің екі көше жібермей, еріп келгені өздерін толғантқан сұрақтарды қарша боратқаны оны лидер ретінде даралай түсті. Болат Әбіловтің «Отан» партиясынан кеткен соң, Парламенттен де кетірілуі саяси бедел жинауда үлкен рөл атқарғаны мәлім. Әйтсе де, оған «Жарайсың, Болат!» деп жауап қатқан ықыласты сөздер арасында аз да болса, «Болат –мәңгүрт! Ана тілін білмейді» деген реніштер де бір топ жастар тарапынан айтылмай қалған жоқ. Бір қызығы бір күн бұрынғы оппозиция жиналысында да белгілі саясаткер Әміржан Қосановқа «Қосанов – сатқын» деп айқайлап жатқан жастарды көріп едік.Серіппе басқан сайын күшейеді немесе биліктің оппозициямен қатынасы қандай?
Біздің Үкіметтің оппозициямен немесе демократиялық күштермен ара қатынасы добалдау шығып жатады. Сондықтан, бадырайып көзге ұрып, ол қарсы жақтың пайдасына шешіле береді. Мысалы, митингі қызып жатқан кезде Төтенше жағдайлар жөніндегі комитеттің Әуезов аудандық төрағасы Жұмановтың «Бұл жерде жарылғыш зат бар» деген ақпар түсті, жиынды тоқтатыңдар» деген талабы отқа май құйғандай әсер етті. Мұны Болат Әбілов жиылған көпшілік талқысына салып, әдемі пайдалана білді. О бастан бұқараның «Жазықсыз жапа шеккен жандарға» бүйрегі бұрып тұратыны белгілі. Ал бұндай рөлді күшейтіп жіберетін тағы да сол билік орындарының біліксіз іс-әрекеттері. Демократиялық күштер жиналысына алдын-ала келісіліп, барлық билеттері сатып алынып қойған М.Әуезов атындағы драма театры жеме-жемге келгенде берілмегендіктен, жиынның цирк ғимаратында өткенінен ең алдымен Үкімет емес, оппозиция ұпай жинады. Олардың өздеріне көрсетіліп жатқан бұл қысымды әр сөздерінде сәтті пайдаланып, саяси бояуды қалыңдатуына жағдай жасап берді. Дегенмен, ең алғашқы демократтар бас қосқан француз королінің атқорасына қарағанда, дағарадай цирк үйінде жиын өткізген дұрыс та шығар. Бірақ, өз іштерінде де қырқысып жататын алауыз партияларға қарап, біздегі саясаттың өзі де цирктің аттарындай «айналмаға» ғана шауып үйренген ғой деген ой келеді. Себебі кеше, Ел тәуелсіздігінің жолында едәуір күрескен «азаттықтар» (Х.Қожа-Ахмет) мен «Аттан» (Амантай қажы) бүгін жиынға кіре алмай сыртта қалды. Әрине, ел арасында жас демократтар көрінісін саяси шоу ретінде бағалап бұдан биліктің де қолтаңбасы бар екені айтылып қалып жүр. Тек, сол ойын қызды-қыздымен отқа айналып кетпесін деңіз. Күдіктенушілер жас демократтардың Үкіметтен үлкен лауазымдар қайта ұсынылып жатса, бас тартпайтындығын қайта-қайта мәлімдеулеріне қарап, соны меңзейді. Өйткені, біз билікке де, осы ма мақсаттармен бірге барамыз дегенге өзің сенгенмен, ел сенбейді. «Жақияновтар қылмыстары әшкерелене бастаған соң, алдын ала байбалам салып, ресейлік олигархтардың әдісін пайдалануда» дегенді мәскеулік кей басылымдар батыл айтып жатыр. Олар «Бізге саяси көзқарасымыз үшін қысым жасалуда» дегенімен, қаржыға қатысты істеріне саяси реңк беруге ұмтылуда» дегенді қазақстандық газеттер де жаза бастады. Қандай жағдай болмасын, біздің бір білетініміз – демократияға қарай бір қадам жасалды. Ал оның қандай бағыт алып, жалғасымен нәтижесі қандай боларын уақыт көретеді. Бұған куә болатын сәт те алыс емес. Бүгін Елбасы республикалық кеңес өткізеді. Қоғамымызда соңғы кездері қалыптасқан саяси жағдайға осы басқосуда бір баға берілері анық. Қазыбек ИСА №03(66), 25 қаңтар, жұма, 2002 жыл. qazaquni.kz