АЛАУЫНА ТЕМІРДІҢ ТӨЗГЕН АДАМ ЖАЛАУЫНА ЕЛІМНІҢ БЕРІК БОЛАР
2019 ж. 15 тамыз
2055
0
"Қазақ үні кітапханасынан"
Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 6-шілдеде 61 жасқа толады. Қазақстан шын мәніндегі толыққанды Тәуелсіздік алғанда, ғасырлар бойы ата-бабаларымыздың асыл арманының орындалып, ешнәрсемен салыстыруға болмайтын тарихи жеңіс басында тұрудың өзі халық алдында толағай жауапкершілік жүктейтіні белгілі. Алпыс деген асуды артқа тастап, Тәуелсіздіктің 10 жылдығында бес мүшелге – бес белеске толып отырған Елбасы туралы ел не дейді?
Әрине, ең алдымен айтарымыз Қазақ елінің әлемге танылып, Тәуелсіздіктің көк туының көкке көтерілуі. Жетпіс жыл бойы жамандап келген «нарық жолына тәуекел деп түсіп, Тәуелсіздіктің туын бекемдеп, биіктете түсуі. Қазақ елінің ең бір «кеселді нүктесі» сайлау жүйесінің әлсіздігі болғанмен, оппозициялық күш буырқанып барып басылды. Қоғамдық пікір дәл бұрынғыдай біржақты hәм ащы емес... Сабасына түсушілер, ең алдымен еңбектің дәмін тартып, жекешенің жемісін жеп көре бастағандар. Мерзімінде алып отырған зейнетақысы мен бейнетақысы арқылы «беделді асыраушыға» айнала бастаған зейнеткерлер мен бюджет қызметкерлері. Экономикалық дағдарыстан шығудың белгілері анық білініп, қалықтың әл-ауқатының түзеле бастауы, болашаққа деген сенімнің оянуы – күпірлігінен шүкірлігі басымдардың басты тақырыбы. Екі ұлы держава – АҚШ пен Ресейдегі Президенттер ауысуынан соң, оппозиция тобы ойлағандай халықаралық аренада түседі деп күтілген Қазақстан беделінің шайқалмауы, қателіктері көп болғанымен жекешелендірудегі ілгерілеудің ізге түсе бастауы, ұлттар ынтымақтастығы т.б. айтып, дәлелдеп тұратын орта шаруа мен жұмысшының, қанағатшыл зиялылар қатарының көбейіп келе жатқанына үйрене бастадық. Кешегі Евразия идеясының бүгін іске асып, өмір сүре бастауы мен Шанхай бестігінің алтылыққа ұласып, ауқымын кеңейтуінде де Н.Ә.Назарбаевтың жетекшілік рөлі бар.
Әрине, кемшіліктер де аз емес. Жеріне жеткізіліп айтылып та жатыр. «Өтпелі кезең» неге өтіп кетпейді?» - деп өкпеден қысып, алқымнан алатын ағайындар да баршылық... Оппозиция өкілдері де, арлы зиялы да, Отан тағдырын ойлағанның бәрі үнсіз отырып қалып жатқан жоқ.
Тек барлығының нәтижесі – еліміздің еңсесін биіктетуге жеткізсін деңіз.
«Қазақстанды бабалар қан мен терін төгіп жете алмай армандап кеткен, Тәуелсіздікке жеткізіп, байлыққа толы жері қаншалықты кең болса, халқының мейірімі де соншалықты шексіздігін әлемге танытып, өркениетті елдер қатарына қосуға, оның болашағы мен қауіпсіздігі үшін бар қуатын жұмсап келе жатқан мемлекетіміздің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев. Халқы сайлаған Елбасы бұл дәрежеге ақ жейде киіп, галстук тағып келе салған жоқ. Ол ананың ақ сүтін еміп, әкенің тәрбиесіне шынығып, көненің көзін көрген әженің кәусар бұлағына қанып, туған жерінің махаббатын сезіп өскен. Ең бастысы – болат темірлерді балқытып, оның ыстық-суығына көніп, құрыштан қайнап шыққан азамат, – дейді астаналық заңгер Мейірхан Мейірманқұлов. Шардаралық шаруа қожалығы төрағасы Жұмабай Исымов Елбасының елді жиі аралауына сүйсінеді. Әрине, кейбір аудан түгіл ауыл әкімдерінің өзімен жолығу қиын болып жатқанда, бұл түсінерлік жағдай. Тек елдегі өкілдері Елбасыдан үлгі алсын деңіз.
Мемлекеттік басқару мен идеологияда әлемдік өлшемдерге қанша бой созғанмен, ұлттық негізге табан тірейтін көзіміз де жеткен секілді. Көкбөріден Көк туға дейінгі кезеңде жетістігімізден үйреніп, қателігімізден жирену ғана келешегімізді кемел етпек.
Жалпы айтқанда, «Жас қазақ үні» газетінің оқырмандары атынан Елбасымызды бес мүшелге толып, бес белеске шығуымен құттықтаймыз.
Жарауы да Жерімнің ерікті алар,
Қалауы да өмірдің келіп қалар...
Алауына темірдің төзген адам
Жалауына өлімнің берік болар, – дейміз.
Қазыбек ИСА
№25-26(36-37) 28 маусым, бейсенбі, 2001 жыл.
qazaquni.kz